ТЕАТРЛАРДЫҢ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСЫ

0 211

Осы аптада Тал­ды­қорған қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI халық­аралық фести­валінен Аста­наның қос театры олжалы оралды. А.Чеховтың «Шие бағы» комедиясымен қатысқан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры бас жүлдені және У.Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымын ұсынған Жастар театры бірінші орынды жеңіп алды.

14882174_1699442957041688_7928783769928502696_o

ЖАҢА МАУСЫМДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Биылғы жаңа маусымды бұл өнер ұжымдары толайым табыстармен бастады. Артта қалған қыркүйек айында Ақтөбеде ұйымдастырылған XXIV республикалық театр фестивалінде қаллекиліктер де, жастарлықтар да қойған қойылымдар ең үздік спек­такльдердің қатарынан көрінді. Қ.Қуанышбаев театрының мерейін онда да «Шие бағы» комедиясы өсірді. Ал Жас­тар театры Ж.П.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклімен топтан озды.
Сондай-ақ, жастарлықтар Беларусь Республикасында өткен «Белая вежа» ХХІ ха­лық­аралық театр фес­ти­ва­ліне Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбайұлының «Шың­ғыс­хан» әфсанасымен қатысып, «Ең әсерлі қойылым» аталы­мының жүлдесін иеленген еді.

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ЖЫЛДА ӨСКЕН МЕРЕЙ

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры – ел тәуелсіздігінің төл құрдасы. 1991 жылдың 15 қарашасында Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» драмасымен шымылдығын алғаш ашқан ұжым өзінің бірінші жеңісіне 1996 жылы қол жеткізіп, Уфа қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер арасындағы ха­лықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясымен лауреат атанды. Театрдың алғашқы жеңісі өнер ұжымының негізін қалаушы режиссер Жақып Омаровтың есімімен тікелей байланысты. Қаллекиліктер Талдықорғанда түбі бір түркітілдес халықтары арасында өнерімен суырылып шығып, Жақып Омаров, Әзербайжан Мәмбетов, Қадыр Жетпісбаев сынды театрға әр жылдары жетекшілік еткен режиссерлердің әруақтарын риза қылған шығар деп ойлаймыз.
Кеңес одағының халық әртісі, ҚР Халық қаһарманы Әзербайжан Мәмбетов театрға жетекшілік еткен кезеңде, 1999-2009 жылдар аралы­ғында қаллекиліктер түрлі халық­ара­лық байқауларда үлкен та­быс­тарға жетті.
Жастар театры биыл Х ме­рейтойлық маусымды ашқан болатын. Жастарлықтар өнер әлеміне Беларусь халқын әсер­лендірген «Шыңғысхан» әфсанасымен қадам басты. Бұл ұжымды түрлі жеңістерге театр­дың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай жетелеп келеді. Жаңа маусымда табыс әкелген «Моцарт» мюзиклінің де, «Шыңғысхан» әфсанасының да қоюшы ре­жиссері Нұрқанат ағамыз. Кейінгі жылдары шебер режиссер осы өнерге шәкірттерін де баулып жүр. Мәселен, театрдың дарынды әртісі Дәурен Серғазин осы күндерге дейін бірнеше қойы­лымды сахналап үлгерді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ҮЗДІК АТАНДЫ

aaaa
Орталық Азия мемлекет­те­рінің VI Халықаралық театр­лар фестиваліне келсек, оған Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Татарстан және Өзбекстанның үздік ұжымдары қатысты.
Қаллекиліктерге бас жүлде әперген «Шие бағы» комедиясын Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресейдің ұлт­тық театрларының арасында өтетін «Золотая маска» сый­лығының иегері Сергей Потапов сахналады. Ал режиссерлік шешіммен ерекшеленген қойы­лымдағы мақсатты басты рөлді сомдаған актриса, «Золотой Витязь – 2015» халықаралық театр фестивалінің алтын дип­лом иегері Ақмарал Танабаева,
Қаллеки театрының белді әр­тістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кеңесбай Нұрланов, Нүркен Өтеуілов, ҚР «Дарын» мемлекеттік
Жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев және Айман Аймағамбет, Дастан Әлімов, Шах-Мұрат Ордабаев, Айшолпан Ибраева, Алтынгүл Серкебаева, Жұлдыз Искакова сынды актерлер мен актрисалар жүзеге асырды. Бұл қойылымнан Қаллеки театрынан Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев та көрінді.
Ал олармен құйрық тістесіп келген жастарлықтардың қой­ған туындысы – «Асауға тұсау» комедиясы классика мәңгілік екенін тағы көз жет­кізді. Алдағы қараша айында Астанада республикалық театр фестивалінің ұйымдастырылуы жоспарланып отырғанын айта кетейік. Онда да астаналық театрлар табысқа жететініне сенімдіміз. Ал Талдықорғандағы жетістік – қос ұжымның тәуел­сіздіктің 25 жылдық мерейто­йына тамаша тарту болды деп ойлаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =