Тектілік

0 87

Жылдар жүгі зілбатпан. Арқаға бататыны бар, жай жауырын тоса салатыны бар. Әрқалай аманатын тағы қосыңыз. Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген Марат Ыбырайымханұлы, өткенін ойша безбендеп көрсе, осынша уақыт керуеніндегі соқпақтан басталып, даңғылға айналған дара жолының бір қарағанда иық шыдатпас ауыр міндеттеріне қалай ғана шыдас бергеніне өзі таң қалатындай. Әрине, жолаушы артына қарайламайды. Жетер жеріне бел жазбай барып қалғысы келетіндей. Үкілі үміт алға жетелейді. Соның жүрек жанитын алапат күші де алға сүріндірмей сүйрелейтін. Сосын өз тегіне біткен асыл қасиеттің бұлжымайтын жансерігіне айналғандығынан да болар, бәлкім. Баяғыда Оразғұл (Ожаң аталып кеткен) би атасынан «Ортама келген көше алмас, Ортамнан кеткен оңалмас» деген сөз қалған екен. Өзінің көктасына ұрпақтары қашап жаздыртқан. Оның астарында ғасырларға ұласқан өмір мәні ұйып тұр. Мараттың бойтұмары – осы қасиетті сөз! Тарихтың сан қатпарлы қолатындағы қарт қарауылдай Қарқаралы өңірінің тумасы Марат Ыбырайымханұлы Жүкібай – мағыналы өмірінің бел-белесін ақырын басып, аңдап сөйлеп, түгін аямай түртіне еңбек етіп бағындырған, ақылмен алға озған жанкешті адам. Мемлекеттік қызметтің ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты. Алматы жоғары партия мектебінде, Алматы саясаттану және басқару инс­титутында және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында ұстаздық етті. Бүгінде елордадағы Еуразия гуманитарлық институтының профессоры тәуелсіз мемлекетіміздің кадрларын даяр­лауға өлшеусіз үлес қосып жүр.
Әлбетте, қандай бір қыз­меттің де бағын ашарлық сипаттамалық үлгі-өнегелік алтын арқауы болады. Сол тұрғыда оған сұрақ қойсаңыз, аз сөйлеп, кеңінен пішетін, сырбаз мінезімен: «Қазақы мектеп қанымды қыздырып, ұлт қайнарынан сусындауымның арқасында болар, бәлкім, барлық жетістігімнің жиынтығы» деп Марат қою мұртының қос сүңгісінен сыр тамшылатқандай болады. Сосын сәл-пәл биязы жымиысынан: «Әсіре мадақ біздің текке жақпайды» дегендей байырғы мақамын сезіп, тежеле қоямыз. Мұнысынан «Батыр бабам Сеңкібай он жеті жасында өжеттігімен Бөгенбай баһадүрдің жоңғарларға қарсы жасағына кіріп, ерлік танытқанына сай болғанымыз абзал ғой» дегендей ұқсап бағудың мысалына жүгініп, тәуелсіз елінің тағы бір тетігі боларлықтай іс-қимылға құлшынысын аңғартып тастайтыны бар.
Құрдастары кейде өңі шырайлы, қимылы ширақ, жүзінен мейірім төгіліп тұратын Мараттың қандай қиын белесті бағындырса да асып-таспайтынын, орнықты, шешендік сөзімен талай беделді аудиторияларды баурап алатынын, соған орай тілеулестерін молынан жинайтын ғалымдық абзал болмысына таңдана қарап, оны пенделікпен әдейі «сүріндірмекке» ұмтылса да, табан жолынан сәл қисайта алса, қанеки. Сондайда бір әзілкеш Мараттың өз ата-бабаларының өсиетіне, аманатына адалдығын, қиын бір сәттерде немесе қызық-қуанышта да масайрап кетпеу қамымен үнемі әлгі жарықтықтардың ғибратты сөздерін төгіп-төгіп жіберетінін, міне, сол себепті де мұның жолы болғыштығын тізбелей келіп, «бұл афоризм Марат қой» деп маңайын ду күлкіге бөктіретіні бар. Жөнсіз ешкімнің қытығына тимейтін, шындықты аттағанның шыбыртқылы «несібесін» аямайтын, бос әжуаға уақыт түгеспейтін ол әлгі әзілді мойындағандай боп, дөңгелек жүзі шырайланып, тағы бір бабасының таңдамалы сөзін айтып тастағысы кеп, кеңірдегін жұтына бүлкілдетіп қояды. Сосын ішінен өз-өзіне разыланып, «тектілік белгісі – текті сөздер ғой» деп айт­қысы келеді де, тымпиып үнсіз қалады… Құрдастары да оның мінезін баққыш, құмбыл ғой, не айтпағын, дәл қазір не ойлағанын жайдары қабағынан аңғаратын секілді. Сөз тыйы­лады, іске көшеді. Мараттың тау жығардай ырқына өздері қалай бағына салғанын аңғармайтындай. Сөйтіп Мараттың еңбек әуеніне тартылып, бітпей жүрген шаруаларын жәукемдеп тас­тайды. Кейбір берекесіздер қасындағы құрдасынан ала қағаз – қартадан қол сұраса, көбісі Мараттан «алақан-сүйеліңді көрсетші» немесе «ми қатпарыңнан оқытшы» деп жалбырынады. Әнтек берілгендіктің әдемі әлемі де. Еңбекторысын әспеттеудің, ғылым қиясындағы тұлғаны мақтан тұтудың өзімсінген төте жолы секілді.
Тағдыр Мараттың еңбек соқпақтарын әрқиырдан бұйыртып, шарболаттай шынықтырыпты. Ақмолада шыңдалып экономист мамандығына төселсе, Теміртаудың металлургиялық комбинатында өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін «Елбасының үлгісімен өскен» жас маман ретінде зор сенімге ие болып жүрді. Ал Қазақ мемлекеттік университетін үздік тәмамдаған соң Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті, академик С.Бәйішевтің назарына ілігіп, осындағы он алты жыл бойғы сәтті жалғасқан ғылыми, ғылыми-ұйымдас­тыру және қоғамдық жұмысы былайғы өрлеу кезеңдерінің серпініне айналды.
Ұлы көш тәуелсіздіктің бесігі атанған Алматыдан Сарыарқаға ат басын тірегенде баяғы Ақмоласын әрең шырамытты. Құжынаған құрылыс алаңын аралап жүріп жас дәуреннің еңбекпен суарылған алуан сәттерін есіне түсірген. Есею жылдарының жампозындай болған ол бүгінгі елорданың келбетін дәл болжамдай алмағынмен, Елбасылық қолтаңбаның – жаңа Астана сәулетінің түбі әлемдік назарға ілігетінін түйсіне сезінгендей еді. Солай болды да… Енді Марат Ыбырайымханұлы бұл шаһарда жаңа ұйымдас­тырушылық қырынан танылып, қоғам қайраткерлігі дәрежесінде білгірлікпен мәселелер шешу өрісіне шығып еді. Ғалымдық көкжиегі кеңейді. Әсіресе, бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Жоғары Аттестациялық комиссияның гуманитарлық ғылымдар бөлімінің тұңғыш меңгерушісі және Парламент Сенаты аппаратының аға консультанты, сектор меңгерушісі болған жылдары молынан байқалды. Оның ұжыммен байыпты кеңесіп қабылдаған шешімдері күткендегідей қайтарымымен олжа салып жүрді. Кадр саясаты нығайып, әлеуметтік-экономикалық өрлеу тетіктерінің дәлдену механизмдері жетілдіріліп, көптеген көкейкесті мәселелер Елбасы қойған талаптарға сәйкес орнықты жүзеге асырылды. Жариялылыққа көңіл бөлінді. Марат Ыбырайымханұлының алқалы жиындарда жасаған баяндамалары жоғары деңгейде бағаланып, ортақ міндеттің жүгін жеңіл көтерісуге ықпал ететін. Себебі ғалымдық терең толғау, нарықтық кезеңнің даму жолдарын жіті саралау, бұқара көңіл-ауанын дөп басып тани білу, т.б. талғамды қадамдарда ол бай тәжірибесіне сүйене білуші еді. Кейбір қызметтік сарыла іздену сәттерінде баяғы ата-баба өсиеттеріне адалдықтың алтын кенін ойша саралап, от ауызды, орақ тілді тектілігіне бой ұмсынатын. Ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі осыдан-ақ аңғарылып жатар еді.
Сонау ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, ұрпақтар сабақтастығының беріктігіне айналған бұл текті әулеттің бір бағбаны Жүкібай атасы 103 жасында дүниеден өткен еді. Марат сол даналық тұнған ғазиз жүректің мейірімімен жарылқанып, шапағатына жанын жылытып өсті. Балалық шағында еңбекке төселдіріп, бозөкпені ыстық-суыққа әдейі салып қақтап, жетілдіріп жазғы демалыс­та қара қайыстай қып тырайтып тастайтын, сосын «еңбекке жаныңды салсаң, озасың, оқусыз қалма тозасың» деп өз әке-шешесінің меншігіне айдап жіберуші еді, жарықтық. Бір жолы, әй, балалық-ай, жолға шығарда атасынан кәдімгідей жазғы жұмысына еңбекақы дәметсін. Әрине, күлкіге булығып мәз болған қария табан ақының маңызын түсінсін дегендей, қимылын соза тартып әдейі тым-тырыс қалған. Әйтпесе, өзі де немересінің қалтасына мектепалды дайындығына бірдеңе салғалы тұрған-тын. Кейін өзге немерелеріне Мараттың осы шешімін күлкілі етіп айтып, «ақысыз еңбек етуге болмайды» дегендей үлкен кәсіптің бастауына қанат қомдатып, ұшырып салғандай разылық күй кешетін. Расында да, еңбек қатынасының дәмін жастайынан татып білгендей болғанынан шығар, оның былайғы ғылыми ізденістері өміршеңдігінен бір ажыраған жоқ. Мысалы, «Қазақ КСР қоғамдық өндірісінің қарқыны, құрылымы және тиімділігі», «Республикада өндірілген және пайдаланылған ұлттық табыс көлемінің арақатынасын талдау», «Қазақстанның экономикалық дамуы және буржуазиялық бұрмалаушыларды сынау», т.б. монографиялардың жеке бөлімдері мен тікелей толығынан өзі жазған еңбектері жоғары бағаланып өндірістік практикада, мамандар даярлауда, ғылыми-зерттеу салаларында, оқытушылық қызметте кеңінен пайдаланылуда.
Бүгінде атасынан қалған бір белгі Қасым Аманжолов ауылынан Сарыобалыға тікелей асатын жол бойындағы биік асу «Жүкібай қайқаңы» аталып кеткен. Халық сүйген құлына осылай мәңгілік сенімін арқалатқан екен. Мүмкін боп жатса, сол қайыңды қайқаңға барып, атасымен емен-жарқын ежіл-қожыл боп сырласып, көзінің жасын сығып, өмірге жаңа келгендей қуаттанып қайтатыны бар. Қайран да қайран текті тұлғалары-ай! Сіздерсіз бұлар қайдан келіп еді…
…Он бір құрсақ көтерген Гүлсім анасы төсек тартып жатып қалды. Маңынан айналсоқтап шыға алмай жүрген Ыбырайымхан ақсақал ұлдың үлкені Маратты оңашалап бірдеңе айтпақ еді, зайыбының қысылғанын сезіп, оның әбден саудыраған саусақтарын салалап отырып, мейірім төге солыңқы жүзіне үңіліп: «63 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Қош!» деп кемсеңдегенде, жарықтықтың кеудесі көтеріле беріп сылқ басылды да, үзіліп кете барды… Осы қаралы күннен бір жарым жылдан соң әкесінің өзі сыйлас-сүйенішінің соңынан аттанып кеткен… Әкесі мектеп ұстазы болса, шешесі өмір ұстазы атанып, өнегелі ұрпақ жайды. Әлі есінде, бес жасар кезі. Соғыс мүгедегі әкесін 1945 жылдың мамырында Қарқаралыға кіреберістегі «қарала көпірде» алдына ат-арба тосып қарсы алды ауыл адамдары. Бұл әке құшағына кірмек боп қос балдақтың тіренішіне басын соғып алса да, аяғына қуаныштан қалшылдап әрең тұрған әкесінің бетінен секіріп ұмтылып әрең сүйген. Әкесінің көлкілдеген көз жасын ұрттағандай болған. «Жеңіс! Жеңіс!» деп атойлады тұрғандар майдангерді қаумалап. Марат та «Жеңіс әкем келді!» деп санын шапалақтап жүр. Есін білмейтін екі жасында соғысқа кеткен Ыбырайымхан әкесімен үш жылдан кейін табысқан ол есімін шатастырып алғанын қайдан білсін… «Бірақ «Жеңіс» әкеміз болмаса, осындай күйге жетер ме едік!» деп әзілдеп қоятыны бар Мараттың.
1981 жылдан бастап жоғары оқу орындарында доцент, кафедра меңгерушісі, декан болған Марат Ыбырайымханұлы өмірінің келелі бір кезеңі Қазақстанда жоғары экономикалық білімді дамытумен тығыз байланыста өтуде. Бұл салада ол азаматтық үлкен парасаттылығымен, оқу процесін ұйымдастырудағы біліктілігімен, өмір алға тартқан проблемаларды зерттеп, оның шешімін таба білудегі шеберлігімен әріптестерінің, тыңдаушылар мен студенттердің шынайы құрметіне бөленді. Ал Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайыновтың жетекшілігімен бүгіндері атқарып жүрген қыз­меті де өскелең талаптарға сай жемісті жалғасуда. Ол – жүз жиырмадан астам ғылыми-монография, оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың және ғылыми мақалалардың авторы. Әсіресе, әр жылдары қайталап басылған «Экономикалық теория» оқулығы зор сұранысқа ие.
Марат кейде баладай әсерленгіш. «Анамның ақ тоқашын сағындым» деп зайыбы Рахилашқа жымың ете қалса, ол жайлап орнынан тұра береді… Табаға көмілген баяғының ыссы дәмі жұпар иісімен үй ішін сәтте алып кеткендей сезінген Марат тектілердің келіні, ұл-қыз өсіріп, немерелер қызығын еселеген жан жарына мейір­лене қарайды. Өмір неткен тәтті еді… Тоқтықта да нан иісіне не жетуші еді… Әне, қайран анасы ақ тоқаштан аузына бір үзіп салғандай болып кетті-ау! Кісі сексенінде де анасын сәбише еміреніп сағынады екен-ау! Ана сүтімен, әке қанымен жалғасатын тектіліктің бір мысалы да бұл. Осы сәтте арғы бөлмеден «ақ тоқаш, ақ тоқаш» деп, нәті танауы сезді білем, бір немересі атып шығып, ас үйдегі әжесінің аяғына оратыла кетті. Асыл тектілік осылайша жалғаса беретін шығар…

Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,

Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 18 =