«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Теміржол ауруханасының түйткілі шешіле ме?

0 211

Астанадағы Орталық теміржол ауруханасының жағдайы сын көтермейді. Осы емдеу мекемесі әбден ескіргендіктен, оның жұмысына көп шағым түседі. Сондай-ақ бас қалада хос­пис ашу мәселесі көптен бері шешілмей келе жатыр.

Кеше Астана қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында бұл туралы айтқан аталмыш кеңес төрағасы Сансызбай Есілов мұның жайын қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтан сұрады.
Басқарма басшысы теміржол ауруха­насының ғимараты ресми түрде апатты болып танылғанын жеткізе келе, бес жылға арналған Астананы дамыту жоспарында аурухананы сүріп, оның орнына жаңа корпустарды салу қарастырылғанын айтты.
«Жаңа корпустар 500-600 төсек орынға арналады деп жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жобаны мемлекеттік жеке әріптестік аясында іске асыру жоспарланды. Бірақ инвесторлардың белсенділігін шамалап барып мұның жайын шешеміз. Бұл мәселе бойынша жұмыс жүруде. Қала әкімі де бақылауына алды. Әзірге теміржол ауруханасын жауып, науқастарды басқа емдеу мекемелеріне тарату мүмкін болмай отыр. Басқа стационарларда емделушілердің саны шамадан тыс көп. Әр бесінші емделуші сырттан келіп, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі беріп жатқан мүмкіндікті пайдаланып, Астана ауруханаларын таңдайды. Бүгінге белгілі бір корпустарды ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылды» деді К.Надыров.
Астанада хоспис ашу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын қаланың бас дәрігері мойындады. Оның айтуынша, биыл қаладағы наркологиялық орталықтың бірнеше бөлмесі босатылып, онда 30 төсек орын қойылып, паллиативті көмек орталығы ашылды. Алайда бұл аз боп жатыр. Қазіргі таңда бірқатар инвестордың мемлекеттік жеке әріптестік аясында хос­пис ашуға жәрдемдесуге ниеті бар. Соның ішіне науқасқа үйінде қызмет көрсету де кіріп отыр. Бұл жобаны келесі жылдың алғашқы алты айында жүзеге асыру қарастырылып отыр.
Отырыста тағы бірнеше мәселе қаралды. Соның ішінде Астананың 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы қалалық Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов баяндады. Кеңес мүшелері бұл өзгерістерді мақұлдады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды