МӘДЕНИ АСТАНА МӘЙЕГІ

0 158

Аяқталып қалған айдың соңғы жексенбісі Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып саналады. Ендеше 30 қыркүйекте төл мерекесін атап өтетін рухани өмірдің айнасын қалыптастыратын өнерпаздарымызды айтулы күндерімен құттықтай отырып, Астананың мәдени өміріндегі биылғы толайым табыстарға тоқтала өтсек.

Үстіміздегі жылы аталмыш салада аз өзгеріс болған жоқ. Ең алдымен елордамыздың «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» болып, жыл басынан әлемдік мәдени шаралар кіндігіне айналып отырғанын айтқымыз келеді.  

Елорданың ерекше мәртебесі

ТҮРКСОЙ-ға мүше 14 елдің ішінде Астана ең бірінші болып мәдени елорда мәртебесін иеленді және 2012 жыл Астана жылы деп жарияланды. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай хабарлағандай, Астана қаласының әкімдігі мен министрлік бірлесе отырып «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылын өткізу жөнінде нақты жоспар әзірледі. Жоспар бойынша, түркі тілдес елдермен түрлі форматтағы бірқатар шаралар жүзеге асты. Фольклорлық би топтарының фестивалі, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпелі өркениеттер фестивалі, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалі, «Жаңа әлемдегі еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы, ТМД елдері заманауи композиторларының камералық музыка фестивалі, ТМД елдері этнографиялық фильмдерінің «Самұрық-Этно-Фест» кинофестивалі биыл алғаш рет елордада өткізілді. Дельфий ойындары, жетекші театрлар мен өнер ұжымдарының гастрольдік концерттері ұйымдастырылды.

«Астана – түркі әлемінің мәдени елордасы» жылының аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті биылғы 27 тамыз және 5 қыркүйек аралығында көпшілік назарына ұсынған «Жаңа мыңжылдықтың жаңа Астанасы» атты түркітілдес елдер фотосуретшілерінің көрмесінде түркітілдес елдерден қатысқан 25 фотосуретшінің туындылары қойылды. Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында түркітілдес елдер суретшілерінің IX кездесуі өткізілді. Қазіргі заманғы өнер мұражайында Қазақбай Әжібекұлының «Арман дала» атты жеке көрмесі ашылды. Одан бөлек, мүсіншілердің 5-кездесуі өтті. «ТЭФИ-Достастық» ІІ телевизиялық фестивалі аясында жұмыстар қыркүйекте тәмамдалды. Астанамыздың мәдени мерейін асырған аталмыш жоба аясындағы мәдени шаралар жыл соңына дейін жалғаса береді.

Шекарасыз өнер шеруі

Астанадағы ерекше мәдени ынтымақтастықтың көрнекі дәлелі ретінде  маусым айында өткізілген Қазақстандағы Әзербайжанның мәдениет күндерін айтсақ болады. Бейбітшілік пен Келісім сарайында сол елдің өнер шеберлерінің концерті мен мәдени күндердің ашылуына орайластырылған  «Әзербайжан: дәстүр мен қазіргі заманның тоғысуы» көрмесі ұйымдастырылған еді. Мамыр айында өткен Астанадағы Голландия апталығы да елордалықтарға өз игіліктерін ұсынды. Оның аясында бірқатар голландиялық кинофильмдер қазақ көрерменіне жол тартты. Әлем танитын голландтық фотосуретші Эрвин Олафтың көрмесімен ашылған мәдени шаралар бір апта бойы көпшілік көзайымына айналған еді.

Қазіргі таңда әлемде теңдесі жоқ канадалық «Дю Солей» циркі Астананың мерекесіне арнайы шоу қойды. Шоуды ұйымдастыруға Тимур Бекмамбетов септесіпті. Олардың ерекшелігі де, өзгешелігі де тек адам бойындағы дархан дарын мен ғажайып таланттың қарымын шыңдай отырып, көрерменді таң тамаша қалдыру. «Астанаға арналған бағдарламаны небәрі 1,5 айда даярлап, бар-жоғы 60 минутқа сыйғыздық» – деп бағдарламаның қоюшы режиссері Вероник Дюссоның айтқанындай, өзі асығыс жасалса да көрерменін тапжылтпай 60 минут ұстаған керемет шоуды көрген де арманда, көрмеген де арманда.

Сондай-ақ, «Қазақстан» орталық концерт залында «Опералия-2012» фестивалінің аясында «Әлемдік операның жұлдыздары» атты концерт өтті. Еуропаның жетекші театрларының опера әншілері Джузеппе Варано мен Сильвия Далла Бенетта сахнада өнер көрсетті. Елордалық өнерсүйер қауым оларды жылы қабылдады.

Астанадағы ең танымал мәдени мерекеге айналған жоба ол «Шабыт» шығармашыл жастар байқауы екені рас. Биыл бұл байқау қатарын Ресей Халық әртісі Денис Мацуевтың қолдауымен ашылатын «Астана аккордтары» фестивалі толықтырмақ. Жуырда ғана арнайы тұсаукесері болған фестиваль келер жылдың көктемінде шымылдық түреді. Талапты жастарды өнер биігіне талпындыратын ұстахана болады деп сенім артушылар қатары қазірдің өзінде мол. Астананы әлемге танытып жүрген кезекті аламан ол – Тимур Бекмамбетовтің ұйымдастыруымен өтетін «Astana» экшн-фильмдер фестивалі. Бұл фестиваль аясында да көптеген шетелдік киножұлдыздар елордаға арнайы ат басын бұрып, елді тамсандырып, өздері де таңдай қағып кетіп жатыр.

«Азия жаңғырығы» бірнеше елдің цирк өнерпаздарының басын қосып, мықтыларын екшеп келетіні және бар.

Шетелдерді мойындатқан шеберлік

Астана қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловтың бастамасымен көптеген думанды бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Оның қаладағы мемлекеттік филармонияға қарасты барлық өнер ұжымдарын аспаптық, костюмдік аспектіде жаңартып, сан елдің фестивальдеріне баруына ат көлігін сайлап беріп отырғаны өнерпаздар еңбегінің бағалануы болып табылады. 2011 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік филармониясы концерттердің сапасын көтеру мақсатында оларды фонограммасыз өткізуге көшіп жатыр. 24 қаңтарда музыкалық фонограмманы қолданбай-ақ, қазақ композиторларының әндерін эстрада жанрының солистері нақышына келтіріп орындап шықты. Көрермендер мұндай жаңалыққа өте жоғары баға берді. Мемлекеттік филармонияға қатысты өнер ұжымдары концерттерінің мазмұны мен репертуарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтауға мейлінше үлес қосып отырған филармонияның оркестрі, ұлт аспаптар ансамбльдері өз репертуарларын халық композиторларының тағылымы мол сүбелі туындыларымен толықтыра түсті. «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Хамзиннің айтуынша, 2011 жылдың ішінде осындай толықтырулар қатарына 76 жаңа шығарма қосылды. Олардың ішінде Қазақ халық аспаптар оркестрінің репертуарына Құрманғазы, Махамбет, Н.Тілендиев, А.Жұбанов, шығармаларынан 28 ән мен күй іріктеліп алынды. Дәл осындай жолмен басқа да ұжымдар халықтың көңілінен шығатын жаңартуларды жүзеге асырды.

Өткен жаз айлары елордалық өнер ұжымдары үшін елеулі жетістіктерге толы болды. Филармонияның Симфониялық оркестрі 21 шілде мен 4 тамыз аралығында Еуропа мемлекеттеріне турне жасады. Гастрольдік концерттерін Австрия, Германия, Италия сынды елдерде қоюға мүмкіндік алған бас қаламыздың өнерпаздары үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, шығармашылық шабытпен елге оралды. Тюльн, Бад Фюссинг, Альба, Сорренто, Капри, Кальтаджироне, Катания, Джела сияқты қалаларға арнайы ат басын бұрып, бірқатар шетелдік фестивальдерге қатысып, өнер сайыстарында шыңдалып, тыңдармандардың овациясына бөленді. Еуропа жұртшылығы қазақтың оркестрі ұсынған классикалық туындыларға қаншалықты риза болса, қазақ фольклорына да ерекше тәнті болғанын ыстық лебіздерімен білдірді.  Оркестрдің турнесі тұманды Альбионда өтіп жатқан әлемдік спорт додасымен сәйкес келіп, қазақтардың жеңісі елордалық музыканттардың да мерейін үстем етті. Қазақтың өнеріне деген ерекше қызығушылық танытқан тыңдармандар легі бір толастамады. Бұл турне Филармония директоры Сәкен Әбдірахманов пен бас дирижер Абзал Мұхитдиновтің келіссөздері арқасында мүмкін болғанын айтпай кетпеске болмас. Олар австриялық «VIENNA IMPRESARIO» агенттігімен келісіп, Еуропа көрерменін өзгеше әуезде өнерлерімен тамсантып қайтты. 15-23 шілде де Бейжіңде өткен ХІ Дүниежүзілік хор фестиваліне Астана мемлекеттік филармониясының Камералық хоры қатысты. 165 ұжымның арасынан суырылып шығып, аралас хор саласы бойынша алтын жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. 10-12 тамыз аралығында Ресейдегі Тува Республикасында ІІІ Халықаралық эстрадалық орындаушылардың байқауы өтті. Бұл байқауда Н.Балапанов І орынды жеңіп алса, Д.Маева ІІІ орынды иеленді. Астананың өнерпаздары жаз бойы биік асуларды бағындырып, қоржындарын көп жетістікке толтыра келгені бүкіл қаламыздың мерейін асыруда.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай елорданың қазақ және орыс театрларына «Академиялық» мәртебе берілсе, судай жаңа Оқушылар сарайы өз игілігін жас жеткіншектерге ұсынып үлгерді.

Мамырдың 31 күні «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» атты монументтің салтанатты ашылуы болды. Екі миллионға жуық  құрбанның рухына бағышталған монументті тұрғызу идеясын Елбасы өзі айтқан еді.

Қазақ өнерінің биігінде аттары алтын әріптермен жазылған күміс көмей әнші К.Байсейітова мен буынсыз биші Ш.Жиенқұлованың 100 жылдықтарын ел болып тойладық. Ұлттық мұрағат қызметкерлерінің ұйымдастыруымен К.Байсейітованың өмірі мен өнеріне арналған құжаттық көрме жасалды. Екі алыпқа арналған гала-концерттер өтті. Олар да халықтың жүрегіне жол тапқан ерекше кештер санатында.

Мұндай атаулы мәдени шаралар қатарына күні кеше ғана өткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әліні еске алуға арналған әдеби-музыкалық кешті де қосқымыз келеді.

КСРО Халық әртісі Мүсілім Магомаевтың 70 жылдығының Астанада тойлануы оның әнімен өскен аға буын өкілдері үшін ғана емес, жалпы әннің қадірін білетін халық үшін таптырмас жан тебірентерлік толайым кеш болды.

Театрлар тартуы

Астанадағы М.Горький атындағы театрда Михаил Булгаковтың «Майталман шебер мен Маргарита» шығармасын сахналанды. Екінің бірінің жүрегі дауалай қоймайтын дүниені Астанаға мәскеулік «Юго-Запад» театры алып келіпті. Гастрольдік сапармен маусым ашқан бұл туынды елорданың мәдени өміріне тың серпіліс әкелді. Аталмыш театр литвалық режиссер Йонас Вайткусты арнайы шақырып, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын сахналауды жоспарлап отыр. Литва режиссурасының патриархы саналатын Й.Вайткус Астанаға алғаш рет табан тіреген тұста «Сіздердің астаналарыңыздан жалындаған күш пен сенімділік байқалады. Себебі, барлық бағытта қозғалыс бары көрініп тұр. Басқа қалалардағыдай бірқалыпты тұрған еш нәрсе жоқ. Болашаққа деген үміт бар» деген ыстық лебізінен-ақ оның елордалық театрмен бірлескен жобасы біздің көрермендер үшін тосын, тартымды сый болатынын аңғартады. Көктемде Қаллеки театры бір емес бірнеше премьера өткізді. Оның ішінде У.Шекспирдің «Гамлеті» қазақ көрермені үшін көптен сағындырып жеткен образ екені де рас. Ұлттық опера және балет театры еуропаға аса танымал «Гофман ертегілерінің» тұсауын кесіп, көрермендерін тамаша туындымен таныстырып өтті. Ал, астаналық «Жастар» театрының Оралдағы кезекті жеңісі күллі елорда театралдарының қуанышына айналды. Кеше ғана жеңімпаз қойылым, М.Горькийдің «Ревизор» трагифарсы жаңа маусымның шымылдығын ашты.

Мәдениет қызметкерлеріне арналған салтанатты кеш бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Шынар ӘБІЛДА   

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =