Тектінің тұяғы еді…

0 71

Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде Қазақстанның бас қазиы болған, көрнекті дін қайраткері Садуақас қажы Ғылманидың қызы, жақсының көзі, аяулы Үкіжан әжеміз 97 жасында дүниеден озды.

Садуақас атамыз – Ерейментау өңірінде туып, жасынан діни білім алып, кер заманда түрлі қуғын көрсе де, халыққа асыл дініміздің имандылық жолын нұсқап, «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап пен 110 мыңға жуық сөзден құралған «Арабша-қазақша» түсіндірме сөздігін құрап, ел аузынан жиған-терген құнды деректерді қамтыған көлемді еңбек жазды. Бүгінде елордада діндар атамыздың атында мешіт бар. Осындай текті тұлғаның тұяғы сегіз жасынан намазға жығылып, имандылық жолынан тайған емес. Өмірден өткенше әкесінің есімін ардақ тұтып, соның қалдырған мұрасына жанашыр болып, бірқатар еңбектерін жарыққа шығаруға мұрындық болды. Әжеміз де тіршілікте жасынан қуғын, аштық, соғысты көрсе де, барлығын шүкіршілікпен көтере білді.
Осыдан үш жыл бұрын «Астана ақшамында» Үкіжан әже туралы «Асылдың сынығы» деген мақала жазып, сонда ол кісімен жақынырақ таныстым. Әңгіме барысында әкесі туралы, өзінің өмір жолы жайында тебіреніп сөйледі. Сонда ол кісінің жасы 94-те болса да, сол оқиғалар кеше ғана өткендей жадында сақталып қалған. Кейін әжеміз жазған дүниеге риза болып, ұялы телефонмен жиі хабарласып тұрды. Соңғы рет биыл жаңа жылда өзі қоңырау шалып, мерекемен құттықтап, «Менің жасыма кел!» деп батасын берді.
Міне, сондай мейірімді Үкіжан әжеміз де «келместің кемесіне» мініпті. Асыл адамның жақын-туғандарына «Астана ақшамы» редакциясы атынан көңіл айтамыз. Жаныңыз жәннатта болсын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =