Тегімізге жат әулекілік

жарға апарып соқтырып жүрмесін

0 130

Абай хакім туындыларын оқыған сайын аңғаратыным, өзіңді өткір тілмен, мазмұны терең афоризмге толы тұжырымды дүниелерімен тықыршытып, кең дүниеге сыйғызбай, неше түрлі ойларға жетелеп, мазалайды.

Өміріміздегі, күндегі өтіп жатқан келеңсіз жағдайлар, хал-ахуалдарымыз, бола­шақ ел тағдыры кесе көл­денеңдеп, ұйқы бермей сергелдеңге салады. Таяуда «Қазақ несімен қазақ?» атты мақаламда біраз жағымсыз қылықтарымыз жөнінде айт­қаныммен, қынжыла отырып тағы бір көңіл аударар жайт, елімізде кейбіреулерге көше, мектеп, ауыл аттарын бергенде науқаншылыққа, жиіркенішті жершілдікке, руға, атаға бөліну деген кең етек алып, ұлттығымыздың тұтастығына көлеңке түсіріп бара жатқанымыз жүрегіңді жаралайды.
Ұрпағымыздың санасына сіңіріп, рухын көтеретін, ұлт­шылдығын оятатын мәні зор, ұлтының болашағы үшін, біздер үшін жанын пида құрбан еткен ұлыларымызды әспеттеп, теңдесі жоқ қасиеттеріне бас игізіп аспандатудың орнына, үйкүшік, кәкір-шүкірлердің атын ұлылармен қатар ататып, жер-жерлерде, сол еліміздің адал перзенттерін шаңның астында бұқтырып тастап жатқандығымыз қынжылтады.
Әр ру өкілдері бұрын ешкім естімеген, білмейтін, кейбіреулері қағынан безген батырларын тауып, жікке бөлініп, олардың атын көше, мектептерге беріп, тапқан-таянғанын рәсуа етіп, тыраштана ескерткіш орнатуда. Ертеде айтпаушы ма еді: «Батырды әр долы қатынның екісінің бірі табады, би-шешенді ілуде шалуы табады» деп. Сол ру батырларын Абылайханмен, Бөгенбаймен, Қабанбаймен, Кенесары, тағы басқалармен, үш биіміз – Төле, Қазыбек, Әйтекелермен қатарлас­тыруға бола ма?
Бөгенбай 26 жыл үш жүз­дің сарбаздарының қол­бас­шысы болғаны, оның кіндігінен Тұранәлі, Тұрымбет, Бапан, Саққұлақ атты би-шешендердің шығуы, оны тіпті батыр деп айтудың қалыбына сыймайды. Оның: «Жауыр болған жабыдай, саяқсып жүрген халқым-ай, руға, жүзге бөлі­ніп, шашырап кеттің тарыдай. Қамшының қысқа сабындай, мерзімі қысқа ғұмыр-ай, баладай аңқау халқыма, жар бола гөр, уа, құдай! – деуі ұлылығын аңғартпай ма? Олардың аруағы мәңгілік рухани күшке айналып тұрған жоқ па?
Ол заманда, кең-байтақ жеріміздің шетіне жау кірді дегенді естісімен, әрбір қазақ рулары дереу, бүгінгі тілмен айтсақ, бір-бір батальондай қарулы азаматтарын жауға қарсы аттандырып отырған. Сол батальон командирлерін, әр ру өз батыры дәрежесіне көтерген. Дұрыс делік. Ал мына егеменді ел болғанда, бүкіл қазақ халқы болып, ұлы перзентіміз елі үшін еңіреген Сыдық сұлтанды (кейде Садық-Сыздық деп те атайды) (1839-1910) неге құрмет көрсетіп, еске алып, аруағына тағзым етпей­міз? Даңғойлана, еліре, желікбастана оны білгіміз де келмейтіндей. Сыдықтың (Садық, Сыздық) не жазығы бар еді? Ол жалғыз ғана қазақ елінің бостандығы үшін күресіп қана қоймай, бүкіл Орта Азия халықтарының, Шығыс Түркістанның бос­тандығы үшін Ресей империясының әскерлерімен соғысып, жан алып, жан беріскен азаматымыз. Сыдық сұлтанның өжеттігі, қолбасшылығы жөнінде академик В.В.Бартольд (1869-1930) егжей-тегжейлі еңбегінде жазып, әкесі Кенесарыдан артық болмаса, кем болмағандығын әсерлі жазған. Ал Б.Умирьяев болса, Сыдықтың қайсарлығы Тадеуш Костюшкаға (1746-1817) пара-пар, әскери таланты Дж.Гарибальдиға (1807-1882) ұқсайтындығы жөнінде жазады.
Осындайда айтпаса, сөз­дің атасы өледі дегендей, ұлтымыздың ұлы перзенті Сыдық сұлтанды санамыздан өшіріп – ұмыттыру, әкесі Кенесарыға зәулім ескерткіш орнаттық, жер-жерде көше аттарын бердік, «бір басқа бір көз жеткілікті» дегеннің керін келтірген, бақай есепке салынған сұмпайы түріміз бе?
Жастардың ұлттық пат­риотизмі деген ұғым білгендерге осындай ұлыларды ұлықтаған соң туындамай ма?
Есімін ешкім білмейтін, естімеген адамның аты-жөні көшелерге берілгенін оқып тұрып: – Бұл кім болды екен деген ойға келіп, сол көшеде тұратын әлде біреулерден сұрай қалсаң, – «Кім біліпті, әйтеуір аудандағы «заготконторды» басқарған, сонау қиыншылық кезеңдердің өзінде етігін қонышынан басып, ауқатты тұрған адам көрінеді деп осынау өңірге нендей жақсылық жасағанын айта алмай, құр езу тартып, күбіжіктеп жымыңдайды.
Әрине, мұндай әрекет ұрпағының әулекіленіп, тыраштана жүріп, өзінің ең ардақты аруағына сөз тигізіп, ол сорлыны қабірінде де тыныш жатқызбай қорлағаны есіне кіріп те шықпайды. Осындайда, хакім Абайдың: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деуінде көрегендік, ұлылық жатқандай. Ұлттық моральды аяқасты қылып, азаматтығын тәрк еткен осындай мырқымбайлар отандастарын, ұлтын қалай сыйламақ?
Оны айтасың, қазір өзін зиялылар қатарында санап жүрген 130 мыңға жуық оқымысты «ғалымдар» бар. Солардың жүз мыңдайының несімен, нендей жаңалық ашып, қалай ғалым болғандықтарын өзі де, басқалары да мыңғырлап айта алмайды. Осындай кеу­демсоқтарға қарап, ғұлама ғалымдар Қ.Сәтпаев, Ә.Марғұлан, М. Әуезов, Е.Бекмаханов, Е.Бөкетовтер тірі болса жер басып жүре алмай, ғалымдық атақтарынан бас тартары сөзсіз болар еді. Осы ойыма негіз, тірі жүрген шынайы ғалымдармен әлдеқалай бір сөйлесе қалсаң, мына ми батпақтың ішінде өздерін ғалыммын деп айтуға ауыздары бармай, ұялатын халде. Ана «а-ля» ғалымдарда бет жоқ. Сонда не болғаны, қайтіп қалай ел болмақпыз? Ұрпағымыз кімге қарап, бой, ой түземек? Бұл дегенің, әрине, сонау құрдымға кет­кен Кеңес заманы­нан қанымызға сіңірген, тексізден текті жасау үрдісінің, әлі күнге дейін кіндігінің үзілмей келе жатқандығы. Одан әріде, «Дала уәлаятын» басқарған губернатор М.М.Сперанский (1772-1839): «Қазақтарды зорлап шоқындырып, Иванов, Петров қылудың қажеті жоқ, әрі күмәнді. Бұларды ұлтсыздандырудың тура жолы, көптеп орыс мектебін ашып, ұрпақтарын орыс тілінде оқытсақ, өздерінен өзі орыстанады» деуіндегі көрегендігінде жатса керек. Оған дәлел, таяуда орыстың бір саясаткерінің: «Если человек говорит и думает по-русски, и если его поступки определяются мировозрением, основанном на русской культуре и истории, – это русский человек, часть русского народа» деуі М.Сперанскийдің ойын айқындай түседі.
Болмысымызға, әдет-­ғұрпымызға, салт-дәстүрі­мізге, тілімізге, ұлттық қасиеттерімізге, санамызға, әлі де болса қырын қарауымыз – бұл санамыздың кешегі қызыл империя құшағынан шыға алмай отыр­ғанын білдіреді.
Егемендік алдық деп алақайлаған елге, 30 жыл есеңгіреп мәңгүрттеніп жүру – қорлық, трагедия. Билік басындағы сүйменжұтқан қазақтар өз қандасы қаза­ғын, аяқасты басқаларға жығып беріп отырғанда, өзге жұрт, төңірек, қазақты ұлт екен деп қалай сыйламақ? Қазақ ұлтының қара шаңырағына ілтипатпен бас игізе алмаған себепті, құр бос дарақылыққа салынып, көшелерге, мектептерге, ауылдарға, әлдебіреулердің атын бергіш болғанымыздан ұлттық санамыз, ұлттық ұстанымымыздың өрге баса қоюы қиындай түсетіндей.
Осы орайда, мысалға Алжир халқын алайықшы. Олар егемендігін 1962 жылы алысымен жанұшыртып, келешегін ойлап, намысқа басып, балаларын жаппай өз ана тілінде оқыта бастады. Мектеп тапшылығына қарамастан, күрке, шалаштарда оқытты. Оқу құралдары жетіспесе де, кітаптарды қолдан көшіріп көбейтті. Ақыры, тез арада естерін жиып, араб елдерінің қатарына, еңсесі биік, тең ел болып қосылды. 22 миллион халқы бар алжирліктер француздардан қаймығып, қымсынбай-ақ, өз тілінде сайрап елдігін тірілтіп ала жөнелді.
Бала оқытатын шалаш, күркелердің қасында, зәу­лім, көпқабатты, француз тілінде оқытатын, компью­терге толы, жарқырап, жайнап тұрған мектептер, сол кезде қаңырап бос қалды. Ұлылық, ұлттық намыс деген осы болар. Ал біз ше? Егемендігімізге отыз жыл болса да, әлі бос белбеулікке салынып, көршілеріміздің көңіл-күйіне жалтақтай қарап, қоянжүректенудеміз. Бұқпантайлай берсек, келе-келе, ұлттық қасиеттеріміздің жұрнағы да қалмайтын түрі бар.
Өткен ХХ ғасырдың басында біздерде де алжирліктердей лашықтарда ұрпағымызға ана тілінде білім беріп, жастарымыздың намысын оятқандығымыздан, солардың ішінен жаппай ел қамын ойлайтын ұлтшыл Алаш азаматтары шығып еді. Бұлардың көбінің білімі Еуропа, Ресей университеттерінде әрі қарай ұшталғандықтан, Кеңес өкіметін басқарып отырғандардан артық, әрі сұңғылалық танытқандықтан, қызыл террор қырғынға бұқтырып, Алаш зиялыларының көзін жойып, ойран-топырын шығарып, жер аударып, асып, атып, соттап, әрі қазақ елінің алдындағы малын тартып алып, аштыққа ұрындырып, басын сиретіп, өздеріне қолайлы ел ішіне «арам шөптерді» қаулатып жіберді. Абай хакім айтқандай: «Адам бір іші толған боқтың қабындай» дәрежеге жеткізді. Содан бері құмырс­қа құрлы бола алмай қалған халдеміз. Олардың жолдарына кесе-көлденең тұрып қалған жыланның өзін де ынтымағы беріктігінен жабыла кетіп әп-сәтте көзін жойып жібереді ғой.
Ал біз ше? Алысқа бармай-ақ қояйық. Семейдің тумасы, шовинист Н.Е.Морозовқа Семей қаласының нақ ортасынан ойып тұрып бір үлкен көшенің атын бердік. Өзі 17 жыл екі үлкен облысымызды басқарып жүріп, жергілікті қазақтарды ұнатпаған нацист еді. Сол қылығын жасырмай, Семей баспасында шығарған «Горькая правда» кітабында «Казахстан – это надуманное государство», «Азиаты – коварный народ» дейтініне қарамастан, қазақтың зиялысымын деп көкірек керіп жүрген бір азаматымыз шімірікпестен, қазақ мемлекетінің заңын белден басып, сол Морозов тірі жүрсе де, қала ортасынан көше атын беріп жіберген. «Заготконторды» басқарған қазаққа көше атын берді деп назаланып жүргенде, мына оспадар, ұр да жық қылығымызды немен, қалай түсіндіруге болар екен? Осынау намыссыздығымызды көз алдыңа елестетсең, сонда біз кімбіз? Оны айтасың, тіпті кәкір-шүкірленіп, өздерін мәңгілікке аттарын қалдырмақшы мақсатпен, бала-шағаларының аузынан жырып, қалтасындағы азын-­­аулақ тиын-тебеніне, оншақты жолдас-жораларынан екі-үш беттік мадаққа толы былдыр-батпақ бірдеңелерді жазғызып алып, ішін неше түрлі фотосуреттерге толтырып кітап қылып шығарып жатыр.
Содан барып жазушысымақтар көбейіп, бұл күнде олардың саны 800-ден асты. Ал солардың ішінде, еліне, халқына, ұлтына нағыз жа­нашыр 10-15-тей ғана жазушы бар. Қалғандары біреулерге арнап өлең, жа­ра­пазан жазып, садақа алып, кітаптарын жазып беріп, пайда тауып жүргендер. Сонда бәріміз жаппай осындай қылықтарға көшсек, елімізді қалай көркейтпекпіз, алға бастырмақпыз? «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деп Абай хакім айтып кеткендей кем-кетігіміз бастан асады.Ұлт болып, елдігі­мізді сақтап, әрі қарай дамыту үшін іргеміздің мық­ты берік болуы шарт. Сонда деймін-ау іргелі ел болуымызға, кетік жерлеріне опасыз, қу, жан-жағын жал­маушы обыр­лар қаланып жатқанда болашағымыз не болмақ? Өзіміздің көмескіленіп жоғалып бара жатқан ұлттық қасиетімізді, рухымызды қалай ғана көтермекпіз?
Елім-ау! Ұлтым-ау! Ұлылы­ғыңды қайтейін, «Кедейдің күні кіжінумен өтедінің» кейпіндемін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп, Абай хакім айтқандай, ұлттық ұлы қасиеттерімізге берік болайық. Анаған көше аты, мынаған мектеп аты берілмеді, қала аты аталмады, ескерткіш орнатылмады деген құр желөкпелікке салынбай, тектілігімізді жаңғырту, намысымызды ояту парыз болмақ.
Ал сол аталас, талас ру­шыл­­дықтың кесірінен, еліне жаны ашымаған адамдарға орнатылған ескерткіш­тер­­­ден, қарап тұрсаң, жы­лы­­­лықты, мейірімділікті сезінбейсің, қайта суық, ыз­ғар аңғарылады. Жалған атақ, бос дәреже ешкімге опа бермейді.
Саралап келгенде, осынау тыраштықтың бәрі көбінің өлімнен қорыққандығынан болса керек. Дүниеде шы­найы өлмеймін десең артыңа тәрбиелі ұрпақ, әрі жүрген ортаңа нұрлы, сәу­ле түсіретін іс атқарып, хал­­қыңа адал қызмет атқарып кет. Адамның нағыз мәң­гілігі – осы. Халқымыз: «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» атты қағидасында ғұламалық ой жатыр. Осынау ой, философ Фейер­бахтың еңбегінде де кездеседі. Ұрпағың көп болса, сенің бұл өмірге қайтып оралуың ақиқат. Римнің атақты көне ойшылы Сенекадан: «Адам өлген соң қайда барады?» деген біреудің сауалына: «Қайта тірілуі үшін кезекке тұрады» деуінде, бүгінгі генетиктер де таң қалатын ғажап тұжырым аңғарылады. Халқыңа адал қызмет атқармасаң, ұрпағың өспесе, даңғазалыққа салынып, әр жерге атыңды бергізгеннен ештеңе шықпайды, опа бермейді.
Оның үстіне, ортақ қорымда жатқан, тірісінде еліне атқарған жақсылығы байқалмаған әруақтардың басына зәулім ескерткіш­тер, ғимарат салу, сол жат­қан жері жарық болғыр аруақтар, ой-санаңды рухтандыра алмай, ізет, құрмет туғызбайды, қастерлетпейді. Себебі олардың қайта өмірде істеген қиянаттарын еске түсіртіп, ұрпақтарын ұятқа батырады. Есте жүретін жайт, дүниеде таза мінез, қайырлы іс жиып қайтқанда ахиретке бірге баратын дәулет екенін білген жөн. Жалпы жер басып жүрген адамға әсіресілтеу­шілікке, астамшылыққа барып тәкаппарлану жақсылықтың нышаны болмаса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. тірісінде, өзінің бетпердесін, суретін ешкімге салуға рұқсат бермеген көрінеді. Бұл күндері әр жерде кезігіп қалатын Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыздың бейнесі деп жүргеніміз уақытында әлдебіреулердің айтуымен салынған (ауызша портрет) деп білгеніміз жөн.
Шындығында, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. орта бойлы, ақ жүзді, жирен сақалды, қара шашты, қыр мұрынды, қабағы қою, көркем жүзді, жауырынды, сөйлесе сөзі балдай тәтті болғанға саяды.
Пайғамбарымыз өзін әс­петтетпеуі, ертең жер-­жерде оған тасқа қашап зәулім ескерткіш орнатып, үйлерінде суретін іліп, ол бейнеге тағзым жасап, бас­тарын иіп – ла иллаһа иллаллаһу – Алланың Құдірет, күш-қуатын, шарапаты мен шапағатын түсінуіне кесірін тигізеді, ұмыттырады деп қарсы болған.
Қандай ұлылық, имандылық, қарапайымдылық, рухани күш, жарасымды­лық, үйлесім, даналық, пайғамбарлық?!
Сонда деймін-ау, бүгінгі біздің мұсылманмын деп жүрген пысықайлардың қылықтарына не жорық?
Мәдениетімізден, адам­гершілік қасиетімізден, ұлылығымыздан, ділімізден жұрдай, Абай хакім айт­қандай: «Бас басымыз­ға би болған өңкей қи­қым», дарақы, дүмбілез, дүдәмал, әулекі, есерсоқ әумесер, есірік, тыраш, тыр­тақ, тыр­таң, бөспе, бетсіз, босбелбеу, бөспебай, есуас, ессіз, есерсоқ, алаңғасар, көпірме, өтірікші, шалағай, мақтанқұмар, мақтаншақ болғанда, кім болдық? Тоқтау айтар, жөн сілтер, бәтуа­ластыратын, елдігіміз­дің іргесін нығайтатын, былық-шылықтан айырып, қазақы философиядағы ұлы гармониялы ұлылығымызды қалпына келтіретін қазақ табылса, қанеки?!
Түрікшілдіктің негізін қалаған Зия Көкалып (1876-1924): – «Егер түріктерді, түрікшілдік мұраты аясында біріктіріп, үлкен құлдырау қаупінен құтқара білетін ұлы данышпан тумаса, түрікшілдікке байланысты бүкіл іс-әрекет нәтижесіз қалмақшы еді. Құдайға шүкір, бүгін, бүкіл әлем Ғази Мұстафа Кемал паша есімін қасиеттеп, әр сәтте құрметпен еске алады. Бұрын Түркияда түрік халқының ешқандай маңызды орны жоқ еді. Бүгін бар құқық – түріктікі. Түрік жеріндегі бүкіл билік – түріктерде. Саясатта, мәдениетте, экономикада билік – түріктерде. Осындай мықты да үлкен түрікшілдікті жүзеге асыр­ған адам – Кемал Ататүрік. Ол – түрікшілдіктің ең ұлы қайраткері. Өйткені қиялдап ойлау мен насихаттап айту – оңай. Ал ол қиялды жүзеге асыру және табысты нәтижеге жеткізу, әсіресе қиын» дейді.
Ал біз болсақ, өз қолымыз өз аузымызға жетті деп дау­рыққанымызға отыз жылдың жүзі болса да, әлі ес жия алмай, қазақи ортақ тәрбие аясында өсіп, жетіле алмай пүшәйман дегенерат хал кешіп, кім көрінгенге жем болып, келешегіміз бұлыңғырланып, бақытсыздыққа ұрынатын түріміз бар. Рухымызды асқақтатып, намысымызды оятатын ортақ түйсік, ұлы гармония үйлесім тұтастығын орната алмай келеміз. Бұқар жырау­дың (1668-1781):
Аталыдан би қойсаң,
Адаспас жол мен жобадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босамас аузы парадан, – дегені келгендей.
Арамдық кірген қоғамда қандай береке болмақшы?
Малдан айырмашылығымыз түйсік пен тіліміз еді. Сол адами қасиеттерден айырылып барамыз.
«Топтан қалған қазды, топтанған қарға жейді» дегенге ұрынатын түріміз бар. …Арқада Бурабайдай жер болмайды, Алашта Кенекеңдей ер болмайды! Кене арыстан мезгілсіз мерт болды ғой, Алашқа бұдан да зор сор болмайды. Ел азды, арқа тозды, қайғы басты… Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды! Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң, Кенедей енді неге ұл тумайды? Кене жоқ, ізін басқан іні де жоқ, Дариға, жүрегімді дерт у­лайды! (М.Жұмабаев) Ойға ой қосайық, ағайын!..

Қасым ТӘУКЕНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − eleven =