ТЕГІН ТҮЗЕУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

0 186

Бахытжамал БАЗАРБАЕВА, Есіл аудандық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінің басшысы:

– Қайырлы күн, Бахытжамал Абылайқызы! Менің екінші некеден туған балам бар. Оның тегі бір бөлек, алғашқы некеден туған баламның тегі мүлде басқа. Тұңғышымның тегін қазіргі жолдасымның әкесінің атына жаздыртқым келеді. Бұл мүмкін бе?
– Әрине, Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 64-бабының 4-тармақшасына сәйкес, егер ата-аналары некені бұзып, бөлек тұрса және бала өзімен бірге тұратын ата-анасы оған өзінің тегін бергісі келсе, тіркеуші орган бұл мәселені ата-аналарының екіншісінің пікірін ескерместен, баланың мүддесіне орай шешеді. Ол үшін бала тіркелген жердегі АХАТ бөліміне өтініш жазасыз. Сондай-ақ, ата-аналардың жеке куәліктерінің көшірмелері, олардың неке қию туралы куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасын өзіңіз тұратын жердегі АХАТ бөліміне өткізуіңіз керек.

– Азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің негізгі міндеттері туралы білгім келеді. Осы бағытта Есіл аудандық АХАТ бөлімінде қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Әділет органдарының негізгі қызметінің бірі тұрғылықты халыққа құқықтық, заңгерлік көмек көрсету болса, біздің бөлімде азаматтардың хал-актілері тіркеледі. Жыл басынан бері Есіл ауданы бойынша екі мыңнан аса баланың тууы, бір мыңға жуық неке тіркелді. Сонымен қатар, ажырасу да аз емес. Ағымдағы жыл басынан бері ауданымызда 160 отбасы ажырасты.
Қазіргі кезде жас жұбайлар некелерін электронды түрде де тіркей алады. Бұл ретте 30-ға жуық неке тіркеуден өткізілді. Астанадағы ЕЦ 166/10 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сотталған, жазасын өтеп жүрген азаматтар арасында 40-қа жуық неке тіркелді. Сонымен бірге суррогат ана болу шартына сәйкес төрт баланың тууы тіркелген болатын, оның үшеуі үшемдер болып шықты. Біздің бөлімде биыл тіркелген егіздердің саны да айтарлықтай көп. Оралмандардың құжаттарын қайта қалпына келтіріп, олардың қысқа жазылған тектерін толықтыру арқылы он құжат берілді.
Сонымен қатар, айтулы мерекелер қарсаңында Ашық есік күндері ұйымдастырылып, тұрғылықты халыққа құқықтық, заңгерлік көмек көрсетілуде. Мерейтой иелерін құттықтау, жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде тіркеу жалғасын тауып келеді, апта сайын Әділет департаментінің веб-сайтына ақпараттар жолдап отырамыз. Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы келіп түскен өтініштерді уақытылы, сапалы орындау – басты мақсатымыз.

– Жақында дүниеге келетін немереміздің атын «Шах-Назар» қойсақ деп шештік. Бізде жаңа туған балаға екі ат беруге бола ма?
– Қуанышыңызға ортақпыз, алда көрер қызығыңыз ұзағынан болсын! Бүгінде құрсақтағы сәбидің жынысын алдын ала білуге мүмкіндік туындап, дүниеге келер нәрестеге алдын ала есім ойластыру үрдіс алып келеді. Біз бұған қарсы емеспіз, әрине. Қолданыстағы заң бойынша біздің елде жаңа туған балаларға қосарланған ат беруге рұқсат етіледі. Тек ол екі сөзден аспауға тиіс.

– Елбасы Жолдауында «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деген болатын. Осыған сәйкес, сіз басшылық етіп отырған мекеме тарапынан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оны насихаттау мен дамыту саласында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы нақты міндеттер жүктейді. Бұл бағытта біздің Есіл аудандық әділет басқармасында көптеген игі істер атқарылуда. Әр халықтың ең қымбат игілігі оның ана тілі екендігі белгілі. Біздің ана тіліміз – мемлекеттік тіл, яғни, ел басқару тілі.
Бүгінгі таңда елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, одан әрі дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалып жатыр. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасының сөзін жай ұран емес, егеменді елдігіміздің де, ертеңгі жарқын болашағымыздың да бірден-бір кепілі деп қарауымыз керек. «Тілден биік асқар жоқ, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, тіл – ұлттың болашағы. Сондықтан, әркім өз ана тілінде сөйлеп, ұрпағының да сол тілді жетік меңгеруіне күш салуы керек.
Сонымен қатар, Әділет департаменті белгілеген кестеге сәйкес тіл үйренушілерге мемлекеттік тілді оқыту сабақтары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік тілді одан әрі дамыту бағытында белгіленген іс-шаралардың мақсатты жүзеге асуына басшылық жасаудамыз.

– Балаларымның тегі аталарының атымен, яғни -ов, -ова жалғауларынсыз жазылған. Мұғалімдер кейде олардың атын тегімен шатастырады. Бұл жағдайда қайсы алдымен жазылады: баланың аты ма, әлде әкесінің аты ма?
– Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 194-бабына сәйкес, тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде, балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі және азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес:
-ов, -ев, -ова, -ева,-ин, -н, -ина, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алынып тасталады. Ал, олардың орнына әкесінің атына: -ұлы, -қызы деп бірге жазуға болады.
Біздің елде ұлты қазақ адамдардың аттарын қос мүше схемасы бойынша жазуға жол беріледі, бұл ретте әкесінің аты оның тегін ауыстырады. Ол міндетті түрде бірінші, яғни, бала атының алдына жазылады.

– Үш баланың анасымын.
Айтыңызшы, сіздің ойыңызша, қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ұялатып, ана тіліне құрметпен қарауын қалыптастыру үшін алдымызға қандай міндеттер қоюымыз қажет?
– Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесі бар екені даусыз. Бүгінгі жаһандану үрдісі жүріп жатқан жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – үлкен міндет. Сондықтан, ең бірінші жаны таза, рухы биік, адамгершілігі мол, халқына пайдасын тигізетін адам тәрбиелеу – басты парызымыз. Ұлтжанды, адами құндылықтарды бойына жиған, қиыншылықтан жол табатын, ары таза, иманжүзді, өз еңбегімен білім алған, елі мен жерін сүйетінін ісімен дәлелдеген жастарды көргіміз келеді. Ол үшін жастарға ұлттық тәрбиені ел-жұрт, қоғамдық орын, ата-ана болып жан-жақты берсек, біздің де, мемлекеттің де көркейетіні даусыз, яғни, баршамыздың міндетіміз – қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін жандандырып, ұлттық сана сезімі жоғары, тәрбиелі ұрпақ өсіру.

– Әдетте жаңа туған сәби әкесінің тегін алады ғой, ал мен баламды өз тегіме жаздырғым келеді. Бұған әкесі де қарсы емес. Себебі, мен – отбасында жалғызбын. Әкем­нің аты өшпесе екен деймін. Осылай етуімізге бола ма?
– Қолданыстағы заң бойынша біздің елімізде кез келген ата-ана баласына өзара келісіп, әрқайсысы өз тектерін беруге құқылы.

– Сәлеметсіз бе, Бахытжамал Абылайқызы?! Гендерлік саясат туралы тереңірек білгім келеді. Ол жөнінде не айтасыз?
– Гендерлік саясат туралы қоғамда сан алуан пікір қалыптасқан. Жыл өткен сайын нәзік жандылардың саяси белсенділіктері арта түспесе, еш кеміген жоқ. Батыста он тоғызыншы ғасырдың өзінде әйел адам құрлы саналмай, қоғамда өз орнын таба алмай қорланып жүргендіктен, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысына қарай теңдікке ұмтыла бастады. Бұндай бассыздыққа шыдамаған батыс әйелдері бас көтеріп, нәтижесінде «гендерлік саясат», «феминизм» деген терминдер пайда болды.

Гендерлік саясатқа басқа қырынан қарасақ, елімізде әйел адамдардың бәрінің бірдей өз құқыларын біліп, қорғай алмайтыны рас. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқандар да жеткілікті. Меніңше әйелдің басты мақсаты – сүйікті қыз, адал жар, аяулы ана, асыл әже атану. Біздің әйелдер биліктің тұтқасын ұстайтын мықты азаматтарды дүниеге әкеліп, елін, халқын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеп өсірсе, билікті де қоса алып жүре алады деп есептеймін.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 8 =