ТЕАТР ШЫМЫЛДЫFЫН «АБАЙ» ТYРДI

0 143

ERA_1065  555

Елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық-драма театры көрерменімен жиырма төртінші рет қауышты. Маусымашар алдындағы басқосуда театр ұжымы жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, алдағы жоспарларымен таныстырды. Қатысушылар театрдың жетістіктерін айта келіп, жаңа маусымда көрерменге ұсынылар туындыларға тоқталды. Осыған дейін театрда бір маусымда бес қойылымның премьерасы өткен болса, енді сегіз жаңа спектакль сахналанады. Қазан айының 14-і күні Қанат Жүнісовтің «Сәкен сұңқар» тарихи трагедиялық драмасының, ал 16-сында Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» трагедиясының премьерасы өтеді.

Қаллеки театрының әртістері қыркүйек айында Қызылорда  қаласында өткен КСРО және Қазақстан Халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан театрларының  XXII фестиваліне Ш.Айтматовтың «Ана-Жер Ана» спектаклімен қатысып, Халық әртісі Гүлжан Әспетова «Сәбира Майқанова» атындағы арнайы жүлдені иеленсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Т.Атымтаева  «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Қалыптасқан дәстүрге сай, жаңа маусым қарсаңында театр актерлері мен актрисалары ЖОО, колледждер мен мектептердегі көрермендерімен «Театр және көрермен» тақырыбында кездесулер өткізді.

Жаңа маусым, сахна шымылдығы, әдеттегідей, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылды. Туындының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Әлімбек Оразбеков. Қалибек Қуанышбаев атындағы театр ұжымы көрерменін данышпан ақын Абай өмір сүрген заманға саяхат жасатып, тұңғиық ойдың иіріміне батырып, адам айтып жеткізгісіз әсерге бөледі. Қалибек Қуанышбаев шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл дәл осы Абай рөлі екені дау­сыз. Сондықтан болар, қойылымды сахналау аталған өнер ұжымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Киелі сахнаның дүлдүлдері Қаллекиден асып түспесе де, көрерменді өнерлерімен тәнті етті.

«Егер біз жаңа маусымды Абайдан бастамасақ, Әуезовтен бастамасақ, онда бағамыз да, құнымыз да болмас еді. Өйткені, тарих сонысымен құнды, сонысымен мәнді. Оның үстіне, Абай – мәңгілік. Қойылымда феодалдық дәуірдегі әлеуметтік қайшылықтар жан-жақты көрсетіледі. Қазақ халқының сол замандағы тұрмыс-тіршілігі «соқтықпалы соқпақсыз жолмен жүріп, мыңмен жалғыз алысқан» ойшыл ақын бейнесімен қатар өріліп отырады» деді театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов.

«Театрға келген көрермен қойылым арқылы Абайдай кемеңгер, ойшыл ақынымызбен қайта қауышқандай болдық» деп сахнаға шыққан актерлер мен актрисаларға өз ризашылықтарын білдірді. Бұл өнер ордасында қазақ әдебиеті классиктерінің және қазіргі заман драматургтарының шығармаларымен қатар әлем әдебиеті өкілдерінің классикалық туындылары да сахналанып келеді.

Тағы бір айта кететін жаңалық, биылдан бастап Қаллеки театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов атындағы жүлде тағайындалып, жас актерлерге жыл сайын ұсынылып отырады. Бұл жүлде Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, білім меценаты, ҚР білім беру ісінің құрметті азаматы Бекзат Алтынбековтің қолдауымен жүзеге аспақ. Ал алғашқы жүлдені театр әртісі Сая Тоқманғалиева иеленді.

 Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + nine =