Театрлар: таразы басы тең бе?

0 162

 Астаналық театрлар халыққа қаншалықты танымал және қолжетімді? Қай жанрдағы қойылымдар сұранысқа ие? Көрермендер санын арттыру үшін не істеу керек? Спектакльдер сапасына не әсер етеді? Жалпы, бүгінгі театрлардың жетістігі мен олқылығы қандай? Таяуда елордада құрылған «Театр диалогы» клубының алғашқы отырысында осы мәселелер ортаға салынды. Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы әзірлеген театрларды дамыту тұжырымдамасы таныстырылып, театр қайраткерлері осы саладағы өздерін толғандыратын мәселелерді ашық айтты. Бұдан түсінгеніміз, бүгінде бұл салада қордаланып қалған мәселелер аз емес.

БИЛЕТ БАҒАСЫ ӨСЕ МЕ?

Қала тұрғындарының мәдениетін театр қалып­тастырады деп есептейді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов. Сол себептен осы жылды аталмыш басқарма театрға арнап, осындай мәдени ошақтарды елорданың бүкіл халқына қолжетімді ету мақсатын көздеп отыр. Соған сәйкес тұжырымдама да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Шеті жоқ қала» принципі негізінде әзірленген. Бұл құжатпен басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Пазылхайыр таныстырды.
Театр мен көрермендердің арасы алшақ болмауы керек. Бірақ іс жүзінде бүгіндері қала аудандарында театрлардың орналасуы жағынан тепе-теңдік сақталмаған. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында – 9, Есіл ауданында – 6, Алматы ауданында жалғыз студенттік театр болса, Байқоңыр ауданында бірде-бір осындай мәдени ошақ жоқ.
– Бір атап өтетін жайт, Алматы және Байқоңыр аудандарында 600 мыңнан астам халық тұрады. Көптеген студент пен жан-жақтан елордаға жұмыс істеуге келген адамдардың көпшілігі осы аудандарда тұрып жатыр. Өндіріс, Көктал, Железнодорожный, Ильинка секілді шет аймақ тұрғындарына да театрлар қолжетімді емес. Қазір аталған аудандарда жаңа театрларды салуға мүмкіндік жоқ. Сол себептен шет аймақтардағы ашық алаңдарда мемлекеттік театрлардың гастрольдерін, шығармашылық кездесулерді, фестивальдерді өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Б.Пазылхайыр.
Оның айтуынша, қазіргі көрермендер комедия, музыкалық спектакль, лирикалық драма және тарихи драма секілді төрт жанрға қызығушылық танытады. Қалалық театрлар билеттерінің орташа бағасы – 1000 теңге.
– Бұл өте төмен баға деп есептейміз. Сондықтан қазір баға саясатын қарап жатырмыз. Мәселен, республикалық театрларда билет бағасы 5 мың теңгеден басталады. Алматыдағы ARTиШОК жекеменшік театр қойылымдарын көру үшін көрермен кемі 2 мың теңге төлеу керек, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Қалалық театрларда би­леттердің онлайн саты­лымының көрсеткіші де төмен. Мысалы, республикалық мәртебені иеленген «Астана Опера» театры билеттерінің 82 пайызы электронды сауда арқылы өтіп жатыр. Халық арасында қалалық театрларға қарағанда республикалық театрлар танымал көрінеді. Бұл қалалық театрлардағы маркетологияның ақсап жатқанының көрінісі деп есептейтін басқарма басшылығы осы олқылықты түзеу үшін белгілі бір бренд қалыптастыру керек деген пікірде. Сол себептен әр театрдың танымалдығын арттыратын түстер палитрасы мен ұранды әзірлеуді ұсынды. Мысалға «Билайн» компаниясының сары және қара түстерін келтірді.

ЖАС КАДРЛАР ЖЕТІСПЕЙДІ

– Біздің театрлардың дамуына жеткілікті мөлшерде қаржы бөлінбейді. Кәсіби жас кадрлардың жетіспеу­шілігі де бар. Бұл қатарда актерлерден ғана емес, декорация, дыбыс мамандарынан, маркетологтардан тапшылық сезіліп отыр, – дейді Б.Пазылхайыр.
Ал театрлардың табысын қалай арттыруға болады? Бұған дәстүрлі шешім – демеушілерді тарту ұсынылды. Мәселен, жоғарыда аты аталған ARTиШОК театры демеушілердің көмегімен ісің дөңгелентіп отыр. Басқарма басшылығы театрлар туризмнің дамуына да үлес қоса алады деп есептейді.
– Шетелден келген қонақ қонақүйге орналасатыны белгілі. Неге біз қонақүйлермен жұмыс істемейміз? Сол арқылы неге демеуші таппаймыз? Нөмерге жайғасқан қонаққа билет берсек, жаңа көрермен тартылады. Есесіне театрға да пайда, қала да танымал бола түседі. Қойылым аудармасын ұсыну жағынан бізде проблема жоқ. Демеушілердің құрметіне залдың атауын беріп немесе соларға арнап тақырыптық спектакльдерді де қоюға болады. Мәселен, Еуропаның бір еліңде ұшқыштар өмірінен қойылым қойылатынын естідім. Сол сияқты, бізге «Air Astana» компания­сын демеушілікке тартуға болады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Көрермендер жасына келсек, елордада осы күндері балабақшаға баратын балаларға арналған Қуыршақ театры жұмыс істейді. Алайда 7 жастан жоғары, яғни мектеп жасындағы жеткіншектерді де қамту керек. Осы мақсатта болашақта қалада балалар-жасөспірімдер театры ашылмақ. Қала театрларының жұмысын көрсететін бірыңғай сайтты ашу да жоспарланып отыр. Жоспарлар қатарында оқушыларға арнап «Жазғы мектеп» ашу, биыл әр театрдан техникалық қызметпен айналысатын екі адамнан тәжірибе жинақтау үшін шетелге оқуға жіберу, театрлардың жанынан құрамына кәсіпкерлер, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер кіретін қамқоршылық кеңестерді құру да бар.
Мәдениет және спорт басқармасы қалалық театрлармен қатар жекеменшік театрлардың дамуына да қолдау көрсетуге мүдделі. Атап айтқанда, осындай театрлардың арасында фес­тивальдер өткізу көзделуде. «Театр диалогы» клубының отырысына арнайы шақырылған солардың басшылары да тыңдалды. Жекеменшік театрларды негізінен спектакльдерге дайындық өткізетін, қойылымдарын қоятын орын мәселесі қинайды екен. Мұны «А. И.» театрының жетекшісі Айгүл Иманбаева жеткізді.

ЖАЛАҚЫ МӘСЕЛЕСІНДЕ ТЕПЕ-ТЕҢДІК ЖОҚ

Ал қалалық театрлар бас­шы­лығын қол астындағы қызметкерлердің әлеу­меттік жағдайынан бас­тап, шығармашылық жұмыстарға дейін көп нәрсе толғандырады.
– Өткен жазда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда актерлер мәселесін көтер­дім. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында тиісті тапсырмаларды берді. Бірақ бір нюанс бар: республикалық театр әртістерінің жалақысына 50 пайыз қосылды. Қалалық, облыстық театрлардағы бұл көрсеткіш 35 пайыз ғана. Қалалық мәслихатта осы мәселені көтеру керек. Яғни театрларды алаламай, жалақыны бірдей қылу қажет, – дейді Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов.
Мәскеуде 220 театр жұмыс істейтінін айтқан ол республикалық және қалалық театрларды қосқанда 8 театры ғана бар елордада сол қаланың үлгісімен «Актерлер үйін» ашуды ұсынды. Сондай-ақ театрлардағы кәсіби суретшілердің, гримерлердің, дыбыс режиссерлерінің, жарық берушілердің тапшылығына назар аударды. Театрлар жарнамасын ілгерілететін журнал ашу керектігін айтты.
– Журналда бүкіл театрлардың айлық репертуары қамтылуы керек. Қаланың сауда орталықтарында театрлардың бірыңғай кассасын ашуды, шет аймақтарда театрлардың филиалдарын құруды, онда аптасына екі-үш рет спектакльдерді қоюды ұсынамын. Қалада көптеген баннер бар. Бірақ онда театрлардың жарнамасы көрінбейді. Осыған да көңіл бөлсек деймін. «Астана Опера» театрының әр премьерасына 330 миллион теңге бөлінеді. Біздің бюджетіміз – 3-3,5 миллион теңге. Инфляцияны есепке алып, әр қойылым бюджетін көтеретін уақыт келді. Әйтпесе, қазір бөлінген қаржыға сай Қытайдың арзан тауарын сатып аламыз. Үшінші-төртінші қойылымда одан түк қалмайды, – дейді режиссер.
Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов қалалық мәслихат жалақы мәселесін шеше алмайтынын айта келіп, мұны көп болып Үкіметке жеткізуді ұсынды. Отырысқа қатысқан адамдардың бәрі бұған тоқтады.

ДРАМАТУРГТЕР БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жас­тар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай осы театрдағы жас әртістерге әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасалмай жатқанына қынжылды. Оның айтуынша, жастар санатын 29 жаспен шектеп тастағаннан кейін осы жастан асып кеткен көптеген әртіс жеңілдіктерден қағылып жатыр. Ол жастарға 35 жасқа дейін қолдау көрсету керек деп есептейді.
Сондай-ақ Н.Жақыпбай қыруар ақша шығарып, шетелден режиссер шақыруға да қарсы екенін айтып, бұдан белгілі бір пайда көріп отырмағанын, олардың жұмысын өздері де істей алатынын жеткізді.
Белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова кеңес заманында болып, кейіннен тоқтап қалған телетеатр­ды жаңғыртуды, яғни спектакльдерді телеарналар арқылы насихаттау мәселесін көтеріп, драматургтер қаламақысын реттеу керектігін айтып өтті.
Қазір елімізде жақсы драматург табу қиын екені де рас. Барларының жасы ұлғайды. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетованың да бүгінгі драматургияға көңілі толмайды. Осы орайда Мәдениет және спорт басқармасы жыл сайын драматургтер байқауын өткізуді ұйғарып отыр.
«Театр диалогы» клубының отырыстарын бұдан былай айына бір немесе екі рет өткізу жоспарланып отыр. Онда театрдың өзекті мәселелері жеке-жеке талқыланады. Бастысы, басқарма театрлардың жағдайына ерекше көңіл бөліп отыр. Ал мақсат елордадағы биылғы театр жылында бос ұрандарға бой алдырмай, нақты жұмыстарды атқару болу керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды