«ТЕК ЕРКЕЛЕТЕДІ…»

0 136

«…Келісімімді ағаң беріп қойыпты. Өзім бұрынырақ естісем, ат-тонымды ала қашар едім. Өйткені, сөзге шорқақпын ғой» деп, күліп қарсы алды апай. Дөңгелек жүзді, жұқа өңді, көзілдірікті ақсары әйел. Қолында отағасының сырты қара кітабы бар. Расында, әңгімеге шорқақ. Бәзбір бұрымдылардай сусылдап тұрған жоқ. Бұл – «Құтмекен», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Көңілдің көк дөнені», «Батқан күннің бояуы» сынды кітаптарымен таныс қаламгер Әлібек Асқаровтың үйіндегі жеңгей. Есімі – Зәйгүл. 

«Біз де сыбаға жеуге лайық жігіттер едік»

Жазушы шаңырағын неге жағаладық?.. Ел алдында жүрген Әлекеңді қырық жылға жуық уақыттан бері бір жастықта басы түйіскен жарынан артық кім біледі? Содан кейін ғой, Зәйгүл апайды мазалағанымыз.

Алдымен, отанасы жөнінде аз-кем әңгімелесек. Жаңа айттық, көп сөйлемейді. Көмейінен сөз түсіру арланның азуынан бағлан қозыны арашалағаннан қиын. Тек ерінің қамына жаратылған нәзік жандай. Әйел біткен осындай-ақ болсын дегізеді! Құдай қосқан қосағын жарын патшадай көретіні ісінен де, сөзінен де байқалып тұр.

Осы Зәйгүл жеңгеміз ғой, ілгеріде, астана Арқаға көшкен жылдары біздің газеттің есеп-қисап бөлімінде қызмет етіпті. Онда журналист-жазушы Дидахмет Әшімхан «Ас­­та­­на ақшамының» бас редак­то­­ры­­ның бірінші орынбасары. Журна­­листиканың басқа да бірқатар са­­қа жігіттері осы басылымда. Бәрі «бой­­­дақ». Өйткені, жаңа елордаға әйел, бала-шағаларын әлі көшіріп әке­­ле қоймаған. Бәрі пәтер жалдап тұ­­рады.

Бірде Дидахмет аға Алматыға жол жүрмек болады. Оны естіген Зәйгүл жеңешеміз сол кісінің жолазығы деп бір дорба ет асып әкеледі ғой. Дидекең редакциядағы жігіттермен әңгіме соғып отырып, «Ойбуй, мен жолға шығуым керек екен ғой. Қалдым, ойбай, қалдым пойыздан» деп, апыл-ғұпыл аттанып кетеді. Бір уақытта Зәкең келеді. «Дидахмет қайда?» «Кетіп қалды». «Ой, мен ет асып әкеліп едім, ағаларыңның сыбағасы сендерге бұйырған екен, жей қойыңдар» деп, редакциядағы жігіттердің алдына қоя салыпты. Сонда Талғат Батырхан ет жеп отырып «Тәте, біз де өз алдымызға сыбаға жеуге лайық жігіттер едік қой» деп қалады қарап отырмай. Бұл әзілге пәлендей мән береді деп ойлаған ба? Зәйгүл апай ертеңгісін тағы бір табақ ет асып, алып келіпті…

«Кішкене суретім кеудесінен түспейтін»

Апайдан Әлекеңмен алғашқы таныстығы төңірегінде сыр суыртпақтадық. «Жүрген жері көңілді болатын» дейді. Сұлу Зәйгүлді жаулап алған Әлібектің осы мінезі болса керек. «Менің кішкене суретім бар еді. Соны кеудесіне төсбелгі секілді тағып алатын. Мұны маған деген ыстық сезімінің бір айғағы деп түсіндім». Міне, қалам иесі сезімге адал келеді. Жүрегі қалағанын құлай сүйеді. Алтайдың оғланы аруын қолына солай қондырған екен…

Соңғы кездері қаламымен әйел бейнесін келістіріп сомдап жүрген жазушының жарынан «Әлекеңнің шығармаларынан өзіңізді кездестірмейсіз бе?» деп сұрадық. «Мен Әлібектің қай туындысының болмасын, алғашқы оқырманымын. «Әйел парасатының» кейбір тұстарынан өзімді көрем. Мәселен, «Қалжан мен Ләзизада» менің мінездерім бар» дейді апай.

Бір қызығы, Зәйгүл «Әйел парасаты» кітабы жарыққа шыққанша, мұқабасына тұңғыш немерелері Ақерке екеуінің суретін қойғанын білмепті. «Алпыс жасқа толғанымда әкеліп бір-ақ көрсетті. Шамасы, қарсы болатынымды білді ғой деймін» деп, сықылықтай күледі.

«Қайран, Оралхан аға!..»

«Сауытбекпен, Дидахметпен, Мәриямен, Кәдірбек ағамен студент кезімізден араласамыз. 1975 жылы үйленіп, Алматыға келгеннен Оралхан ағаның отбасымен араластық» деп, Әлекеңнің ортасы жөнінде әңгімеге көшті апай. Оралхан Бөкейдің де көңілді, жайдары жан болғанын есіне алды. Отбасылық ескі альбомды ақтарып отырғанда, «Алтайдың кербұғысы» атанған қаламгердің суреті көзімізге көп шалынды. «Мынау теледидар көріп отырғанда, мынау таудың етегінде серуен құрып жүргенде түскен ағаларыңмен. Ал, мынау жұмыс бабында…» деп таныстырады отанасы.

«Қайран, Оралхан аға, табал­дырық­тан аттағанда дастар­ханның мол жайылып тұрғанын ұнататын еді. Әсіресе, кішкене балаларды көре қалса, ел­жі­рей кететін. Тұңғышымыздың есімін Ің­кәр деп қойған да сол кісі болатын. Енді босанып, перзентханада жат­қанымда, тілдей қағазға жазып жі­бе­ріпті, «Сәбидің есімін осылай қояр­­сыңдар» деп». Ағасы жайлы са­­ғы­нышпен сыр ақтарған апай Айман жеңгесінің тұңғышына кіндік шеше болғанын жеткізді. «Оралхан сол жылдары «Жалын» журналында істейтін. «Іңкәр» тақырыбымен шығармасы да жарық көргені есімде» дейді.

Семейдегі сауда техникумын бі­тір­ген­ Зәйгүл апай Оралхан Бөкейдің үйіне жақын мекемелердің бірінде жұ­мыс істейді. Айман жеңгесі жиі соғып тұ­рады екен. «Мамыр айы болса керек, қолында конфет толы қорабы бар, келді. «Мынаны кіндік балама апарып берші» деді. Жүзі сынық, реңі біртүрлі. Жағдайын сұрадым. «Ағаларың Қырымға демалуға кетіп еді» деп қысқа қайырды. Маған қоштасқандай әсер қалдырды сонда… Арада екі-үш күн өтпей қаралы хабар жетті ғой». Осыны айтқан апай бір сәт терең ойға ерік берген…
Жазуда күй талғамайды

Қалам ұстағандардың көбісі тыныштықты қалайды, күй талғайды. Ал, Әлібек ағаға бәрібір көрінеді. Ең бастысы, бала-шағасы қасында болса, болғаны. Жаңа заманның жазушыларындай, компьютерге де телмірмейді екен. Алдымен, кәдімгі қаламға жүгінеді, қағазға түсіреді. «Біраз жыл пәтер жалдап жүрдік қой. Сонда алдына кішкене үстелді қоя салатын да жаза беретін. Балалардың улап-шулағаны, менің отбасы шаруасымен ары-бері жүргенім оның мазасын алмайтын, ойын бөлмейтін» деген жазушы жары сөзін жалғай берді: «1985 жылы үй алдық. Ол уақытта жазушыларды одақ демалыс орындарына жіберіп тұратын. Бірде сондай бір демалысқа кететін болды. Жолына бес-алты ай дайындалдық. Бірақ, сол кеткенінен келгені тез болды. «Ол жақта жаза алмайды екенмін» деп, үйде отырып жазды шығармаларының көбін».

…Бөлменің төрт қабырғасы кітаппен қаланып тұр. Отанасының айтуынша, Әлекеңнің кітабы бес мыңнан асып жығылады екен. «Біразы Алматыда, көшіп-қонып жүргенде қалды, шашылды. Кітапханаларға өткіздік. Айлық жалақысын алған сайын кітап сатып алады, жүрген жерінен жинайтын дүниесі – кітап». Қамығып емес, қуанып әңгімелеп отыр. «Немерем Ақерке кітапқұмар. Атасының кітапханасынан Абайдың қарасөздерін, өлеңдерін оқиды. Бірнәрселерді жазған болады. Елге барғанда баланың сезімінен туған шумақтарын «Алтайым – алтын бесігім» деген атпен кітапша қылып шығардық» дейді сосын. Балалары да, немерелері де қазақша оқыпты, білім алыпты. Бұл да бір шешімін тосқан жеке мәселе бүгінде. Өйткені, аузын айға білеген бірқатар қаламгерлердің ұрпағы қазақша білмейтіні бүкпесіз шындық.

«Неге балаларға ұрыспайсың?»

Кеңес заманында шыққан «Огонек» деген журнал бала Әлібектің сүйікті басылымы болса керек. Журналға шыққан суреттерді қиып жинауды хоббиіне айналдырған көрінеді сонда. Бір бумасы әлі күнге сақтаулы. Жазушының сол еңбекқорлығы бүгін де бойында. «Шаруақорлығының арқасында ғой осы биікке шыққаны. Бос уақыты болмайды, жаза береді. Ептеп үй шаруасына араласады. Алайда, өзім көп нәрсені айта бергім келмейді» дейді апай.

Әлекеңді қарауында қызмет еткендер оның қаталдығын сөз етіп жататынын құлағымыз шалған. Сөйтсек, отағасы өз үйінде өте жайлы екен. «Не маған, не балаларға дауыс көтергенін естімеппін. Бір-бірімізге қатты сөйлеп көрмеппіз. Кейде кейимін ғой «Неге балаларға ұрыспайсың?» деп. Тек еркелетеді».

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =