Тексеру рейдтері тұрақты жүргізіледі

0 38

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен «Астана – адалдық алаңы» жобасының соңғы жеті айда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған кеңес өтті.

Кеңеске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева, жоба жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Мирас ­Шекенов, аудан әкімдерінің кеңесшілері, қалалық басқарма басшылары қатысты.
Жиын барысында ашық бюджеттердің интерактивті картасын өзекті ету, дәрі-дәрмектердің бағасы бойынша дәріханаларға жүргізілген мониторинг нәтижелері, ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасының мониторингі, қаладағы рұқсат етілмеген қоқыс орындары секілді бірқатар мәселе талқыланды. Сондай-ақ басқарма басшыларының «Сапалы жол» жобасы аясында жол құрылысы кезінде уәкілетті органдардың заң бұзушылықтарды жою жөніндегі баяндамалары тыңдалды.
Мәслихат депутаты Мирас Шекенов дәріханалардың мониторинг нәтижелері мен «Астана – адалдық алаңы» жобасы менеджерлерінің гуманитарлық көмек жеткізу бойынша жүргізген жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Шілде айының басынан бастап жұмыс топтары Парламент Мәжілісінің және қалалық мәслихат депутаттарымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерімен, Та­уарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Жастар және ішкі саясат басқармасы өкілдерімен, еріктілермен, құқық қорғау органдарының, аудандық әкімдіктердің өкілдерімен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, күнделікті рейдтер жүргізеді.
«Бүгінгі таңда 50-ге тарта дәріхана тексерілді, онда дәрі-дәрмектердің бағасын көтерген 16 дерек, жеке тұлғалардың дәрі-дәрмектерді сатуы және басқа да бірқатар құқық бұзушылықтар анықталып, оған қатыс­ты тиісті шаралар қабылданды» деді Мирас Шекенов.
Кеңесті қорытындылаған Бақтияр Мәкен қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандарына, оның ішінде ашық бюджеттердің интерактивті картасы шеңберінде тұрақты негізде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ оқу орындары мен балабақшалардың жаңа оқу жылына да­йындығын қадағалайтын мониторинг жүргізіп, аудан тұрғындары мен кеңесшілердің жұмысын жандандыру жүктелді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − four =