Теміржол ауруханасы жұмысын жалғастырады

0 16

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы күзде өткен Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте шаһардың денсаулық сақтау саласындағы екі түйткілді жедел шешуді тапсырды. Оның біріншісі дәрі-дәрмек алуға қатысты кредиторлық қарызды өтеу болса, екіншісі Орталық теміржол ауруханасы мен оның корпустарының апаттық жағдайына байланысты болды. Кеше қалалық мәслихатта «Депутат күні» аясында есеп берген Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова бұл мәселелер шешілгенін жеткізді.Тарқата айтқанда, қалалық онкология орталығы 2013-2016 жылдары мерзімі үшін «СК Фармация» ЖШС-іне 1,3 млрд теңге берешек болып қалған. Биылғы 10 желтоқсан күні қалалық Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасы республикалық бюджет есебінен бұл қарызды толығымен жапты.
Ал Орталық теміржол ауруханасы 2018 жылдың 14 мамырында ғана республикалық меншіктен қала әкімдігінің балансына берілген. 30 желтоқсан күні оның екі клиникалық корпусында жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 230 млн теңге бөлінген. Мұнда тәулік бойы емделуге арналған 225 төсек орын және күндізгі ем алу үшін Жеңіс даңғылы, 58 мекенжайында 50 төсек орын орналастырылады.
Жеңіс даңғылы, 81 мекенжайындағы корпуста жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатыр. Мұнда ауысымына 250 келушіге арналған емхана көшіріледі. Күндізгі емделуге нысанда 25 кереует орналастырылады. Апатты деп танылған үш корпус келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жабылады.
Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі екі жыл ішінде аталмыш ауруханаға медициналық құрал-жабдықтар мен техниканы сатып алуға 1,2 млрд теңге бөлген: 2018 жылы – 677 млн теңге, 2019 жылы – 473 млн теңге.
Орталық теміржол ауруханасы Сарыарқа ауданының 400 мың тұрғынына қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Бұл ауруханаға түсетін жүктемені азайту мақсатында 30 кереуетке арналған инсульт орталығын ашу туралы шешім шықты. Науқастар осында емделіп болған соң көпсалалы медициналық орталықта сауықтырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды