«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Телефондағы «терроршы»

0 225

Жалған терроршылар көбейіп келеді. Жуырда, дәлірек айтсақ, 14 қарашада Астанадағы №22 мектепте болған төтенше оқиға жұрттың зәресін ұшырғаны рас. Ай-күннің аманында мектепке телефон соққан бір ер адам «Бүгін сағат 11-де мектепте бомба жарылады» деп хабарлаған.

Тұтқаны көтеріп, суыт хабарды естіген директордың орынбасары Вера Раздобреева жедел директорға, қалалық Білім беру басқармасына және «102»-ге телефон шалады. Бірнеше минуттарда ғимаратқа келген құтқарушылар 20 минутта 1806 адамды сыртқа шығарады. Мектеп басшылығы жоғары сынып оқушыларын үйлеріне қайтарады. Ал бастауыш сынып оқушылары ата-аналарын әкімдік жіберген арнайы автобуста күтті. Мұғалімдер ата-аналарды шошытпас үшін «мектепте оқу-жаттығулар жүріп жатыр» деген хабар жіберген. Алайда жарты сағаттан кейін «бомба жарылады» деген ақпараттың жалған екені расталды. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Бұл жолғы жалған терроршы 15 жастағы оқушы болып шықты. Ол мұндай әрекетке бұзақылық пиғылмен барған көрінеді. Полиция департаментінің қызметкерлері террорлық акті туралы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуге кірісті. Қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова бұл оқиғаны былай түсіндірді: «Жедел іздестіру шаралары барысында 15 жасар жасөспірім қолға түсті. Оның айтуынша, жедел әрекет ету жүйесін сынап көрмекші болған. Сондай-ақ, бұзақылық фактісі да қарастырылуда. Мұндай қылмыстарды анықтау мен ашуға бағытталған жаңа техникалық құралдардың көмегімен жалған терроршыларды анықтау мен қолға түсіру көп қиындық туғыз­байды».
Полицейлер мұндай қылмыс жасаған адамдардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Соның ішінде адам өлтіру, адам денсаулығына қасақана зиян келтіру, адам зорлау, бұзақылық, ұрлық, тонау, бопсалау, террорлық актісі, терроризм туралы жалған хабар тарату сияқты қылмыстары үшін балалар 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Егер де жалған терроршы баланың қылмысы дәлелденетін болса, ол 6 жылға түрмеге қамалады. Айтпақшы, 2018 жылдың басынан бері елордада мұндай 9 оқиға тіркеліпті. Соның ішінде 7-еуінің бет-бейнесі телефон шалғаннан кейін бір тәулік ішінде анықталып, тиісті жазасын алған.
Жұртты жалған ақпаратпен қор­қытамын деп бармағын шайнап, темір торға тоғытылғандардың тірлігі өзгелерге сабақ болса, қанеки!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды