«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тегін курсқа шақырады

0 49

Елордадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінде игі жобаның тұсауы кесіліп, алғашқы отырысы өтті. Мешіт бас имамы Ибрагим Сматаевтың ұйытқы болуымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазақ тілін үйрену» тегін курсы өз жұмысын бастады.

7258eec3511072d8f2730eac6054d89c

Құлшылық ордасы жамағатының көбі өзге ұлт өкілі болғандықтан, «Қазақ тілін үйрену» курсы бастала салысымен өтініш білдіргендердің саны 20-дан асып жығылды. Арнайы бекітілген ұстаз Алмас Серікұлы мемлекеттік тілді үйренуге ықылас білдірген жамағатпен жүздесу өткізіп, жалпы курс жөнінде мағлұмат берді. 2011 жылы ашылған мешіт астаналық шешен-ингуштардың және басқа кавказ халықтары өкілдері шоғырланып тұратын елорда шетіндегі Астрахань тас жолының бойында халықтың күшімен тұрғызылған. Қызыл кірпіштен салынған екі қабатты мешіттің құрылысына меценат Башир Солсановтың қосқан үлесі зор.

ХІХ ғасырдағы шешен суфизмінің қадірлі ұстазы, шейх Кунта-қажы Кишиев – қарудың орнына тәспі ұстауға шақырған әулиелердің бірі. 18 жасында қажылыққа барып, одан оралған соң кішіпейілділік, зұлымдыққа зорлықпен қарсы тұрмау қажеттігін айтып, бейбітшілік идеяларын уағыз­дай бастады. 1864 жылы қаңтарда Ұлы князь Михаил Романовтың жеке бұйрығымен Кунта-қажы өзінің жақын ізбасарларымен бірге тұтқындалып, Новгород губерниясының Устюжна қаласына мәңгілік айдауға жіберілді. Шейхтың тұтқындалуы халық арасында қарсылық туғызады. Оның бірнеше мың ізбасарлары Шали қаласына жиналып, оны босатуды талап етеді. Оң шешімі болмаған соң мылтықтарын тастап, тек қанжарларымен қаруланып патша әскерлеріне қарсы шығады. Ереуілшілерге зеңбірекпен қарсы оқ жаудырып, нәтижесінде 400-ге жуық адам қаза тапты. Кунта қажы Кишиевтің бүгінгі күнге дейін ізбасарлары аз емес. Олар да Шешенстанда бейбітшілік пен келісім, тыныштық салтанат құруы керек деп сенеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды