«Театр – тағдырым, өнерім – өмірім»

0 65

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері ­Алтынай Нөгербекпен «Театр – тағдырым, өнерім – өмірім» атты ­онлайн-кездесу өтті.

Өнерлі отбасында туып-өскен ­Алтынайдың әртістікті таңдауынан басқа жолы болмаған сияқты. Әкесі, марқұм Бауыржан Нөгербек – белгілі кинотанушы, ал анасы – театртанушы. ­Актрисаға өнер әке қанымен, ана сүтімен дарыды десек те болады. Ол театр мен кино салаларында қатар көрініп, жемісті еңбек етіп келе жатыр. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған актриса Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына қабылданды. Оған да ширек ғасырға жуықтады. Осы аралықта театр­да талай бейнелерді сомдады. Ал кинода кинорежиссер Ақан Сатаев­тың «Анаға апарар жол» атты көркем фильміндегі ана бейнесі көрермендер қошеметіне бөленіп, лайықты бағасын алды. Осы рөлі үшін оған екі жыл бұрын Мемлекеттік сыйлық берілді.
– Бұл рөл басыма бақ болып қонды. Ел театрларында талай талантты актрисалар бар. Бірақ таңдау маған түсті. Бұрын түскен фильмдерім болса да, осы ана бейнесі – кинодағы ең алғашқы үлкен рөлім. Соған қатты ­қуанамын. Осы фильмнен кейін қызым дүниеге келді. Оған кинода сомдаған кейіпкерім Мәриям атын қойдым, – дейді А.Нөгербек.
Театрға келсек, бала кезінде көрген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі өзіне қатты әсер етті. Содан бастап актриса боламын деген шешімге келді. Түсінде де сахнада ойнап жүргенін көретін. Бірде Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» спектакліндегі Зәрипа бейнесі түсіне кіргені бар. Кейіннен Қаллеки театрында дәл осы бейнені сомдап шықты. Жалпы, театрда ­актриса әр алуан мінездегі кейіпкерлерді кейіптейді. Жанына кинодан театр жақын екенін де жасырмайды. «Себебі өнерді театрдан бастадым. Сахнада жүріп жұртқа танылдым» дейді актриса.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 5 =