Театр туралы толғау

0 28

«Бүкіл өміріміз – ойын, ал адамдар – ондағы актерлер» дейді ұлы Шекспир. «Тазарғың келсе, театрға бар» дейтініміз бар тағы. Өткен жылы елорда театрларының қойылымдары әрқайсымызға әртүрлі әсер етті. Кейіпкерлермен бірге күлдік, жыладық… Пьеса авторы немесе спектакльді қойған режиссер не айтқысы келгенін түсінбей, абдыраған сәттеріміз де болды. Соның бәрін електен өткізіп, театр өміріндегі былтырғы елеулі оқиғалар мен өзіміз тамашалаған премьераларды еске алуды жөн көрдік.Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында қазір мемлекеттік тоғыз театр жұмыс істеп жатыр. Оның алтауы қалалық Мәдениет және спорт басқармасына қарасты болса, үшеуі тиісті минис­трлікке қарайды. «Астана Опера» театрының балет труппасы 2019 жылды Испанияда қарсы алған болатын. Астаналық өнер ұжымы былтырғы қаңтар айы­ның басында әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Домингоның шақыруымен Валенсия шаһарында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін көрсетті.
Испанияға гримерлер, костюмерлер мен сахна машинистерін, әртістерді қосқанда 100-ден аса адамды балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова, дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев бастап апарған еді. Қазақстандық әртістер София патшайымның өнер сарайы сахнасында өнер көрсетті. Аталмыш туынды Италияның Генуя қаласында да сахналанды.
«Астана Опера» артынша П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының премьерасын ұсынды. Спектакльді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Операға арқау болған орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің өлеңмен жазылған романы қазақ оқырманына жақсы таныс. Хакім Абайдың дәл осы шығармадағы үзіндіні «Татьянаның әні» атауымен аударғаны белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-­эпопеясының «Ақын үніне сахара мүлгіді» бөлімінде осы туралы жан-жақты айтылады. Әсет Найманбайұлы, Ілияс Жансүгіров, Кәкімбек Салықов сынды ақындар да «Евгений Онегинді» ана тілімізге тәржімалаған.
Әлемдік классикамен қатар өткен жылы елорданың театрлары сахналарында ұлттық спектакльдер де қойылды. Қазақтың музыкалық театр тарихы «Айман-Шолпан» комедиясынан басталатын болса, «Жастар» театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай аталмыш туындыны жаңаша жаңғыртты. Режиссер Мұхтар Әуезовтің либреттосына белгілі жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың киносценариінен алынған мәтінді қосты. Алайда сөзді мейлінше азайтып, іс-қимылға көбірек көңіл бөлді.
Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай бұл театр екі елдің достығын арқау еткен ақын, драматург, аудармашы Е.Уахитовтың «Құдалар» комедиясының премьерасын ұсынды. Жыл соңына қарай «Жастар» театрының сахнасында поэзия падишасы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына арналған «Фариза» спектаклі қойылды. «A+A Idea Fabric» продюсерлік орталығының идея­сымен көрерменге жол тартқан жазушы, драматург Роза Мұқанованың бұл туындысы талантты жас режиссер Фархат Молдағалидың сахналауымен бұдан бұрын Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында және Мәскеудегі әйгілі «Современник» театрында көрсетілді. Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы орай жастарлықтар қаламгердің «Абылай хан» халықтық қаһармандық дастаны желісімен сахналанған «Нартәуекел» спектаклін көрсетіп, өткен жылды көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісімен қойылған аттас спектакльмен түйіндеді.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры осы жылы жаңа, еңселі ғимаратқа көшеді. Ал өткен жылы қаллекиліктер біраз еңбектенді. Былтыр бұл театрда төрт-бес премьераны тамашаладық. Көктемде тәжік режиссері Барзу Абдураззаков елордаға келіп, парсы поэзиясының классигі Низами Гәнжауидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны желісімен спектакль қойды. Қаллекиліктер дастанды Тайыр Жароков, Тәкен Әлімқұлов, Ғали Орманов, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілев секілді қазақ қаламгерлерінің аудармасында ұсынды. Бір қызығы, «Ләйлі-Мәжнүн» бұрын соңды драма театрларында қойылмаған. Тек қана балетке арқау болған.
Жазда аталмыш театрдың ХХVІІІ маусымы «Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясының премьерасымен жабылды. Спектакльді әлемге әйгілі Венгрия композиторы Имре Кальманның «Сильва» опереттасы негізінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналады. Қазақ тіліне аударған – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есім Сегізбаев. Музыканы өңдеген – Қазақстанның халық әртісі Хорлан Қалиламбекова. Ал жаңа мау­сымды күзде әдеттегідей Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашты.
Осы режиссер таяуда өзінің аудармасында италиялық жазушы Филиппо Болоньяның «Байланыс аясы… 16+» спектаклін ұсынды. Ал бізге ең ұнағаны Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов сахналаған «Ақ жауын» қойылымы болды. Белгілі жазушы, драматург Александр Вампиловтың осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған «Тұңғыш ұл» пьесасының желісімен көрерменге жол тартқан бұл спектакль отбасы құндылықтарын, ата-ананың бала алдындағы, баланың ата-ана алдындағы парызын насихаттайды. Сондай-ақ кіршіксіз таза сезім мен ақ ниет арқылы қандай да пиғылы теріс адамды тәрбиелеуге болатынын дәлелдейді. Қаллеки театрының елеулі оқиғаларына Талғат Теменовтің театр апталығын, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханованың 80 жасқа толуына орай өткен актрисаның бенефисін қосуға болады.
«Наз» мемлекеттік би театры былтыр 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ өнер ұжымының үлкен жұмысы «Шыңғысхан» хореографиялық спектаклі болды.
Елорданың комедия театрында да бірқатар премьера өтті. Алайда жас ұжымға әлі де барлық жағынан көп еңбектену керек. Әсіресе, театрға көрерменді тарту жұмысын күшейту қажет. «Астана-Мюзикл» театрында да былтыр ауыз толтырып айтарлық ештеңе байқамадық. Бұл театр 2018 жылы сахналанған «Notre Dame de Paris» мюзиклінен соң бір жылға демалыс алғандай әсер етті.
Нұр-Сұлтан қаласының Қуыршақтар театры өткен жылда тыным таппады. Әсіресе, жаз бойы балаларға түрлі қойылымдарды ұсынды. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры ғимаратында былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Сондықтан аталмыш ұжым өзге мәдени ошақтардың алаңында спектакльдерін қойды. Шынын айт­қанда, біз бұл театрдың тынысын бақылай қоймадық. «Астана-Балет» театрын да солай.
Тышқан жылы табалдырығымыздан аттағанда елордаға Ресейдің атақты Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театры гастрольдік сапармен келді. «Астана-Опера» театры сахнасында өнер ұжымы қос қойылым ұсынды. Оның алғашқысы – А.Пушкин романы желісімен сахналанған
«Евгений Онегин» спектаклі болса, екінші А.Чеховтің «Ваня ағай» қойы­лымы. Бұл спектакльдерде Сергей Маковецкий, Людмила Максакова, Ирина Купченко, Артур Иванов, т.б. белгілі театр және кино әртістері ойнады. Театр маусымы енді қызады. Жазға дейін театрларда әлі талай қойылымды тамашалаймыз деп ойлаймын. Ендеше, театрда жолыққанша!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды