ТЕМЕКІ ҚЫМБАТТАСА, ТАРТАТЫНДАР АЗАЯДЫ

0 130

Көп адам темекінің денсау­лыққа зиян екенін біле тұра одан бас тарта алмай жүр. Бұл – өмірдің шындығы. Әсіресе, темекі түтінінде екі жүздей әртүрлі зиянды заттардың барын, оның шамамен жүзі адам организміне жаман әсерін тигізетінін білетіндер жақын адамының темекіні тастағанын қалайды. Себебі, табактың ең улы компоненті болып табылатын никотин орталық жүйке жүйесін бұзып, қан тамырларының тарылуына, яғни, миокард инфарктісіне, инсультке және сал болып қалуға әкеліп соғады. Темекіні көп шегетін адамдар оны мүлде шекпейтіндермен салыстырғанда түрлі дертке, атап айтсақ, стенокардия, асқазан жарасы және ішек ауруларына жиірек шалдығады.


Жақында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі алкогольді жә­не темекі өнімдеріне ак­циздердің бағасы күрт көте­рілгенін мәлімдеді. Өз басым осы ұсынысты қуана құптаймын. Өйткені, темекі мен спиртті ішімдіктердің бағасы қымбаттаса, оны тұтынатындардың қатары азаяды деп ойлаймын.
Алкоголь мен сигарет акцизін ұлғайту Қазақстан үшін қажеттілік болып табылатыны белгілі. Мұндағы мәселе тек экономикаға ғана қатысты емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстан бір адамға шаққандағы спиртті ішімдікті ішу көрсеткіші бойынша әлемдегі алдыңғы отыз елдің қатарына кіреді екен. Сондықтан, азық-түлік бағасын қымбаттата бергенше, денсаулыққа зиянды темекі мен спиртті ішімдіктердің бағасын өсірген әлдеқайда тиімдірек әрі дұрыс деп есептеймін. Біз онсыз да аз халықпыз. Айдың-күннің аманында жол апатынан көз жұмып жатқан жандар қаншама. Енді қалған қазақты темекі мен арақтың жалмауына жол бермей, бағаны қымбаттатса, бәлкім оларды тұтынушылар қатары азаяр деген үміттемін.

Рүстем АЙҚЫНБАЕВ,
зейнеткер,
Ақмола облысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 7 =