Театрды түлеткен Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына – 80 жыл

0 144

Асқар тау алыстаған сайын, биіктей береді.

Халық мақалы

Біртуар өнер саңлағы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті еске алғанда, осы бір көпке белгілі қанатты сөздің менің де ойыма орала кететіні бар. Көзіме сонау алыста қалған студенттік жылдарым елестейді. Қазақ сахнасында бірінен соң бірі жаңа дүниелер қойылып жатты. Қалтай Мұхаметжановтың «Бөлтірік бөрік астындасы», Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-айы» және «Құдағи келіптісі» – ылғи аты да, заты да жаңа, адамның көңілін көтеріп, алдағы күндерге үміттендіретін шуақты дүниелер. Жас көрермендерді бірден баурап әкетті. Ішінде Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің студенттері де бармыз. Талдықорғандық курстас досымыз Адаев Мұқанның театрға деген ықыласы ерекше. Ол консерваторияда оқитын сұңғыла сұлу қызға өлердей ғашық. Аузына арақ алмайды, темекі шекпейді. Шалбарының қыры пышақтай, ақ жейдесінің жағасын өмірі кір шалмайды. Өйткені, сүйген қызы – болашақ актрисаға лайықты болуы керек. Лекциядан қолы босағанда отыра қалып пьеса жазуға кіріседі. Бізге көрсетпейді. Байқатпай біліп алдық дейтіндердің өздері де  тап басып айта алмай, төрт актілі трагедия болар деп қана топшылайтын. Арада жылдар өткенде, Мұқан әдебиетте көріне алмады, мүмкін сүйген қызына деген сәтсіз махаббаты кері әсерін тигізді ме екен, білмеймін. Ал оның сүйген қызы, шынында, актерлық өнерде үлкен биікке көтерілді. Театр өнері тарихынан ойып тұрып өз орнын алды. Сол себепті де атын атасам, әдепсіздік болар деп жасырып қалып отырмын. Мен мұны Әзірбайжан Мәмбетов қойылымдарының сол кездегі жастарға тигізген ықпалының қаншалықты зор болғандығын білдіру үшін еске алдым. Мен, тіпті, Дулат Исабеков, Баққожа Мұқай, Төлен Әбдіков, Сұлтанәлі Балғабай, басқа да қалам иелерінің драматургия жанрына келуіне де Әзекеңнің ұтымды еңбегі арқасында театр мен актер беделінің шарықтап өсуі игі ықпалын тигізген еді десем, артық айтқандығым болмас деп ойлаймын.  Әсілі, Әзекеңнің режиссерлық-шығармашылық алғашқы қадамын комедия жанрынан бастауы да тегін емес. Адамзат баласына орасан зор қайғы-қасірет, бүліншілік әкелген екінші жиһангерлік соғыс ызғарының қазақ жерінде де әлі тарқап болмаған шағы еді ғой. Адамдар күлмек түгіл, жымиюдың өзін ұмытқандайтын. Салқын қабақ, пәс көңіл, жүдеу иін боп жүруші еді. Бар қызығы жылда екі мезгіл бірінші майда және жетінші қарашада көшеге шығып, сап түзеп ұрандату, таусылмайтын, өмірі бір бітіп болмайтын жиналыстарда партия, партия деп әлдебіреулерді әшкерелеу, жұдырық түйіп күжілдесу, дәмі де, мәні де жоқ, жаттанды, қасаң сөздерді сапыру болатын. Осындайға әбден еттері өліп, бір-біріне деген сенімнен қалған адамдар өмірде ойын-күлкі, әзіл барын бір демде естеріне алғандай болды, осы бір сөнуге айналған қасиетті түйсікті оятқаны үшін қазақ театрына, оның жас режиссері Әзірбайжан Мәмбетовке деген алғыстарын жаудырды. Әзекеңнің өнердегі жеке тұлға ретіндегі жолының өте асқақ болғанын осыдан да көруге болады. Ол театрдың бетін мүлде жаңа адами арнаға бұрар жолда Қ.Мұхаметжанов, Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев, Т.Ахтанов сынды қаламгерлердің драматург ретінде бақтарын ашты, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов шығармаларын жаңаша сөйлетті, қалың қазақ көрермендерін әлемдік драматургия алыптары Софокл, У.Шекспир, Лопе де Вега, М.Фриш, Ф.Эрве, А.Чехов қаламынан шыққан жауһарлармен таныстырды. Әсіресе, өзінің замандастары қазақ Әбдіжәміл Нұрпейісов, қырғыз Шыңғыс Айтматовпен шығармашылық ынтымақтастығы арқасында бұлардың атын өз елдерінің шеңберінен шығарып, бүкіл әлем жұртшылығына паш етті. Әлемдік мәдени қордың қазақтың, қырғыздың ұлттық рухани жәдігерлерімен толығуына лайықты еңбек сіңірді. Әрине, Ә.Нұрпейісовтің төрт кітаптан тұратын «Қан мен тер» эпохалды романы дүниеге кең таралды, десек те, осы романның сахналанып, драма тілінде сөйлеуі шығарманың өрісін бұрынғысынан да кеңейте түскені, даңқына даңқ қосқаны сөзсіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әкем театр Талдықорғанға гастрольге келгенде Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевпен азын-аулақ тілдескенім бар. Сонда ол кісі өнердегі бағымды ашқан адам деп Әзекеңді жиі-жиі еске алып отырды. «Жас едім, дейді, Сүйеу қарттың ролін тапсырды, қалай ойнаймын деп қиналдым. Образға кіре алмасаң әртіс боп не ақың бар деп Әзекең ренжуі мүмкін. Тіпті, ащы сөзбен қатты айтуы да. Содан, дейді Сәбең, біраз уақыт көкбазарды жағаладым. Сондағы сапырылысқан адамдардың ішінен қарттарды іздедім, жалықпай-талмай олардың жүріс-тұрыстарын, сөйлеу мәнерлерін зерттедім. Кейін ойын үстінде сол қарттардан алғандарым пайдаға жарады. Сүйеудің образына көрермен риза болды. Маған сенгені және талапшылдығы үшін мен Әзекеңе шексіз риза болдым». Сәбең өзінің ұстазға деген ақкөңіл, адал ниетін ол дүниеден өткенде былай деп білдіріпті: «Ұлы ұстаз туралы ойлағанда, оның еңбекқорлығы мен талапшылдығы көңілге орала береді. Ол не нәрсені қолға алса да, иін қандырмай тоқтамас еді. Үлкенненде, кішіден де, атақтыдан да, жайдан да аянбай тер төгуді талап етер еді». Иә, әлемдік үрдісте бар, бірақ бізде жоқ болатын, осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе қаласының төрінде «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылды. Осы кейіпкерлердің бедерлене түсуіне, халыққа танымал бола түсуіне шығарманы сахна тілінде кестелеген Әзірбайжан Мәдиұлы да айтарлықтай еңбек сіңірді десек, артық айтқан болмаспыз.

Өткен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ қауымының аузынан бір түспеген, бүгінгі тілмен айтқанда, өнер жұлдыздары болды. Өздерін олай атамаса да шын жұлдыздар еді. Жазушылықта – Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, музыкада Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, кинода Шәкен Айманов, театр саласында – Әзірбайжан Мәмбетов. Прозаны, өлеңді оқиды, әнді естиді, әттең, театр қойылымын тираждай алмайсың, соның өзінде де Әзекеңнің спектакльдерін көрмегендердің өздері де көргендей етіп сипаттар еді. Әзекең салып берген ізбен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі», «Ғасырдан да ұзақ күн≫, ≪Ана – Жер – Ана≫ Қазақстандағы барлық театрдың сахна төрінен орын алғанының өзі не тұрады. Иә, ол театр өнерінде жаңа мектеп қалады және оны кейінгіге мирас етіп қалдырып кетті. Мен биыл Әзекең сахналаған ≪Ғасырдан да ұзақ күнді≫ арнайы барып көрдім. Спектакльдің оқиға желісі, кейіпкерлер тағдыры, уақыт бедері сахналық шешіммен тонның ішкі бауындай жымдаса үйлесім тапқан. Адам деген атқа тән аяушылық мейірім, үлкеннің кішіге қамқорлығы, шын жанашырлық, шынайы махаббат партия айтты, партия талап етті, партияға жат пиғыл дегенді желеу еткендердің бір жағы әдейі арандатуынан, екінші жағынан сол ұстанымдардың антигумандық табиғатын түсінбейтін тас кеуде надандықтан туған қатігездік пен қысастық әрекет арасындағы трагедиялық шарпысулар көзіқарақты көрерменнің осы күннің өзінде де үрейін ұшырып, бойындағы ыстық қанын ұйытады екен. Мен соны сездім. Бүкіл оқиға сайрап жадыңда қалады, кейіпкерлердің кескін-келбет, мінез-құлқы, яғни бар болмысы жүрегіңде мөрленеді. Қоғам дегеніміз – адам. Әзекеңнің де өнердегі басты ұстанымы көрерменге осы адамның қандайлығын таныту еді. Ол қай шығарманы қолға алмасын көзқарасы үшін таяқ жеп, қудаланған немесе ұпай жинап, өсіп, төбеге шығып алған алуан тағдырлы, алуан пиғылды адамдардың образын жасауға өте мұқият қарады. Сәбит Оразбаев куәлік еткендей, әртістерден де соны талап етті. Айшықты, бедерлі нәрсе қашан да көзге алдымен түседі. Әзекеңнің өз өнерінің саласында кең танылуының, әспеттелуінің басты сыры да, міне, тап осында жатса керек.

Сол өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарында театр өнерінің көгінде жұлдыз боп жарқ етіп көрінгенде, біз оны, өмірдің небір ыстық-суығынан өтіп, көпті көрген, ең кемі жігіт ағасы жасындағы әбден ысылған адам шығар деп ойлайтынбыз. Жоқ, жиырманың ортасына жаңа шыққан қылшылдаған жас екен. ≪Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра≫ деген аталы сөзге жүгінсек, жас болса да өмірдің аумалы-төкпелі үлкен мектебінен өтіп үлгерген дана екен. Ресейде туылуы, қиындық-жоқшылықпен өткен балалық шағы, Қазақстанға – ата жұртына оралуы, ес білгеннен өнер жолын таңдап, Мәскеудің Мемлекеттік театр өнері институтын тәмәмдауы оның өнердегі көрегендігі мен жаңашылдығының табантасы мығым болғанын айғақтайды екен. Орыс театр өнері кәрі Еуропамен иық тірескендей қауқарлы, жүздеген жылдарға созылған бай тарихы бар. Институтта оған белгілі профессор Н.Горчаков жетекшілік етті, А.Петровский, В.Сахновский, Ю.Завадский сынды шеберлерден дәріс алды. Бастан кешкен жеке өмірлік тәжірибесі, теориялық мол білімі оның қазақ сахнасын жаңаша түрлентуіне негіз қалады.

Ғұлама Мұхтар Әуезовтің ≪Қарагөзі≫ – қазақ әдебиетіндегі жұмбағы көп, күрделі шығармалардың бірі. Мұнда таза махаббат пен арасы жеті атаға толмайтын қан жақындық мәселесі тоқайласқан. Және мұны ұлы Мұхаң ашық айтпай, жер қойнауының асыл кені сияқтандырып, терең қатпарға жасырған. Осы жағдайды алғаш аңдаған, халқымыздың елдік атына кір келтірер мезгілсіз бе, орынсыз ба, әйтеуір, қалай да залалды махаббаттың трагедиясын ашу жолында шығарманы жаңаша зерделеген, құпия есігіне сай келер жаңа кілт іздеп, оны тапқан да Әзекең еді. Мысалы, ол Қарагөздің психологиялық тұрғыдан бағынышты нәзік қыз екенін таныды. Оны бүгінгі күн талғамына сәйкес, жалаңаш күйде көрсетуге талпынуы да сондықтан болатын. Қарагөз жынданады. Неге? Өйткені, ол екі оттың ортасында қалған нәзік жан. Ал жаны нәзік адам мұндайда жынданбағанда қайтеді. Бұл да кейінгі режиссерлар үшін үнемі нысанаға ұстар бір үлгілі мектеп боп қаланды.

Мен Әзекеңді бір-ақ рет бетпе-бет көрдім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдар аяғы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі актер, қазір Қарағанды қазақ драма театрының директоры Кеңес Жұмабековтің үйінде шай басында кездестім. Ішімізде сол кездегі Қарағанды облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекова да болды. Өзін бұрын жүзбе-жүз көрмесем де, даңқы арқылы көкірегімде белгілі бір образы қалыптасып, кәдуілгі ескі танысымдай болып кеткен адам. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде оның жазалаушылардан көрген қорлық азабы туралы, жазықсыз қиянат көрген жастарға араша түсемін деп жүріп басына тиген соққыдан дертті болғанын естігенмін. Осы оқиғаны мен ≪Қазақ әдебиеті≫ газетінде жарияланған өнерпаз қыздың қиянатқа ұшыраған тағдыры жайындағы ≪Қарадақ≫ деген әңгімемде пайдаланған болатынмын. Оның үстіне Әзекең туралы кейбір жағымсыз қаңқу сөздерден де хабарым бар-тын. Жоқ, мен өте байсалды, салмақты да сабырлы адамды көрдім. Өзі жайында бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бар айтқаны театрдың бүгіні мен ертеңгі өрісі жайында болды. Қазақ тілінің сақталуының да, өрісі кеңейуінің де бірден-бір кепілі ұлттық театрларымыз дегені жадымда мәңгі жатталып қалды. Мен әңгімеме Әзекеңді прототип етіп алғаным үшін және өзімнің сырттай топшылауымның өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естіп отырған ≪түпнұсқаға≫ дәлме-дәл сай келгені үшін іштей қатты қуандым. Ер боп туған адам айнымайды, ер боп өледі. Осы орайда Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбектің мына бір сөзінде көп мән бар. ≪Шын мәнінде, дейді ол, сахна үшін туып, сахнамен өмірінің соңына дейін бірге болған, бұл Әзекең. Астанада жаңа театр ашылып жатқанда, Елбасы шақыруымен, денсаулығы нашарлығына қарамай, келіп, жас театрдың буыны бекуіне, өнері өсуіне, кәсіптік деңгейінің өрлеуіне күш салысқан, Әзекең≫.

Несін жасырамыз, кезінде Әзекеңнің көш басында ұзақ жүріп қалғаны кейбіреулер үшін алдындағы бөгет сияқты көрінгені де ақиқат. Уақыт – сыншы. Көп дүние өзгерді. Театрларымыз да өзгеріп, жаңарып жатыр. Табыс та, соған лайық марапаттар да бар. Бірақ Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов кезінде қазақ театры жеткен биікке, одан аспақ түгіл, әлі ешкім жеткен де жоқ десем, біреулердің шымбайына тиіп, талас туғыза қоймаспын деп сенемін. Қазақ театрын жаңа өріске шығарған дара тұлға туралы ойымды заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: ≪Ұлттық өнеріміздің биік серпінін көрсетіп, халық тағдырының қилы замандарын бейнелеген ≪Абай≫, ≪Ана –Жер –Ана≫, ≪Қан мен тер≫ қазақ режиссурасының эталондары болып қала бермек≫ деген қысқа да нұсқа сөзімен түйіндеуді жөн көрдім.

Өтен АХМЕТ, өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =