Технологиялар тетігін тапсақ

0 126

Елбасы Жолдауында жастарға, соның ішінде білім мәселесіне әдеттегідей кеңінен тоқталып өткені белгілі. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз» деп атап өтті. Расында да, мұндай технологиялар ғасырында оған бейім болу – заман талабы. 

Қазіргі қазақ қоғамындағы жас­тардың IT (ақпараттық технология) саласына қызығушылығын, бейімділігін байқауға болады. Кейін­гі толқын өкілдері аға буын тарапынан қолдау-қолпаштаусыз-ақ нәтижелі жұмыстар жасап жүр. Атап айтар болсам, Тимур Бектұр есімді азамат «IT-тірлік» атты салалық онлайн-журналын ашты. Садық Шерімбек деген заман­дасымыздың Black & white командасымен «Қазақ хандығы» компьютер ойынын жасап жатқанын естіп жа­тырмыз. Мұның бәрі, әрине, қуантады.

Расында да, ХХІ ғасыр – технология ғасыры. Елбасы Жолдауында: «Бізге, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек.

«ЭКСПО-2017» бұл процеске сер­пін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс» деді. Осы орайда, жастардың мамандық таңдау мәселесінде біршама ойлануы керек деген пікірдемін. Байқалатыны, қазіргі кезде гуманитарлық сала мен техникалық мамандықтар арасында тепе-теңдік орнап келе жатқан сияқты. Менің ойымша, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін екі бағыт та керек. Жастары жан-жақты жетіліп, әрқилы салада жетістіктерге ұмтылған қоғам ғана алға өрлейді.

Өз басым электр энергетикасы мамандығы бойынша білім алу­дамын. Менің ойымша, бұл – сұра­нысы жоғары мамандық. Өйткені, еліміздегі көптеген электр желілері, қондырғылары, жабдықтары ескірген. Оларды ауыстыру, тек ауыстырып қана қоймай, шет елдің жаңа қондырғыларын, технологияларын орнату үлкен біліктілікті қажет етеді. Осы орайда, біздің саладағы студенттердің білімін шет елдерде жоғарылату мүмкіндіктерін көбейтсе екен деген тілегім бар. Бұл мамандықта еліміздің энергетикалық деңгейін жоғарылатып, сапасын арттырып, баламалы энергетика көздерін оңтайлы пайдаланудың жолдарын іздестіріп жүрген студенттер жоқ емес. Алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесі осы саладағы талапты жастарды қолдаудың бір жолына айналады деп сенемін.

Рахат ҒИЗАТОЛЛА,
«Алтын орда» зияткерлік жастар клубының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − two =