ТЕМІР ЖОЛДАҒЫ ТӘРТІП ҚАНДАЙ?

0 136

0_3a16f_825f666d_XL

Астанаға жыл сайын елу мыңнан аса адам қоныс аударады. Күн сайын келіп-кететін қонақтардың да қатары көп. Жолаушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қадағалауда Астана стансасының Ішкі істер желілік басқармасы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Бүгінде басқарманың қызмет көрсету аумағы 1198 шақырымды құрайды. Оған Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі, темір жол вокзалы және елорда маңайындағы бірнеше стансалардың құрылымдық бөлімшелері кіреді.
Астана стансасы Ішкі істер желілік басқармасының бастығы Ержан Са­паровтың айтуынша, қызмет көрсету аумағындағы криминогендік жағдай өткен жылдармен салыстырғанда көбейген. Мәселен, 2012 жылы бар­лық желілік бөлімдер бойынша 155 қылмыстық іс қозғалса, өткен жылы 217 іс тіркелген.
«2013 жылы ұрлықтың алдын алу және ашу мақсатында көлік полицейлері бірқатар іс-шаралар жүргізді. Десек те, бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғалары азаймай отыр. Айталық, ұрлау дерегі бойынша 131 оқиға тіркелді. Оның ішінде негізінен ұялы телефондарды, бағалы заттарды жымқыру жиілеп кетті» дейді ол.
Ұрлықтың түрі көп. Былтыр түрлі-түсті металдарды ұрлаудың 7 оқиғасы анықталыпты. Осы ретте теміржол вокзалындағы бейнебақылау камералары полиция қызметкерлері үшін таптырмас құралға айналған. Солар арқылы вокзалдың ішкі-сыртқы ахуалын қадағалап отыру өте тиімді әрі әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін уақтылы анықтап, алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Бүгінде оның саны 140-қа жеткен.
IMG_8685Астана вокзалында былтырдың өзінде жаңа бағытқа жүретін онға жуық пойыз іске қосылған. Тоғыз жолдың торабы арқылы тәулігіне 50 пойыз өтеді. Бұл өз кезегінде көлік сақшыларының кезектен тыс жұмыс істеуіне әкелуде. «Басқарма қызметкерлері шама-шарқынша бар мүмкіндікті пайдалана отырып, елордаға ат басын бұрған жұртшылықтың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қамтамасыз етуде. Жаңадан қосылған пойыздардың қатарында жекеменшік пойыздар да кездеседі. Олардың жолаушылар тасымалына қатысты ішкі өз ережелері бар. Бұл көлік полицейлерінің қызметіне едәуір кедергі келтіруде. Атап айтқанда, құқық қорғау орган­дарының іздеуінде жүрген адамдардың билетсіз немесе жеке меншік пойыз жолсеріктерімен келісіп мініп кетуі және тағы басқа жағдайлар істі қиын­датады. Әкімшілік немесе қыл­мыстық жазаға тартылған мұндай адамдар ке­лесі бір стансада ұсталған жағдайда жа­уапкершіліктің бір шеті астаналық кө­­лік полицейлеріне келіп тиеді. По­йыз ішінде полицейлердің қызметтік тек­серіс жүргізуіне көбінесе жеке меншік пойыздар қарсылық білдіреді. Ал, қандай да бір қылмыс бола қалған жағдайда олар айналып келіп, полиция өкіліне шағымданып жатады» дейді басқарма басшысы Е.Сапаров.
Жалпы, бір стансадан келесі стансаға дейін тәртіпті қадағалап бару үшін әр пойыздан арнайы екі орын көлік сақшы­ларына бөлінуі тиіс. Алайда, жеке меншік пойыздар бұған мән бермей, қайткенде де табыс табуды тәуір көреді.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды