ТЕЛЕФОН АЛАЯҚТЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ БАР МА?

0 116

137172146

Бізге тұтынушы А.Ердановтан хат келіп түсті. Онда: «169» ақылы анықтамалық қызметі өз міндеттерін дұрыс атқармайды. Сонда біз оларға не үшін ақы төлейміз? Қазіргі кезде олардың қызметі телефондық алаяқтыққа ұқсайды. Белгілі бір анықтаманы алу мақсатымен «169»-ға хабарлассаң, олар алдымен қоңыраудың бағасы туралы ескертеді, одан кейін классикалық музыка қосылып, көптеген композицияларды тыңдап шығамыз. Ұзақ-сонар музыка жалғаса береді, бірақ қалаған қызметке қол жеткізе алмай қиналамыз. Себебі, оператор тұтқаны көтермейді. Ал егер көтеріп жатса, сұрағыңды тыңдап, күте тұруыңды сұрайды да, тұтқаны қоя салады. Ызаға булығып, екінші рет хабарласқанда дәл осы жағдай тағы қайталанады. Одан сайын ашуланасың. Бір сөзбен айтқанда, бұл кез келген адамның жүйкесіне кері әсер етеді. Тиісті шара қолдануларыңызды өтінемін» деп жазылған.

Тұтынушының жазғандарына көз жеткізу үшін біз «169» анықтамалық қызметіне хабарласып көрдім. Онда тілдерге көшу, ауа райы, валюта бағамы, мектептерде сабақтардың тоқтатылғаны туралы ақпаратты естідім. «Егер де оператормен сөйлескіңіз келсе, күте тұрыңыз» деген соң, күттім. Артынша, әлгі әңгіме тағы қайталанды. Одан кейін «171» ақылы анықтамалық қызметіне хабарластық, онда естігеніміз: «Сізді аймақаралық халықаралық анықтамалық қызметі қарсы алады» болды. Содан соң классикалық музыка қосылды. Оны тыңдап тұра беруге шыдамым жетпеген соң біраз үзіліс жасап, қайта хабарластым. Бәрі бәз баяғыдай қайталанды.

Осылайша, тұтынушы А.Ердановтың өтініші негізсіз емес екеніне көз жеткіздім. Расында да, осы «171», «169» анықтамалық қызметтері арқылы жедел анықтама алу мүмкін емес екен. Мұнда хабарласқан тұтынушының жүйкесі жұқарып, ақылы қызметтің сапасына күмән келтірері анық. Ал, бұл дегеніңіз, Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқын қорғау туралы» заңының 28-бабын бұзуға алып келеді. Онда «Сатушы (дайындаушы-орындаушы) тұтынушыға тауарды (жұмысты, қызметті) еркін таңдауға мүмкіндік беруі керектігі нақты жазылған. Тұтынушыны қажетті сапасыз, қажетсіз мөлшерде немесе қажетсіз сұрыптамасыз тауарға (жұмысқа, қызметке) ие болуға мәжбірлеуге тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің арнаулы бабы бойынша кәсіпкерлік қызметті өз басының жеке мақсатында пайдалануға болмайды. Шынымен де, біз осы қызметтер үшін «169»-ға 86 теңге, «171»-ге 190 теңге төлейміз. Өз әрекеттерімізді технологиялық мүмкіндіктермен уәждемелей отырып, тәжірибе негізінде қажетсіз ақпараттарды тыңдау үшін өміріміздің 3-4 минутын немесе 180-200 секундын жұмсаймыз. Қазақстан Республикасы Телекоммуникация және байланыс министрлігінің белгілі бұйрығында еліміз телефондық қоңыраулардың секундтық тарификациясына ауысқандығы жөнінде айтылған, яғни, абоненттердің күтілетін үнемдеулері 10-17 пайызды құрайды. Байқағанымыздай, Астана қаласында 212 мың абонент бар. Бүгінде Астана өсіп, дамып келеді. Соған сәйкес, абоненттер саны да жылдан жылға көбеюде. Тұрғындар саны бір миллионға дейін өсті. Тек соңғы жылдары 417 көшенің атауы өзгеріп, қайта аталған көшелердің саны 400-ге жетті. Бір сөзбен айтқанда, өзгерістерге шамамен бір мыңға жуық көше тап болды. Ескере кетейік, телефондық аппарат үшін абоненттік төлем бағасы 582,4 теңгеден 1006 теңгеге дейін көтерілді.

Жоғарыдағыдай шағымдар мен өтініштерге байланысты, біз «Әділет» тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамдастығында отырыс өткізіп, онда «КТ- Cloud Lab» ЖШС компаниясының жетекшісін тыңдадық. Тұтынушылар бұл қызметке хабарласқанда жарнамалық ақпараттарды тыңдауға қарсы. Олар сапалы әрі тез анықтама алу үшін анықтамалықтың жеңіл формасына қайта оралуды талап етті. Осылайша, біз жұмсалған 180-200 секундтың материалдық шығынын өтеуге арыз жазу мақсатында Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс министрлігіне өтініш білдірдік, яғни, Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқын қорғау туралы» заңының бұзылғандығы үшін кінәлінің жауапкершілікке тартылып, тәртіптік жауапкершілікке шақырылуын талап еттік. Шешімді БАҚ-та жарияладық, себебі, бұл мәселе әрбір тұтынушы үшін маңызды.

 Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,  

«Әділет» тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамдастығы басқармасының төрағасы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =