ТЕКСЕРУДІҢ ДЕ ТӘРТІБІ БАР

0 104

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының Қазақстан заңдарының талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін тексеруді тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тартуы кәсіпкерлердің конституциялық құқылары мен еркіндіктерін қорғаудың пәрменді шарасына айналды. Мұның өзі жеке кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіру әрекеттерінің алдын алып, заңдылықтың сақталуына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға көмектесетіні сөзсіз.

Тексерістердің ашықтығын қам­тама­сыз етіп, кәсіпкерлік субъек­тілерінің құқын қорғауға, про­курорлық бақылаудың тиімділігін арттырып, шаруашылық жүргізу ісіне жөнсіз араласудың жолын кесуге бағытталған оңғабыл шаралардың бірі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет қолға алған «Бизнес тірегі» жобасы болып табылады.

Бұл үшін ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің сайтына (http:// service. рravstat.kz) орналастырылған ақпараттық қыз­меттің «Бизнес тірегі» тарауындағы тиісті жолаққа тексеруді тағайындау туралы актінің 14 таңбалы тіркеу нөмірін енгізіп, сол арқылы актіні тіркеудің шынайылығын, органның атауын, тексерістің арқауы мен кезе­ңін, сондай-ақ, тексеруші тұлғаның деректерін анықтауға болады.

Бұған қоса, кәсіпкер осы жерде өзін тексеруге келген органның тексеру парақшасымен және тексерісті жүргізудің тәртібі, тексеретін де, тексерілетін де тараптардың құқы­лары мен міндеттері жазылған жаднамамен таныса алады.

Тексеріс туралы тап осындай ақпаратты «1012» қысқа нөміріне SMS арқылы тіркеу нөмірін жолдап немесе ҚР БП Call-орталығына телефон шалып (республика бойынша бірегей 115 нөмірі), шұғыл түрде алу­ға болады.

Жобаның маңызды міндеті кәсіп­керге тексерушілердің тексеріс бары­сында құқық бұзушылыққа жол бергендігін хабарлауға мүмкіндік беру болып саналады.

Мұндай құқық бұзушылық дерегіне аумақтық прокуратура жанынан құ­рылған «ұтқыр топтар» дереу көңіл аударады да, шұғыл түрде оқиға орнына барып, кәсіпкер құқына араша түседі.

Ұтқыр топтар Бас прокурордың нұсқауы бойынша құрылған, олардың құрамына аумақтық прокуратураның, аталған комитет басқармаларының қызметкерлері, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктері мен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.
Кәсіпкерлер прокурорларға шағым­данудан тайсақтамауға тиіс, өйткені, ұтқыр топтар қандай жағдайда да жәрдем сұраған кәсіпкерлердің еркіне қарсы әрекет жасамайды.

Құқық бұзушылықты уақытылы анықтап, жолын кесу мақсатында аталған комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасы тексеру та­ғайын­дау туралы актілерді тіркеуді арнаулы құқықтық-нормативтік актілерге сәйкесті түрде жүргізіп келеді. Сондықтан да, кәсіпкерлердің құқылары мен еркіндігін қорғау жөнінде прокуратура органдары жүргізіп келе жатқан сындарлы жұ­мыстар ауқымы осы саладағы тәртіп бұзушылық деңгейін едәуір төмендетуге тікелей әсерін тигізуде деп айтуға толық негіз бар.

Ерлан ЕСКЕНОВ,
ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасы бөлімінің аға прокуроры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 16 =