ТЕАТРДЫҢ ТАРТУЫ ТІПТЕН БӨЛЕК

0 149

logokdt3

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры 1 қазаннан бастап көрермендерге XXIV жаңа маусымының есігін ашқалы жатыр. Осы жөнінде біз аталмыш мәдениет ордасының ақпарат менеджері Әсем Шапайқызымен сұхбат құрған едік.

– Жаңа маусымда театр көрермендерін қуантар қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Қаллеки театры биылғы жаңа маусымның әдеттегідей шымылдығын Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклімен ашады. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» трагедиясы Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің соңғы қойылымдарының бірегейі. Қойылым  Б.Құрманғожаевтың режиссурасында қайта жарық көріп, жаңа маусымнан бастап көрермендер назарына ұсынылатын болады. Сыр елінде 10-14 қыркүйек аралығында өткен Сәбира Майқанованың 100 жылдығына  арналған  Қазақстан  драма  театрларының  XXII  Республикалық фестивалінде Қаллеки театрының аталмыш қойылымы қос жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Сәбира Майқанова атындағы арнаулы жүлдені – ҚР халық әртісі Гүлжан Әспетова иеленді. «Ең үздік әйел бейнесі» – номинациясы Жер ана бейнесіндегі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қаллеки театрының негізін қалаушылардың бірі Түймехан Атымтаеваға берілді.

– Театр репертуары биыл несімен дараланады?

– Мәдениет басқармасының қолдауымен драматург Қанат Жүнісовтің «Жас қала, жас қаламгер» атты шығармашылық апталығы қыркүйек айының 22-28 күндері аралығында Астана қаласында өтеді. Шығармашылық апталықта  дәстүрлі әндер, эстрадалық шығармалар, поэзия, спектакльдер, актерлік шеберлік және әншілік сынды өнер түрлері қамтылып, еліміз бойынша төрт мемлекеттік театр ұжымы мен танымал әншілер сахнаға шығады.   Бір автордың осындай үлкен ауқымда сан қырлы кеш өткізуі бұған дейін болмаған. Сонымен бірге Қ.Жүнісовтің «Сөйле, сырлы сахна» атты кітабы мен «Ән қанаты» атты дискісінің тұсаукесерін жасау жоспарда бар. Апталықта С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Ә.Қашаубаев сынды ұлы тұлғалар бейнесі театр сахнасына шығып, Біржан салдың 180 жылдығы, С.Сейфуллиннің  120 жылдығы   аталып өтеді.

Қаллеки театрының 24 жылдығына орай атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?

– 15 қарашада біз тұңғыш рет театр сыншысы Әшірбек Сығайдың Қазақ ұлттық өнер университетінің театртанушы студенттерімен бірлесіп жазған «Қаллеки театры» атты үлкен көлемді кітаптың тұсаукесеріне дайындалып жатырмыз. Үш бөлімнен тұратын кітапта театр тарихымен қатар Әшірбек Сығайдың очерктері мен рецензиялары кіреді. Бұған қоса, театртанушы студенттердің төрт жыл бойы зерттеген Қаллеки театрының актерлері хақындағы шығармашылық портреттері топтастырылған.

    Қуат ҚИЫҚБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =