Тегін такси керек пе?

0 106

Астананың қақаған аязы мен ақ түтек боранына шыдап бағу – қиынның қиыны. Әсіресе, аялдамада тұрып автобус күткенде суық табаныңнан өтіп, сай-сүйегіңді сырқыратады. Мұндайда жылы аялдаманы аңсайсың ғой. Қасыңдағылар бірінен кейін бірі такси тоқтатып, көлікке мініп кеткенде қызғана, қызыға қарайсың. Бірде суықтан смартфоным сөніп қалды. Қоғамдық көлікте онлайн төлемге үйренген, қаражатты картада ұстайтын мен абдырап қалдым. Сонда жолымда қайырымды жан жолығып, «жолақысын үйге барғанда аударайын» дегеніме көнбей, тегін жеткізіп салғаны бар. Осыдан кейін қоғамда жанашыр жандардың барына кезекті рет көз жетті. Бірақ күн демей, түн демей аптаның 7 күнінде де ақысыз қызмет көрсететін таксисттің барын білгенде таңғалдым.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАНДА БАР ҚАСИЕТ

Елордалық Жарылқасын Аманов – 60 жаста. Өткен жылдың наурыз айында, яғни індет дендеген тұста тегін такси жүргізушісі болуға бекініп, қайырымдылығын бүгінге дейін жалғастырып келеді екен. Бүгін де автобус күткендерді көлігіне мінгізіп, айтқан жерлеріне ақысыз жеткізіп салыпты.
«Аялдамаға қарасам, қыздар тұр. Қолын көтеруге мұршасы жоқ. Ерні көгеріп, кірпігін қырау басқан. Бәріміз бір қазақтың баласымыз, көмектескеннен кем болмайсың. Одан бөлек, телефоныма хабарласады. Аптаның 7 күнінде де күні-түні қызмет көрсете беремін. Себебі бұл – мен үшін жұмыс емес, өмірлік ұстанымым. Осы істен рахаттанамын. Көбіне көпбалалы аналардан қоңырау түседі, мүмкіндігі шектеу­лі жандарды емханаға жеткізіп салуды өтінеді. Зейнеткерлер зейнетақысын алу кезінде хабарласады. Тіпті шетелден келгенде, көмек сұрап хабарласатындар бар. Бастысы, айтқан жеріне уақытында апарым салсам болды. Көлікке отырғандарға телефон нөмірімді беремін. Солай біріне-бірі айтып, мұқтаж жандарға жетіп жатады. Күніне 10-нан аса қоңырау түседі. Үнемі ыстық шай алып жүремін, жолаушылармен бірге шай ішіп, әңгімелесіп, жылдам жетіп қаламыз. Тұрақты клиенттерім көп» деп тарқатты ол.
Тұрғындар арасында жанар-жағармайға қаражатты қайдан аласыз деп сұрайтындар кездеседі екен. Бұл сұраққа да жауап бере кетті.
«Балаларым, ағайын-туғандарым бар. Үйде болғанымда ұлдарым көлігімді айдап, маған айтпай жанармайды толтырып қояды. Туған-туыстар «Біздің де атымыздан көмек болсын» деп қолдау көрсетіп жатады. Қайырымдылықты көбі қолдайды.
Десе де ақысыз такси десең, сенбейтіндер де табылады екен. Түн ішінде хабарласып, вокзалға бару керек еді дейді де, үйіне жеткенде хабарлассаң, телефоны сөніп тұрады. Кейде жарты сағаттан кейін қоңырау шалып, «аға, қалжыңдап едім, айыпқа бұйырмаңыз» дейді. Оларға еш ренжімеймін. Себебі бұл істі бастамай тұрып бәріне дайын болдым. Қайырымдылық – қанда бар қасиет. Бала кезден әкемнің жақсылығын өзгелерден естіп, ісін үлгі етіп өстік. Сол секілді балаларыма да үнемі айтып жүремін» деді ол.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой, Жарылқасын атамыз арагідік үй маңындағы дүкендерге бас сұғып, арақ-шараптан аулақ, азық-түлігін қарызға алған кісілердің берешегін өтеп береді екен. Сонымен қатар төтенше жағдай енгізілгенде еліміздегі белсенді азаматтардың басын құрап, елордалық көпбалалы, аз қамтылған 70 отбасыға азық-түлік, ет үлестіріпті. Мұны жалпақ жұртқа жария еткісі келмеді, әрине. Тек өзге жандарға өнегелі ісіңізді үлгі етейік деп өтінген соң ғана келісті.

ЖҰМАДАҒЫ ЖАҚСЫЛЫҚ

Жақында супермаркеттің кіреберісіндегі тақтайшадан «тегін такси қажет болса, хабарласыңыз» деген жарнаманы көзім шалды. Нөмірін де сақтап қойдым. Қандай қайырымдылық қор екен деп хабарлассам, жұма күні жақсылық жасайтын астаналық азамат болып шықты. Таңғы 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейінгі уақытын қайырымдылыққа арнаймын дейді Дулат Маратұлы. Өзі елордаға бір жарым жыл бұрын Қарағандыдан көшіп келген. «Бірден байқағаным, астаналықтардың көбі ақшаның соңына түсіп кеткен. Бейтаныс адамды үйіне тегін жеткізіп салу былай тұрсын, жол сұрасаң да айтуға қиналатындар баршылық» дейді. Десе де жауапкершілікті өзгеден күтпей, өзінен бастапты.
«Kinopark» кинотеатрлар желісінде қызмет етемін. Аллаға шүкір, жалақым жақсы. Үш баланың әкесімін. Бас шаһарға қоныс аударып, үй алдым, жұмысқа орналастым. Соның бәріне шүкіршілік етіп, аптаның бір күнін қа­йырымдылыққа арнаймын. Негізі, жолымның болғыштығы осылай көмек бергеннен шығар деп топшылаймын. Менің ойымша, егер көмек беру қолыңнан келмесе, кездескен адамға жай ғана күліп қарау керек. Күніне 5-6 адамнан қоңырау түседі. Бұған үйдегі ата-анам, жарым дән риза. Көмекке көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар жүгінеді. Көшу керек болса, ауруханаға бару, заттарын тасу жағынан қолдау көрсетемін. Негізі, бізде хабарласуға ұялатындар көп. Себебі жағдайды айтып, масыл болармын дейтін шығар. Айтқан жеріне апарып салған соң, ақысын беруге әзір тұрады. Тегін десем, ұялып қалады. Мен үшін бұл – жай ғана әр адамның адамшылығы. Түптеп келгенде, жолаушыны арқалап апармаймыз, барлығын атқаратын – көлік. Темірді аяғанша, адамды аяу керек» дейді ол.
Ақ ниетті ағалар телефонмен тілдескеннен кейін көмек керек болса, кез келген уақытта хабарласыңыз деп жылы лебізін жеткізді. Мен де алғыс айтып, амандық тіледім. Ақысыз такси жүргізушісі керек болса, деректер мынадай: Жарылқасын Аманов: 8-707-187-89-81; Дулат Маратұлы: 8-708-260-19-81.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + twelve =