«ТЕЛЕФОН ТЕРРОРИСТЕРІНЕ» АЯУШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

0 148

bd71a4be26308543fa71d9b2937d4374_XL

Жыл басынан бері Астана қаласы Ішкі істер департаментіне жарылғыш зат қойылғаны туралы 7 жалған хабарлама келіп түсті. Терроризм актісі болмағанын біле тұра, жұртты әуре-сарсаңға салған бұзақылар ізін суытпай анықталып, тиісті жазасын алуда.

Әлбетте, мұндай шұғыл, жайсыз  хабарлар анық-қанығына жеткенше, талайды тіксінтетіні  анық. Өйткені бір емес, жүздеген адамның өмірін сақтап қалу туралы тағдыршешті сәтте  жайбарақаттық  танытуға болмайды. Телефон тұтқасының арғы жағындағы  кісінің ойнап тұрғанын әлде шын мәнінде қоқан-лоқы жасап тұрғанын  бірден ажырату мүмкін емес. Алайда, Астана қаласының тәртіп сақшылары соңғы 2 жыл ішінде аталған қылмыс түрін  толықтай әшкерелеуге қол жеткізгенін айтады.

Мысалы, былтыр 16 қаңтарда №8 орта мектепте жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлаған «телефон террорисі» 20 жастағы жұмыссыз жүрген бозбала екені анықталды. Оқиға орнына арнайы құрам, ТЖ құтқару қызметі, жедел жәрдем, өртке қарсы қызмет, жедел тергеу тобы алып ұшып жеткен.

Кинологтар мен жарушы техниктер мектеп ғимаратын түгелдей тінтіп шықса да, ешқандай жарылғыш зат табылмады. Жедел-іздестіру шараларының барысында терроризм актісі туралы  хабарлаған жігіт  1993 жылы турған Жұмабек Қабденов болып шықты. Жауап алу барысында ол өз кінәсін толықтай мойындады. Тергеу нәтижесі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 242-бабы, 1- тармағы бойынша іс қозғалды. Ол текке дүрліктіру  нәтижесінде  мемлекетке 310 мың теңге шығын келтірген. Сот шешімі бойынша «ойнап жүріп, от басқан» жігіт 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сол секілді,  М.Садырбаев деген азамат  қоныс колониясына 6 ай жазасын өтеуге кесілді, бұдан бөлек одан 394 213 теңге көлемінде шығын өндірілді.

«Содырбаевтық» жасаған сот­қар жігіт 2013 жылы 20 мамырда, таңғы  сағат 07.00-де Конгресс-холл ғимаратында жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлаған. Елең-алаңда алашапқын болған елордалық полиция қызметкерлері екі сағат ішінде Жамбыл облысының тұрғыны, 1985 жылы туылған Мұрат Садырбаевты ұстайды.

Бір қызығы, мұндай  бұзақылыққа бұрымдылар да барады. Қарағандының тумасы, 1991 жылғы Ирина Блюмнің былтыр тамызда «Студенттер емханасы күл-талқан болады»деп  102 нөмірін жүрексінбей теруі ақыры аяғында өз басына   пәле боп жабысты. Жаза басқан «жалған террорист» 435 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Статистикаға сүйенсек, терроризм актісі жөніндегі жалған хабарламаларды  көп жағдайда есірткіге есірген немесе алкогольге мастанған, психологиялық ауытқуға  ұшыраған жасөспірімдер жасайды.

Алайда, ішінара жеке бас себептерімен (ұшаққа кешігу, бақталастарына немесе қарызгерлеріне келеңсіз жәйт тудыру, басшылыққа кектену, ренжіткен адамнан өш алу) немесе әшейін террористік қауіпке әрекет ету жүйесін тексеріп көруге әуестікпен жауапсыз қарекетке баратын жандар да кездесіп қалады.

Қаперіңізде ұстаңыз! Ішкі істер департаменті терроризм актісі жөнінде жалған хабар тарату қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қарсы қылмыс ретінде Қылмыстық кодекстің 242-бабы бойынша қудаланатынын ескертеді.  Қазір аталмыш бап барынша қатаңдатылды. Бұған дейін бап санкциясы 200-ден 500 АЕК көлеміндегі айыппұл салып, 1-2 жыл түзету жұмыстарын, 6 айлық тұтқындау не болмаса екі жылға жетпейтін мерзімге түрмеге тоғыту жазасын қарастырса,  енді қолға түскенді заң аямайды: сол көлемдегі айыпұл төлетеді  (890 мың теңге)  немесе жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу, алты жылға дейін бас бостандығын айыру жазасына кеседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − eight =