Текетірес

0 126

news_20140605022336_700

Қазір әлем жұртшылығы қызуы күшейіп отырған Украинадағы саяси дағдарысқа елеңдеп, сәт сайын құлақ түріп отырғаны анық. Бітімгершілікке айырықша үміт артқандар табылғанымен, осы қадам кейбіреулерге онша ұнамайтын да сыңайлар байқалып қалып жатыр. Дегенмен, ресми Киев көптеген жайларды ой елегінен өткізіп, таразылайтын сәт туған сияқты.

Минск меморандумынан кейін Украинаның жоғарғы Радасы өздерін-өздері «халық республикасы» деп жариялаған облыстардың бірқатар аудандарына айырықша мәртебе беріп, рақымшылық туралы заң қабылдады. Алайда, бітімгершілік жарияланған аймақтар мен шекарада  жекелеген атыс-шабыс әлі де тоқтамай тұр. Әсіресе, Донецк әуежайы маңындағы үш бейбіт тұрғынның оққа ұшуы кеудені кернеген өшпенділіктің таяу уақытта басыла қоймайтынын анық аңғартады. Ал, ЕҚЫҰ Еуропалық сыртқы саясат қызметінің директоры Гуннар Вигандтың айтуынша, Ресей өз әскерін Украина жерінен толық алып кетпей, елдің оңтүстік шығысында Минск қаулысының түпкілікті орындала қоюы екіталай.

Жүректерді жылытатын  бір жайт, қантөгістен бас сауғалап, босып кеткен тұрғындар қазір туған мекендеріне қайтып орала бастады. Олардың көпшілігі алдағы желтоқсан айында кезектен тыс өтетін сайлауға айырықша үміт артуда. Бұған себеп – Петр Порошенконың  АҚШ Конгресі палаталарының біріккен отырысында сөйлеген сөзі.   Онда Украина президенті «өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында бейбітшілік сүйгіш украин халқының рухы жасуы мүмкін емес. Қайта олар елде  әділеттілік үстемдік  құруы үшін күресе береді.  Ал, мен президент ретінде туған халқымды қашан да қолдайтын боламын» деген болатын.

Кремль қожайындарынан қатты көңілі қалған П.Порошенко АҚШ-тан НАТО-дан тыс Украинаға айырықша қауіпсіздік мәртебесін беріп, Ресейге қарсы санкцияларды бұрынғыдан да күшейтуді сұрады.

Санкциялар демекші, бұған дейін «Сбербанк»  пен мұнай өндірісін жаңа технологиямен қамтамасыз ететін «Ростекке», тағы басқа да стратегиялық  маңызы бар нысандарға санкциялар салынған болатын. Тіпті, кейбір мәліметтерге қарағанда, осы тыйым салулардың салдарынан орыс экономикасына айтарлықтай нұқсан келіп, жалпы ішкі өнімнің өсімі  тоқтап қалуда.  Осылай қауіпті саясат жалғаса берсе,  жылдың аяғына дейін мемлекет жүз миллиард доллар шығынға батуы мүмкін деген болжам  айтады мамандар.

Кейінгі кезде «аспан асты елінің» орыстарға бүйрегі бұра бастағандай сыңай байқалады. Қытай Кремль қожайындарына қомақты несиелер бере бастады. Соған қарамастан батыстық сарапшылар  Ресей экономикасы алдағы жылдары рецессияға кетеді деген болжамдар жасауда.

Сөйтіп, Мәскеудің көрші елді бөлшектеуге бағытталған саясаты өзіне үлкен зауал болып тигелі тұр. Қанша бүркемелегенмен, Украина дағдарысына Ресейдің ашықтан-ашық араласып, әскер кіргізгенін Батыс дәлелдеп берді.

Бұдан  елу миллионнан астам халқы бар ел экономикасына орасан зор шығын келді. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, Мариуполь, Донецк, Луганск қалаларында 1970 нысанның күлі көкке ұшып, 1230 жеке үй, 659 ғимарат, 178 кеңсе айтарлықтай бүлінген.

Осыларды алға тартқан Ақ үйдегілердің ашуы әлі басылмай отыр. Өз кезегінде Кремль де қарап қалып жатқан жоқ. АҚШ пен Батыс елдеріне эмбарголар жариялады. Бірақ, оған пысқырып жатқан қарсыластар байқалмайды. Өйтпегенде ше, ішкі жалпы өнім көлемі он жеті триллионға жеткен елдер үшін орыс елі басшыларының бұл әрекеті «суға кеткен тал қармайдының» кебін келтіріп тұр.  Қайта осы эмбарголардың салдарынан  қарапайым халық зардап шегуде. Мәселен, Мәскеу мен Санкт-Петербургте азық-түлік бағасы қырық-елу пайызға дейін қымбаттап кетсе, Қиыр Шығыс облыстарда күнделікті тұтынатын өнімдер мен заттарға баға 70-80 пайызға дейін көтерілген.

Қызуқандылықпен нақты ойланбай істелген қадамдардың қате екендігін енді түсіне бастаған Мәскеу аттың басын басқа бағытқа бұрып, босап қалған нарықтың орнын толтыру үшін Бразилия, Аргентина, Қытай, Түркия сияқты елдерге иек артуда. Әрине, олар бас тартып отырған жоқ. Сәтті мүмкіндікті кім уысынан шығарғысы келеді дейсіз. Дегенмен, бірнеше ондаған  жылдар бойы біртіндеп тартылған қарым-қатынас желісі бірден үзілгенде, оны басқа елдердің әп-сәтте жалғап алып кетуі оңай бола қоя ма? Ресейдің ішкі нарығындағы осы қиындықтар бағаның аспандап кетуіне әкеліп соқтырды.

Енді «Батыс елдерінің осы салып жатқан санкцияларының Қазақстанға әсері бола ма?» деген мәселе кім-кімді де алаңдатады. Ресей – біздің ірі сауда әріптесіміз. Қазақстанға келетін тауарлардың отыз алты пайызы – осы елдің өнімдері. Ал, біздің ел олардың нарығына тек тоғыз пайыз ғана өнімін экспорттайды.

Кейбір экономист мамандардың пікірінше, жоғарыдағы  алпауыттардың арасындағы текетірестің Қазақстанға тікелей әсері болмайды. Тек біз оңтайлы сәтті тиімді  пайдаланып,  өз экономикамызды нығайтуға күш салуымыз қажет-ақ.

Ал, саясаттанушы Қанат Нұров  әлемнің көптеген елдерімен дербес экономикалық қарым-қатынаста болғандықтан, мемлекетімізге Батыс елдерінің санкцияларынан тікелей еш қауіп жоқ. Алайда,  Еуразиялық одақ мүшесі ретінде Ресейдің ұстанатын экономикалық саясаты бізге де жанама әсер етуі мүмкін деп  алаңдайтынын жасырмайды.

Алдағы уақытта да Батыс елдері мен АҚШ, Жапония Ресейге қарсы санкцияларды күшейтпесе, азайтатын түрі байқалмайды. Ашық күш көрсетуге бата алмағанымен, олар Кремль басшыларын осындай жолмен алқымынан алып, тынысын тарылтуға ұмтылуда. Осы тықырды сезінген елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Қысым жасау арқылы Ресейдің Украинаға қарсы ұстанымы мен көзқарасын өзгертеміз» деу түбірімен қате. Біздің ұстанған жолымыз дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені,  біз бәрінен бұрын Украина халқының мүддесін көздеп отырмыз. Әрине, біз мұндай жағдайдың орын алғандығына алаңдаушылық білдіреміз. Дегенмен, қорқытып, үркіту бізді алған бағытымыздан қайтара алмайды» деп мәлімдеді.

Ал, АҚШ президенті Барак Обама болса, «Украинадағы шиеленіс – тарихтың ақиқат беті» дей келіп, әлемді Ресей басқыншылығына қарсы күш біріктіруге шақырды. Ол өз одақтастарымен бірге ол елде демократия мен экономиканы дамытуға қашан да қолдау көрсететіндігін  баса айтты.

Қайткен күнде де,  бізге қажеті – тыныштық. Алып көршілер тату болса, ұйқымыз да қанық болады. Сол үшін де Елбасы Минск кездесуіне араағайындық жасап, екі тарапты салиқалы парасаттылыққа шақырды. Дей тұрғанмен, Путин мен Порошенконың арасындағы салқындық әзірге жылымайтын сияқты. Өйткені, бітімгершілікке келе тұрып, Украина президенті: «Түпкі мақсатымыз Қырымды кері қайтару» деген сөзді биік мінберлерден бірнеше рет қайталады. Ал, Қырымды қайтару Путин үшін өліммен тең. Анық байқалып қалғанындай, кейінгі кезде Кремль қожайынының жүні біраз жығылып қалды. Өйткені, Путин тактикалық тұрғыда біраз жетістіктерге жеткенімен, стратегиялық тұрғыдан тізгіннің Украина жаққа қарай ауып бара жатқанын сезе бастады.

 Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + thirteen =