ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛДЫ

0 147

Осы аптада Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде ашық есік күні өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары толғандырып жүрген са­уалдарына мамандардан тегін құқықтық кеңес алды. Шара туралы департаменттің құжат айналымын қамтамасыз ету және бақылау бөлімі бастығы Алмагүл Кенебаева айтып берді.

– Алмагүл Ерсінқызы, елордалықтарға құқықтық түсіндіруді мақсат еткен шараның маңызы зор бүгінде. Десе де, артықшылықтарын әңгімелеңізші.

– Біріншіден, құқықтық сауаттылықты дәріптеу. Екіншіден, түрлі санаттағы халықтың пікірін тыңдап, заңнамалық сипаттағы сұрақтарға жауап беру, бірлесіп шешу. Халықты мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен еркін тілдесуге мүмкіндік қарастыру. Айтып өткен жөн, жағымды ди­алог конструктивті форматта өткізілді. Барлық сауалдарға жа­уап беріліп, халық тарапынан айтылған ұсыныстарға жан-жақты мән берілді.

– Шараға қаржы полиция­сынан басқа қандай органдар тартылды?

– Кездесуді кешенді әрі нәтижелі өткізу мақсатында көптеген мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды. Ашық есік күні құқық қорғау органдарымен қатар Аста­на қаласы әкімдігі, нотариаттық палата және адвокаттар алқасы, тұтынушылар құқығын қорғау одағы, «Жаңа құрылыс» ЖШС өкілдері қала тұрғындарының барлық сұрақтарына жауап берді.

– Халықты қандай сауалдар жиі мазалайды екен?

– Құқықтық кеңес алуға жалпы саны елуден астам адам келді. Тұрғындарды көбіне жұмыссыздық мәселесі мазалайды. Үлескерлік туралы кеңес сұрағандармен қатар, біздің департаменттегі өндірістік қылмыстар туралы мәселелер қарастырылды.

– Әдетте, ашық есік күнінде азаматтар өздері барып, құқықтық кеңес алады. Ал құқықтық кеңес алуға мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандар ескерілді ме?

– Біздің департаментте өз еркімен қозғалуға мүмкіндігі жоқ азаматтар мен соғыс ардагерлері үшін арнайы мобильді топ құрылған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 2 =