ТЕКТI ҰЯНЫҢ ТҮЛЕГI

0 189


Алты алаштың ардағына айналған Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлiмхан Ермеков секiлдi тұғыры биiк тұлғалар Қарағандының Ақтоғайында туған. Бұл өңiр өнер майталмандарына да кенде емес. Айтар болсақ, күллi қазақтың мақтанышына айналған Күләш Байсейiтова, Манарбек Ержанов, Әсет Найманбаев, ақиық ақын Нарманбет Орманбетұлының да кiндiк қаны Ақтоғай топырағына тамған. Бiз бүгiн осы қасиеттi өнер ұясынан түлеп ұшқан тағы бiр талант, театр және кино актерi Кеңес Нұрланов туралы әңгiме өрбiтпекпiз.

Ойнаған рөлдерi: М.Әуезовтiң «Айман-Шолпанында» – Қортық Шал, «Қарагөзде» – Нарша, «Еңлiк-Кебекте» – Кебек, «Абайда» – Әбдiрахман, Ғ.Мүсiреповтiң «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қозы, соңғы қойылымда -Қодар, М.Мақатаевтың «Қош махаббатында» – Қасым, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» – Ганефельд, С.Мұқановтың «Мөлдiр махаббатында» – Бүркiт, Р.Мұқанованың «Мәңгiлiк бала бейнесiнде» – Құмар, Қ.Гоццидiң «Турандот ханшайымында» – Калаф, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуында»- Ахмет, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесiнде» – Момын шал, Ә.Нүрпейiсовтiң «Қан мен терiнде» – Құдайменде, О.Бөкейдiң «Құлыным менiңде» – Қаражан, М.Шахановтың «Көкейтестiсiнде» – Шоқан, М.Әуезовтiң «Абайында» – Керiм, А.Цагарелидiң «Гамарджобасында» – Акоп, Э.Хушвақтовтың «Қызыл алмасында» – Оразбай, И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағында» – Амадей, М.Фриштiң «Дон-Жуанның думанында» – Дон Диего, Қ.Жүнiсовтiң «Махаббат мелодрамасында» – Әмiр.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегерi Кеңес Әзiмханұлы Нұрланов Т.Жүргенов атындағы Өнер институтын тәмамдаған соң, жолдамамен Ғ.Мүсiрепов атындағы Жастар мен жасөспiрiмдер театрына қабылданады.
Атақты режиссер Райымбек Сейiтметов басқарып тұрған бұл шақ театрдағы өзгеше өрлеу кезеңi едi. Бағы жанған шығармашылық ұжымда еңбектене жүрiп, өзiнiң қабiлет-қарымын шыңдады. Алдыңғы буын ағалары Мәкiл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжековтiң iзiн басып, өнегесiн үйренiп, қалаған кәсiбiнiң қыр-сырына қанықты. Кеңес көзге бiрден түстi. Өйткенi, театрға келiсiмен оған басты рөлдер сенiп тап-сырылды. Алғаш «Дариға-жүрек» спектаклiндегi Мұқағалидың жас кезiн бейнеледi. Режиссерлары Райымбек Сейiтметов пен Нұрғанат Жақыпбаевтың ағалық қамқорлығын көп көрген ол бар күшiн кейiпкерiнiң бейнесiн ашуға жұмсады. Осы рөлi сәттi шыққан сүйiктi кейiпкерлерiнiң бiрiне айналды. Сахнада аға буын әрiптестерiмен жұмыс жасады. Олардан да тәлiм алды. Солардың арқасында актер ретiнде қалыптасып, бiр әртiстiң арман еткен лирикалық кейiпкерлерiнiң денiн сомдап шықты. Сахнада бағы жанған, түр-тұлғасы ерекше, ойнау әсерi бөлек әртiс атанды. Осындағы күн-түн демей, толассыз iзденуiнiң арқасында 1996 жылы Жастар одағы сыйлығының иегерi атанды. Көрерменнiң ыстық ықыласына бөленiп, көптен күткен қымбат марапатқа көңiл шаттанды, шабыты тасыды. Сахнадағы он үш жылдық еңбегiнiң өнерсүйер қауым тарапынан шынайы бағалануы едi – бұл.
Қазақ мемлекеттiк академиялық Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына ауысқанда да көптеген мықты рөлдердi сомдады. Онда Әзiрбайжан Мәм-бетов, Қайрат Сүгiрбеков, Болат Атабаев, Әубәкiр Рахимовтың қойылымдарында негiзгi образдарды бейнеледi. Кебек, Қозы-Көрпеш, Абайдың жас күнi, «Абайда» Әбдiрахманды, «Мөлдiр махаббатта» Бүркiттi, «Қаракөзде» Наршаны және тағы басқа көптеген жағымды кейiпкерлердiң образын көрермен жүрегiне жеткiзе бiлдi. Осы жағынан белгiлi журналист Бауыржан Омаровтың «Жағымды кейiпкер» атты мақа-ласының кейiпкерi атанғаны да бар. Кiлең жағымды рөлдердi сомдаған, сегiз қырдың бiр қырынан ғана танылған әртiстi кереғар кейiпкер бейнесiне енуге алғаш ұсыныс бiлдiрген осы М.Әуезов атындағы театрдың режиссерi Есмұқан Обаев болды. Бұл ұсынысқа не дерiн бiлмеген әртiс бастапқыда қатты жүрексiнедi. Тiптi, бас тартсам ба деген iшкi оймен арпа-лысып, түбiнде оны бүгiп қалады да, неде болса ойнап шығуға белдi бекем буады. Қортық шалды ойнауға барын салды. Ақырында «Айман-Шолпан» спектаклiндегi көркем бейнесi тұтас ашылған кейiпкердiң бiрi осы Қортық шал болып шықты. Бұған бейненi сомдаған Кеңес қаншалық-ты қуанса, режиссерi Е.Обаев одан да артық қуанды. Сол Қортық шалдың арқасында басқа планнан көрiнуге мүмкiндiк туды. Осыдан кейiн көптеген кереғар кейiпкерлердi сомдау сенiп тапсырылатын болды. Гогольдiң «Ревизорында» Свистуновты, Гауптманның «Ымырттағы махабба-тындағы» Ганефельдтi, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттiк академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ә.Нұрпейiсовтiң «Қан мен терiнде» Құдайменде болысты, О.Бөкеевтiң «Құлыным менiң» пьеса-сында Қаражан бейнесiн, «Абай» драмасындағы Керiмдi және көптеген тағы да басқа осы тектес рөлдердi ойнап шықты. Әлi де ойнап жүр. 2006 жылы араға тағы да он үш жылды салып Елбасының тағайындауымен «Ерен еңбегi үшiн» медалiне ие болды.
Беделдi әртiстiң туған үйiндей болып кеткен М.Әуезов атындағы драма театрынан кетем деген ой үш ұйықтаса түсiне де кiрмеген. Алайда тағдыр талайы Астанаға ауысуды бұйырыпты. Әуезов театрымен қимай қоштасты. Сол кездегi елорда әкiмдiгiнiң ұсынысымен тәуекелге бел буып, рухани ортаны толтырып, жаңадан қалыптасып келе жатқан жас театрдың табалдырығын аттады. Қара шаңырақты тастап шығу қаншалықты қиын болса, жаңа ортаға келiп сiңiсiп кету де оңайға соқпады. Небiр жан қинайтын күйбеңнен тынымсыз талпынысы, сахнадағы кейiпкерлерiне деген сүйiспеншiлiгi алып шықты. Әлi де берерi мол, әлеуетi кемелденген К.Нұрланов ойнайтын басты рөлдерiм алдымда деген үмiтiн үкiлейдi.
Оның бүкiл тыныс-тiршiлiгi театрмен етене жақын болса да, кешегi КСРО тұсында көптеген киноларға түскен. Сол заманда өзiнiң театрда да, кинода да жарық жұлдыз екенiн танытты. «Батыр Баянда» Ноян, «Жансебiлде» Мұқатай, «Айдай сұлу Айсұлуда» Жақсыгелдi сияқты танымал рөлдердi бейнеледi. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кино саласын тұралатып кеттi. Соңғы кезде Еркiн Рақышевтiң «Жетiмдер» фильмiндегi балалардың әкесiнiң, «Алып қашу операциясында» қыздың әкесiнiң, «Мотоциклдегi адам» фильмiнде Сапардың рөлдерiн сомдаған, жақында ғана танысты-рылымы өткен «Қарсы бақылау» фильмiне де түскен. Одан да бөлек көркем фильмдерге түсiп жүр. Бiрақ өз өмiрiн де, өнерiн де тек театрмен тығыз байланыстыратын Кеңес ердiң жасы елуге келген қуанышын келер жылдың еншiсiндегi сахнадағы отыз жылдығымен қат-қабат атап өтудi ойластырып жүр. Өйткенi, ол үшiн өмiрден де қымбат өнерi әрдайым алғашқы тұғырда қала бермек.

Шынар ӘБIЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =