«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тегін білмеген жұрттың ұрпағы тексіз болып өседі

Қасым ТӘУКЕНОВ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері

0 1  023

Бұрын бір елді кемел ақылымен ұйытып отырған айбынды ақсақалдар болды. Сол қарияның дуалы аузынан шыққан асыл сөзді бәрі қадір тұтты. Бізде қазір сондай текті аталардың қатары сиреп барады. Сондай қазыналы қарттың бірі – Қасым Тәукенов. Бұл кісі қатардағы мал маманынан облыс басшылығына дейінгі қызмет жолынан өтті. Арғы-бергі игі жақсылардың көзін көрді. Ақмола облысы мен Атбасар ауданының құрметті азаматы. Бірнеше танымдық кітаптың авторы. Наурыз мерекесі қарсаңында өмірден көргені көп ардақты азаматқа сәлем бере барып, ашық әңгімелестік.

ҚАЛАДА ҚАЗАҚЫ ИІС ЖОҚ

– Қасым Аппасұлы, сізді елорданың қарт тұрғыны деп айтуға болады. Қаланың даму жолы көз алдыңызда айнадай сайрап жатыр. Алғашқы сөзді туған шаһарыңыздан тартып, өрбітсек…
– Рақмет, айналайын! Мен өзі қаланың іргесінде жұрт «Көктал» ауылы деп айтатын жерде шырылдап жарық дүние есігін аштым. Бұрын ол атағы дүрілдеген Киров совхозы болды. Қазір елорданың құрамындағы көлемі үлкен шағын ауданға айналды. Алғашқы еңбек жолым да содан басталды. Әрине, бұрынғы Ақмоланың – Астана болғаны көңілімді қуанышқа толтырады. Сарыарқаның төсіне осындай қала салғанымыздың өзі елдің мерейін өсірді. Ертеңге сенімімізді нығайтты. Жақсылық үйірілген жерге ырыс та келеді. Оны ешкім ешқайда алып кетпейді. Бірақ осы елдің азаматы ретінде өзекті өртейтін өкініш те бар. Мен кез келген нәрсеге сын көзбен қарайтын адаммын. Содан ойымды бүкпесіз айтамын. Бүгінгі бас орда – кезіндегі Целиноград облысының орталығы болып дүркіреді. Тың игерудің орталығы деп әспеттеді. Шаһарда 270 мың халық тұрды. Сол кезде қалада «Қазақсельмаш», «Целинсельмаш» зауыты мен тігін фабрикасы секілді ауқымы кең мекемелер жұмыс істеді. Тұрғындардың дені сонда еңбек етті. Бүгінде сол құрылымы ірі кәсіпорындардың қызметі тоқтаған. Қазір Астана жұртының саны бір миллионға жетті деп жар салдық. Қаланың басы мен халықтың санын өсіре бергеннен пайда аз. Жұрттың бәрі ақ жағалы басшы бола бермейді ғой. Елорда іргесі қаланған шақта құрылыс қарқыны өріс алды. Жас­тардың көбі содан нан тапты. Қазір ол да бәсеңдеді. Сонда миллионнан астам елді жұмыспен қалай қамтамасыз етеміз? Манағы мен айтқан зауыт-фабрикалар жоқ. Осыны кім ойлап жатыр?
– Дегенмен, шаһар аз мерзім ішінде адам танымастай өзгерді. Бірақ содан ұлттық ерекшелікті байқайсыз ба?
– Шындығын айтайын ба?
– Айтыңыз.
– Қалада қазақы иіс жоқ. Ғимараттар мен тұрғын үйлердің сәулеті басқа. Франция, Қытай, Ресейдегі салынғандардың үлгілерін көшірдік. Ол біздің болмысымызды ашты ма? Бір сөзбен айтқанда, Астананың әр көшесінен ұлттық ерекшелік байқалып тұру қажет. Осыны архитектура мен құрылыстың жілігін шағып, майын ішіп жүрген мамандар ескермейді. Мәселен, Ташкентке барсаңыз, өзбек еліне келгенді бірден байқайсыз.
Қазір тағы бір мәселе мойны­мызға мінді. Қаһарлы қыс келсе, елорда аспанын жылу орталықтары мен жеке үйлерден, мыңдаған машинадан шыққан будақ-будақ көк түтін тұмшалайды. Оны қууға Сарыарқаның өкпек желінің шамасы келмейді. Екінші Алматыны басымызға әкелдік. Адам денсаулығының дұрыс болуы 53 пайыз – ауаға, 32 пайыз суға байланысты. Біз бүгін осы екеуінен айырылайық деп отырмыз. Бір миллион халықты бір жерге жинау қажет пе? Осыны да ойлаған жөн. Шаһарды Қарағандыға қарай ұзартып салғанда, көк тұманды Сарыарқаның желі ұршықтай үйіріп әкетер ме еді деп ойлаймын. Сонда қаланың тынысы ашылып, ауасы тазарады. Мысалы, Еуропада көпқабатты үйлер ықшам аудандарға бөлініп, бой көтерген. Кішігірім қалашық секілді. Бізге де осы әдісті қолданған орынды. Құдайға шүкір, бізде жер жетеді ғой. Айталық, сол жағалаудағы көшелердің ені тар. Соны кеңейтіп салуға болушы еді. Одан кейін, жауапты қызметкерлер көшені салғанда батыс пен шығыстан соғатын желді есепке алған дұрыс.
– Жақсы, аға. Сіз Ақмоланың тарихи атауын біраз зерттедіңіз. Бұл жағынан тың деректер бар ма?
– Ақмола – ежелден тарихы бай өңір. Бұл жерде кешегі Кенесары ханның ізі қалған. Талай жақсылар ғұмыр кешкен орда. Ал «Ақмола» атауына байланысты түрлі деректер бар. Кейбір ойы тар адамдардың қазақшадан орысша «Белая могила» деп тікелей аударған түсініктеріне қалайша ішің ауырмайды. 1961 жылы Ақмолаға келген Хрущев: «Мне рассказали, что название города Акмолинска в переводе с казахского на русский означает «Белая могила». Для трудящихся города, который является центром целинного края, это название мало подходящее» деп, жергілікті жұрттың пікірін ескермей, 1961 жылы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиу­мы қаулысымен Ақмоланы бір-ақ күнде Целиноград атады. Қазақ совет энциклопедиясында Ақмоланың аты «қаланың оңтүстігіндегі саз жыныстарынан тізілген төбеге байланысты» деп бұрмаланып жазылған. Егер ондай төбе болса, қала Ақмола емес, «Сазтөбе» немесе «Ақтөбе» аталған болар еді.
Жалпы, қазақтың шекарасы моламен шегенделген. Бұл жайында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Сыбанның моласында» деген әңгімесінде баяндалады. Оның үстіне сайын далада көп кездесетін бейіттер – боранда адасып, жауында жаурасаң, қараңғыда жолдан адассаң, пана болатын қорғаның да. Сондықтан «Ақмола» деген сөз «қорған» деген мағына береді. Енді бір әңгімеде Ақмола – Cарыарқаның бел ортасына орын тепкен киелі, әруақты жер екеніне, мал басы тез өсетін, ағының мол болуы дегенді білдіреді дейді. Ағының ағыл-тегіл молдығынан Ақмола атанған деген көңілге қонымды ойды Димаш Ахметұлының аузынан естіген едім. Қысқасы, Ақмола атауы көне заманнан келе жатқан халықтық ұғым екені аян.

ҰЛТТЫҚ ГАСТРОНОМИЯ БОЛМАСА, БАР АСЫЛДАН АЙЫРЫЛАМЫЗ

– Басқа мамандықтың тұлпа­рын ерттеп мінсеңіз де, тарихқа тереңірек үңіліп, бірталай танымдық кітаптар жаздыңыз. Бұған не түрткі болды?
– Бәрі орыстың ұлы державалық шовинизмінен басталды. Жастайымнан солардың ортасында өстім. Бізді үнемі төмен санап, екінші сортты ұлт ретінде қарады. «Оқымаған, надан жұрт» деп бағалады. Содан намысым найзағайдай шатырлап, ізденуге тура келді. Әрі ұлтыңды өзге біреу кемітіп жатса, сен қалай бұғып отырасың. Сонау көне дәуірден сыр тартқан тарихи жинақтардан бастап, бүгінге дейінгі жарық көрген кітаптарды сүзіп шықтым. Қажетті деректерді ақ параққа түртіп отырдым. Олардың арасында жүргеннен кейін, солардан артық білмесең, сені тұншықтырып тастайды. Сондықтан басқа ұлт өкілдерімен тең дәрежеде сөйлесіп, шовинистерді маңдайдан соғуға біраз дүниені біліп алдым. Олардың тарихы да қым-қиғаш екен. Өздеріне өздері қайшы келіп, шындығын ашып отырады.
Мені халқымызға қатысты көпте­ген деректер таңғалдырды. 1897 жылғы санақта 4 миллионнан артық қазақ болған. Ресей империясының ішіндегі мұсылман халқының 30 пайызын қазақтар құраған. Қандас татарлардан да көп болғанбыз. Бірақ империя құрамында оқығаны, зиялысы көп жұрт – татарлар. Біз екінші орында тұрыппыз.
Былай қарасаңыз, Кеңес Одағын орнатқандардың ішінде жоғары білімі барлар жоқ. Қызыл партия көсемі Лениннің өзі заң факультетін сырттай бітірген. Білімсіздіктен санасы таяз жандар Кеңес үкіметін лагерьге айналдырды.
Ал өткен ғасыр басындағы алаш азаматтары қандай еді?! Олардың бәрі шетінен оқыған, тоқыған ғұламалар болды. Тоқсан пайызы жоғары білім алған. Және анау-мынау емес, оқу ордасын алтын медальмен бітірді. Міне, осындай жағдайлар менің жанымды толғандырды. Біз осал емес екенімізді түсіндім. Соны басқалар, әсіресе, жастар кеңірек білсін деп қолыма қалам ұстадым. Кітап жазуға сол итермеледі.
– Бұрын бабаларымыз текті болған дейміз. Бірақ сол асыл қасиет жойылып бара жатқан жоқ па?
– Жалпы, тегін білмеген жұрттың ұрпағы тексіз болып өседі. Бұл – өмірдің өзі сан қырынан дәлелдеген ақиқат. Ал тегін білу – туған еліңнің, халқыңның тарихын жете тануға жетелейді. Бізді кейбіреулер көшпелі жұрт деп, сығандарға телігісі келеді. Біздің оларға түк қатысымыз жоқ. Қазақ ертеден дала заңымен өмір сүрген. Тәуке ханның жеті жарғысы халқымыздың әдеп-ғұрып зандарының жинағы саналған. Бәрі де есеппен жазылған. Егер бір келеңсіз жағдайда адам мерт болса, құн иесіне жүз жылқы айып төлеген. Бұл деген – дала демократиясы. Жұртымыз төрт түліктің бабын таба білген. Мал бағудың да өз мәдениеті бар. 1916 жылы 6 миллион қазақ 3 миллион 400 мың жылқы ұстаған. Ал енді 1990 жылы Кеңес өкіметінің шұғылалы социализм құрдық, гүлденіп жатырмыз деген уақытында Қазақстандағы жылқының саны бір жарым миллионға әзер жетті. 1928 жылғы коллективтендірудің алдында 1 миллион 70 мың түйе болса, 1990 жылы жалпақ елде 170 мың түйе қалған. 1897 жылғы санақта Атбасар уезіндегі әрбір отбасыға 14.7 жылқы, 4. 2 түйе, 8.6 ірі қара мал, 40-50 қойдан келген. Осындай малы болған елді кедей деп айтасыз ба? Біз қазір қазақтың бойында болған көп жақсы қасиеттен ажырап барамыз. Малдың да берекесін кетіріп алдық. Жастардың көбі қалаға топтасты. Оның бәріне кәсіп қайдан болсын. Көше сыпырады, базарда арба сүйрейді, көлікпен адамдарды тасиды. Біреуі ғимаратты күзетші болып қориды. Жас қыздар жеңілтек жолға түсті. Отбасылық құндылықтар да құлдырады. Маған осы салмағы ауыр мәселенің бәрі қабырғама қайыстай батады. Бұрын қаланы азық-түлікпен колхоз-совхоздар қамтамасыз етті. Олардың бастарынан бағы тайғаннан кейін қоспасы көп шетелдік өнімдердің дәурені жүрді. Қазір шаһар іргесіндегі ауылдарда жұрт мал ұстамайды. Бәрі тамақты шәріден тасиды. Біз – малдың етімен, сүтімен сұрыпталып өскен халықпыз. Қанымызды таза сақтап тұрған – сол. Ұлттық гастрономия болмаса, бар асылдан айырыламыз. Қазақты текті болған деп неге айтады? Біздің қанымыз тек бірінші топ болған. Қазір қарасаң, екінші, үшінші, төртінші топқа жалғасқан. Ол деген сөз, ұлттық асыңнан айырылып бара жатқанды дәлелдейді. Осыған ішім удай ашиды. Бұған әзірше ешкім көңіл бөлмей отыр.
Кеңес дәуірінде басшылық қызмет атқардыңыз. Ол кездегі Арқадағы жағдай белгілі. Сонда ұлттық мәселелер қалай шешімін тапты?
– Кеңес империясы ұлт мәселе­сінің есігін тарс бекітіп, жауып қойды. Оған ешкімді кіргізбеуге тырысты. Бірақ сыналап енуге жол тапқандар болды. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Шовинистерге ұлт мәселесіне келгенде Лениннің айтқандарына сілтеме жасап, ауыздарын жауып отырдым. Осында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов деген болды. Бұл – 1986 жылдың көктемі. Сол Морозов жергілікті жұртқа пысқырып қарамайды. Кадр туралы айтсам, сөзімді жүре тыңдайды. Бірде таза ауада серуендеп жүргенде: «Сіз неге ұлт мәселесін дұрыс шешпейсіз. Мен мына төрағаға ақылдылығымнан тағайындалған жоқпын, туған халқымның атынан отырмын. Сондықтан менімен есептесіп, айтқанымды ескеріп жүріңіз. Мен сізге алдымда осы қызметті атқарған Шайдаров пен Жолмұхамедов сияқты бола алмаймын. Сөзімді тыңдаңыз» деп нығырлап сөйледім. Сонда ол маған: «Ештеңе етпейді, үйреніп кетесің» деп кекетіп жымиды. Шындығында, басшылыққа қазақтардың арасынан қорқақ, жалтақтарды қояды. Қолынан іс келетін, елжанды азаматтарды жолатпайды. Содан 1986 жылдың 13 наурызындағы облыстық партия комитетінің жабық бюросында шыдамым бір күнде «бомбадай» жарылды. Морозовпен жалғыз өзім айқасқа түстім. Бір жарым сағаттық шайқас кезіндегі менің дәлелді сөзімнен соң ол «жедел жәрдем» шақырып, ауруханадан бір-ақ шықты. Емханада қозғалмастан табаны күректей бір ай жатып алды. Қазақстанның Орталық Комитетінен комиссия келіп, болған жағдайға тексеру жүргізді.
– Сізді ешкім қолдаған жоқ па?
– Бір адам қолдады. Ол – Дінмұхамед Қонаев. Көп ұзамай Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болып, cоған бардым. Пленумның алдында әр облыстың басшылары бірінші хатшының қабылдауына кіреді. Морозов «ауырып» жатқандықтан, ел басшысына жалғыз кірдім. Дінмұхамед Ахметұлы кездескен сайын маған: «Қасым» деп арқамнан қаға қарсы алып, жылылық танытатын. Бұл жолы: «Әй, Тәукенов сенбісің» деп салқын жүзбен қарсы алды. Соған қарағанда ол кісіге біздің облыс­та өткен жабық бюродан дұрыс ақпарат берілмегендігін түсіндім. Содан оған барлық жағдайды айтып бердім. Олардың мына қылықтарына тосқауыл қойылмаса, келешекте елімізде бас көтерер азаматтар қалмайтынын жасырмадым. Ол сөзімді түгел зейін салып тыңдады. «Қасым, сенің бүгін маған кіргенің қандай жақсы болды. Мен көп нәрседен бейхабар екенмін ғой» деп жауап берді. Ақыры, Морозов орнын босатып, өз жөнін тапты.

«КОКЧЕТАВ» КӨКШЕТАУҒА АЙНАЛДЫ

– Кезінде Қазақстанның бірінші хатшысы болған Г.Колбин сізді алдымен Шымкент облысына бірінші хатшылыққа баруға ұсыныс жасапты. Одан бас тартыпсыз. Екінші Жоғарғы Кеңес Президимуының төрағасы қызметін ұсыныпты. Оған да келіспепсіз. Неге?
– Оңтүстік өлкеге баруға денсаулығым жарамады.
– Бірақ 1989 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып бардыңыз ғой…
– Иә, Көкшетауға да баруға көңілім тартпады. Оны атқаруға денсаулығым келмейді деп айтып едім, Колбин сөзімді тыңдамады. «Шымкентке бармадың, Жоғарғы Кеңеске келмедің, Көкшетау Ақмолаға жақын, ауа райы да жағады» деп жолымды бір-ақ кесті.
– Оны танушы ма едіңіз?
– Танығанда қандай! Ол оқиға былай болған. Бірде егін орағы басталар алдында Алматыда республикалық жиын өтті. Әр облыстың басшылары егін оруға дайындықтары жөнінде есеп берді. Мен де шығып сөйледім. «Егінді ысырапсыз жинап аламыз десек, көмекке әр жерден механизаторларды алғызбай, өндірістен көлік бөлгізбей болмайтынын, әйтпесе, уақытында сүдігер жыртылмай, сабан жиналмай қалатындығын, оның мал шаруашылығына кері әсері тиетіндігін» айтып едім, Колбин менің ескертпелерімді жақтырмай, салған беттен маған шүйлігіп, мені жерден алып, жерге салды. Сонымен бір ай өтпей егін ору науқаны басталды. Қырсыққанда, қыркүйектен басталған жауын бір толастамады. Солтүстік облыстарда егін орағы жүрмей тоқтады. Колбин шын сасайын деді. Егін аралаған болып, бізге ұшып келді. Барлық жағдайды көзімен көрді. Бізбен ақылдаса бастады. Сөйтіп, Алматыға барып, теледидардан сөйлеп, республиканың барлық еңбеккерлерін жұмылдырып, зорға дегенде егінді жинап алғанбыз. Содан мені жақсы танып қалды.
– Табиғаты көркем облысты басқарғанда осыған «көңілім толады-ау» деп айтатын бір ісіңіз бар ма?
– Оны Көкшетаулықтардан сұра. Бірақ қазақтардың намысын көтердім. Онда көп істеген жоқпын. Он үш жыл бойы асқазан жарасымен ауырдым. Содан Мәскеудегі «әйдіктер» емделетін ауруханаға барып тексерілдім. Сонда дәрігерлер: «Бұл қызмет сіздің денсаулығыңызға зиян, жүйкеңізге салмақ түседі» деп анықтама жазып берді. Содан өз еркіммен қызметтен кетуге тура келді.
– Жұрт сізді «Кокчетавты» Көкшетауға айналдырды деп айтады…
– Ол рас. Шындығында, сол кезде ұшақтан түскенде киелі Көкшетау емес, қайдағы «Кокчетав» қарсы алып, басқа елге келгендей әсер аласың. Қалаға жақындай бергенде, адам бойындай қызыл әріппен жазылған әлгі жұрын атау тағы да алдыңнан шығады. Қарадан қарап, тынысың тарылады. Содан болмас деп, облыс басшыларын желкелеп жүріп, аэропорттағы «Кокчетав» деп жазылған сөздердің орнына «Көкштауды» жазғыздым. Қысқасы, Көкшетауға өз атауын қайтардым. Бұл шешім өзге ұлт өкілдеріне ұнамай, партия жиналыстарында талқылап, маған қарсы ашық пікір ұйымдастырды. Оны қазақтың азаматтары да қолдады. Тіпті, Көкшенің асыл перзенті Еркін Әуелбековтің өзі қарсылық көрсетті. Бір жиында оған: «Өз еліңізде отырып, Көкшетауға неге қарсы шығасыз?» деп едім, басын ұстап отырып қалды.

ЕКІ АҒАМ ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ

– Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңына таман Ақмолада ұлттық рух оянды. Оған қатысыңыз бар ма?
– Бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін өрістеді. Алматыда жастар алаңға шығып, ұлттық рухты атойлатты. Дәл сол кезде Ақмолада да қазақ жастары топтанып, алаңға жиналды. Сол желтоқсан айы өте салқын болды. Жастарды азаматтық киім киген қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қоршап алған. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Браун, идеология хатшысы Есмағамбетова бәрі де сыртқа шықпай, кабинетте бұғып отыр. Содан жастар жазықсыз арандап қалмасын деп солардың ортасына бардым. Онда генерал Жақия Сейтқазиев жүр екен. Келе жастар маған жан-жақтан сауалдарын жамыратты. «Республика басшылығына біздің елді танымайтын, салт-дәстүрімізді білмейтін адамды неге әкелген? Ақмолада қазақ мектептері, балабақшалары жоқтың қасы. Олжас Сүлейменовтің «Азия» деген кітабын неге сатқызбайды?» деген сұрақтарды қойды. Қал-қадірімше, оларға барлық жайды түсіндірдім. «Қазақша мектеп, балабақша қажет дейтіндер болса ашамыз. Ол ашылмасын деген сөз жоқ. Ол да жүйемен іске асатын нәрсе» деп қыз-жігіттерді сабырға шақырдым. Қамауға алынғандарды босатқыздым. Сонымен жастар алаңнан тарады.
– Ал қалада алғашқы қазақша мектеп пен балабақша қалай ашылды?
– Қазір Ақмолада бірінші темір жол салдым, алғаш қазақша мектеп, балабақша ашуға мұрындық болдым деп өзеуреп айтатындар бар. Әй, оның бәрі жай қу сөзбен атқарыла салмайды ғой. Оған жүйелі жоспар, қаржы қажет. Содан қазақша білім ордасы мен балабақша ашуды қолға алдық. Әуелі соған балалардың санын анықтау үшін қаладағы көзі ашық оқыған азаматтарды әр көшеге бөліп, тізім жинадық. Қанапиянова деген менің орынбасарым болды. Соған осы жұмысты жүктедім. Өзі орыстілді еді. Үнемі орысша сөйлейтін. «Содан сен орыссың» десем, шыж-быж болады. Мәселен, 1897 жылғы санақта адамның ұлты есепке алынбаған. Кім қай тілде сөйлесе, сол ұлты болып жазылған. Оған осы дерек туралы жазған тарихшының кітабын оқуға бердім. Содан ол намысқа қамшылап мінді. Әр жұма сайын тізімді жинақтап отырды. Мысалы, мына көшедегі мектепке қазақша класқа жүз бала барады десе, соны жоспарға кіргіздік. Оған облыстық жоспарлау бөлімі мен қаржы бөлімін жұмылдырдық. Қазақша сынып ашылған мектептерге, балабақшаларға қосымша қаржы бөлінді. Расын айтқанда, Канапиянова жан салып, жұмыс істеді. Сондықтан, бұл көппен біткен игілікті іс болды.
– Саналы ғұмырыңызда ел қадірлеген талай тұлғалармен сыйластыңыз. Солардың арасынан кімдер есіңізде қалды?
– Жақын аралас болған азаматтар көп болды ғой. Екі ғана тұлғаға тоқталайын. Егемен еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов ағамды жадымнан шығарған емеспін. Адамгершілігі биік, өте намысшыл азамат еді. Ол кісі Ақкөлге келіп тұратын. Бірде менің Морозовпен арадағы болған жағдайды естіп, елге келгенде әдейілеп маған соқты. «Әй, Қасым саған риза болып жүрмін. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы облыстық атқару комитетінің төрағасын жұмыстан шығарушы еді, ал комитет төрағасының бірінші хатшыны қызметтен қуғаны бұрын тарихта болмаған. Сірә, фактілерің күшті болған ғой» деп арқамнан қағып, ризашылығын білдірді. Атбасарда туған белгілі жазушы Сейітжан Омаров ағамызбен туған жерге келген сайын жүздесіп жүрдік. Өте мәдениетті, биязы мінезді кісі болатын. Міне, осы екі ағам есімнен кетпейді.
– Ұлыстың ұлы күні де келді. Халқыңызға бір лебізіңізді білдірсеңіз?
– Наурыз – көнеден келе жатқан ұлы мейрам. Оны барлық шығыс халықтары тойлайды. Біздің ұлтымызда Ұлыстың ұлы күнін айрықша қадірлеген. Кие санаған. Қыстан қысылмай шыққан жұрт бір-бірінің амандығын білген. Қариялар жастарға батасын беріп, ақ жол тілеген. Міне, биыл ит жылы есік қағып кірді. Бабаларымыз итті жеті қазынаның бірі санаған. Сондықтан иттің жөні бөлек. Жақсылыққа толы жыл болады деп ойлаймын. Арман деген төрт тұяғы тыпыршып тұрған арғымақ секілді ғой. Менің де арманым бар. Біз – «Жаным арымның садағасы, арым жанымның садағасы» деп білген ержүрек аталардың ұрпағымыз. Қазір өмірдің мәні ақшаға айналып барады. Сондықтан ұлттық асыл қасиетіміз, тектілігіміз жоғалмаса екен деп армандаймын. Еліміздің ертеңі жарқын болсын!
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Көп жасаңыз!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды