Технологиялық трансферт

0 226

«Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінде бұл бағытта біршама ілгерілеу бар

Әбдікәрім ЗЕЙНУЛЛИН, «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор:

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің инновациялық тұрғыда да­муы­ның маңыздылығын қашан да қайталап айтады. Тіпті, 2020 жылға таман Қазақстан инновациялық типте жұмыс жасайтын мем­лекет ретінде қалыптасуы тиіс деген нақты стратегиялық міндет те қойды. Бұл тұрғыда Президентіміздің жиі айтатын сыны – ғылымды қаржыландыру өскенмен, біраз жыл кенжелеп алған технологиялық инновация өз жемісін баяу беруде.

Олай болатын себебі, еліміздің ірі кә­сіп­орындары нарықтық қатынастардың қалыптасу жыл­­дарында негізінен қаржылық басқару мен мар­­кетингтің жаңа жүйесін игерумен болды. Нарықтық реформалар ғылымға да өзгерістер әкеліп, ғалымдарға өздерінің зерттемелерін пайдаға асыруға мүмкіндік ашылды. Алайда, зияткерлік меншіктің жаңа нарығының «ойын ережесін» жете түсінбегендіктен, біздерде технологиялық ізденістер өнеркәсіптік сектордың сұраныс-талабын ескерместен, ескі сүрлеумен жүре берді.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздің шетелдік әріптестеріміз тек ғылыми-зерттеу институтында тәжірибелік тексерістен өткен, бірақ өндірістік игеру кезеңіне өтпеген технологияны «нарықтық тұтыну өнімі» деп есептемейді. Яғни, іс жүзінде біздің технология жасаушыларымыздың көпшілігінің ұсынғандары нарық қажетіне жарамайды. Қазір тек табыс табуға мүмкіндік беретін технологияны жүзеге асырған дұрыс.

Қазақстанда интеллектуалдық меншікті ком­­мер­­циялық тұрғыда қолданудың ең кеңінен тараған тәсілі – тапсырыс арқылы ғылыми-зерттеу тәжірибелік конструкторлық жұмыстар орындау. Бұл – кеңес заманынан келе жатқан коммерциализация формасы.

Біздің ойымызша, нарықтық экономикаға көшсек те, осы ескі тәсілден айнымай келе жатуымыздың ең басты себебі – біздің елімізде іргелі және қолданбалы зерттеулердің негізінде жасалған технологияны жоғары дайындық деңгейіне жеткізуге, яғни, оның технологиялық регламентін, техникалық-экономикалық негізде­ме­­сін дайындауға, пилоттық қондырғысы, мо­­делі мен үлгісін жасауға жеткілікті қаржы бөлінбей келеді.

Салаға жүргізілген реформалар, әсіресе, соң­ғы жылдардағысы, Қазақстан ғылымын тұралап қалған жерінен қозғап, ары қарай дамуына мүмкіндік ашты. Негізгілерін айтар болсақ, ғылымды басқару орталықсыздандырылды, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру жүйесі өзгерді.

Алайда бір ескере кетерлігі, зерттеу жұмыс­та­­рының басым бөлігін заңдық мәртебесі бар, өз алдарына дербес шешім шығара алатындай зертханалар мен ғылыми орталықтар атқаратын Батыс ғылымымен салыстырғанда, отандық ғылыми мекемелер әлі де мемлекеттік кәсіпорын ретінде қызмет етеді.

«Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ын құру тәжірибесі жеке заңдық формадағы ғылыми мекеменің бизнеспен арадағы ықпалдастықты, қарым-қатынасты дамытуда мүмкіндік аясы кеңірек екенін көрсетті. Өйткені, екеуі де тең терезелі нарық қатысушысы.

Құрылғанына көп бола қоймаса да, холдинг пен оған еншілес кәсіпорындар бұл тұрғыда біраз тәжірибе жинады. Жер туралы ғылым­­дар, металлургия жә­не кен байыту ор­­талығы, Физика-тех­­никалық инс­­ти­­тут, Қ.Сәтбаев атындағы Геоло­гия­­лық ғы­лым­дар­­ инс­титуты, У.Ахмед­­са­­фин атындағы Гид­рогеология және геоэкология институты, География институты және тағы да басқа еншілес мекемелер кәсіпорындар мен жеке ұйымдардың тапсырысы бойынша ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындап келеді. Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсу үшін холдинг жанынан Технологияларды коммерция-ландыру орталығы құрылды.

Алайда, ғылыми-зерт­теу, тәжірибелік-конст­рук­торлық жұмыстарды қар­­жы­­лан­­дыруға жеке секторды тартудың тетіктерін таппай, сала кең тыныс алмайды. Өйткені, соңғы 2-3 жылда ғылымды қаржыландыру мемлекет тарабынан едәуір артса да, қаржының қаттығы көп нәрсеге қолбайлау боп отыр.

Ондай тетіктердің бірі – ғылым саласындағы мемлекет пен жекенің серіктестігі. Оның оңтайлы жүзеге асыру жолдарын ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды жасаған кезде қарастыруға болады.

Ол бағыттағы жұ­мыстар там-тұмдап басталып та кетті. Ғылым және білім ми­нист­рлігінің бас­та­­­масымен елі­міз­дің кәсіп­орын­дарына қажет, әрі қаржыландыру көзі табылған бірнеше жоба мен бағдарлама қолға алынды.

Атап айтсақ, «Парасат» холдингі респуб­ли­каның түрлі өңірінде бизнес ортадан стра­­те­­гия­­лық серіктес тапқан бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр.
Қарағандыда Физика-техникалық институт ғалымдарының зерттемесі негізінде «Кенжер» ЖШС-імен бірлесіп, қожынан тазарта отырып, силан алудың соны технологиясы қоса қарастырылған металлургиялық кремний өндірісінің негізі қаланды.

Астанада «Led system» ЖШС-імен ынты­мақ­таса отырып, жартылай өткізгіш жарық диодтарынан жарықтандыру құралдарын шығаратын тәжірибелік өндіріс жолға қойылып жатыр.

Өскемен қаласында «Ерлитос» ЖШС-імен бірлесе отырып, GMP стандартына сәйкес монтмориллонит табиғи минералынан биологиялық белсенді қоспалар мен «Тагансорбент» дәрісін шығару бағы­­тындағы тә­жі­­ри­­бе­­лік жоба тұ­са­­уын кесті.

Сондай-ақ, Орал қа­­­­ла­сын­­да Батыс Қа­­зақ­­­­стан аг­­ра­р­­­­­­лық-техникалық уни­­вер­­си­­те­­ті­­мен­ бірлесіп ашылған тұйық суда бекіре өсі­­ріп, қара уылдырық пен тауарлы бекіре етін өндіретін балық шаруашылығы кешені де болашақта кәсіпкерлердің қызы­ғушылығын тудыруы тиіс.

Бүгінгі таңда «Парасат» холдингі одан әрі коммерцияландыру мақсатында стартап компаниялар құрып, инвесторлардың назарын аударуға тырысуда.

Өйткені, жеке инвесторлар болашағы бұлыңғыр инновациялық жобаларға тәуекел етіп, қаржы құюға аса құлық танытпайды. Мемлекеттік қолдау осы жерде, яғни ғылыми зерттемені өндіріске енгізетіндей, жеке секторды өзіне тартатындай дайындықтың жоғары дәрежесіне жеткізуге керек.

Ол қызметті мемлекет атынан «Парасат» холдингі жүргізіп отыр. Қазіргі таңда холдинг сегіз толық циклды ғылыми-техникалық бағдарламаны айқындады. Ол бағдарламалар бойынша зерттеліп, жасалынып жатқан технологиялардың ішінен коммерцияландыру мүмкіндігі жоғарылары іріктеліп алынады да, стратегиялық серіктестер, инвес­торлар ізделеді. Оны нақты өн­діріске ұластыру мақсатында «Парасат» холдингі және «Тех­нологиялық даму жө­­ніндегі ұлттық агент­­тік» АҚ-ның құрыл­­тай­­шылығымен вен­­чур­­лық қор құрылды. Қор мемлекеттің қа­­­­­ты­­суынсыз-ақ бо­­­­­лашағы бар тех­но­­логияларды ком­­мер­­цияландыруға ал­­ғаш­­қы кезеңінен бастап қолайлы жағдай жасау­мен шұғылданады.
Сонымен қатар, холдинг жанынан «Қазақстанның жаңа технологиялар биржасы» веб-порталы құрылды. Ол арқылы он­лайн ре­жи­мін­де кәсіпорындар технологиялық сұраныстарын, ал өнер­тап­­қыш­тар тех­­­­но­­ло­­гиялық ұсынысын ортаға салады. Порталда, сондай-ақ, инноваторлар мен жеке секторға пайдалы мәліметтер базасы, қазақстандық және халықаралық технологиялық трансферт жүйелерінің мәліметі жарияланып отырады.

«Парасат» холдингы өз кезегінде порталға түскен ұсыныстарды сараптай отырып, сұ­ра­нысқа сай технология немесе дайын тех­­но­­ло­­гия­­ға тұтынушы іздеумен айналысады.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + seven =