Театрлар «туған күнде» тоғысты

0 106

Елорданың Nomad City Hall театрында «Ерекше күн» атты мерекелік кеш өтті.
Салтанатты жиынға астаналық алты театр қатысып, үздік қойылымдарын сахналады.
Шара аталмыш өнер ордасының 2 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Мерекелік кешке келген Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Жастар театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, Музыкалық балалар және жасөспірімдер театры жас өнер ұжымының бағытына бағдар беріп, жылы лебіздерін жеткізді.
«Небәрі 2 жасқа толған театрдың қуанышымен бөлісу үшін келдік. Жасына жас қосылып келеді, көрер­мендердің санын көбейтіп жатыр. Директоры өз ісіне мықты, елге белгілі азамат ­Тұрсынбек Қабатов, әртістері де сондай еңбекқор, талантты деген ойдамыз. ­Сайлау Қамиевты де аерекше бағалаймын, кезінде өзіне театр құру туралы кеңес бергенмін. Содан 2018 жылы осы өнер ордасы ашылды. Аз уақытта тұрақты көрермендерін де тауып үлгерді. Дегенмен қойылымдарын көрудің сәті түспей жүр, бірақ ниеттеніп жүрмін. Аяқ алысы жаман емес, алар асулары әлі алда» дейді Жастар театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
Театрдың бас режиссері Сайлау Қамиевтың айтуынша, Nomad City Hall-ға әлемдік режиссурадағы айқын тұлға Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілмек.
«Айтулы күнде елордалық театрлардың басын қосып, тәжірибе алмасу үшін бір сахнада тоғыстырғымыз келді. Бірлігі жарасқан өнер ордаларының әдемі бір мерекелік кеші өтті. Театрға Ә.Мәмбетов­тың есімін сұрап отырмыз. Өйткені танымал тұлғаның атына лайық болатынымызға сенім мол. Репертуарымыз, актерлік құрам, техника мен ғимаратқа дейін сай келіп тұр. Қазіргі таңда ірі тұлғаның атын алғымыз келіп, ниеттеніп жатқан жайы­мыз бар. Ол үшін әкімдік пен Үкіметке өтінішімізді жеткіздік. ­Ә.Мәмбетовтың жары, ұл-қыздары бұл бастамаға ризашылығын білдіріп отыр. Жақын арада бұл іс оң шешімін табады деген үміттеміз» деді ол.
Салтанатты рәсім кезінде театр әртістері мен қызметкерлеріне арнайы сыйлықтар табысталып, алғыс хаттармен марапатталды.
Алдағы уақытта «Nomad City Hall» сахнасында үш бірдей премьера: Абайдың 175 жылдығына орай «Япырмау, қайда махаббат?!», Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» мен шетелдік драматургияның таңдаулы комедиясын қою жоспарланып отыр.

Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =