Театр сахнасын шоуға айналдырмау керек

Бекболат ҚҰРМАНҒОЖАЕВ, театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

0 84

Бекболат Болатжанұлын театрсүйер қауым жақсы біледі. Алғашқы өнер жолы Алматы жас балет театрында басталып, кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актері болды. Қазір бас қаладағы Жастар театрының режиссері. Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ актерлерге сабақ береді. Бұл кісі астанаға келгеннен бері көрермен көңілінен шыққан бірқатар драмалық шығармаларды сахналады. Ол қойған әрбір спектакльден Құрманғожаевқа тән қолтаңбаны байқайсыз. Біз осы орайда белгілі режиссер-­педагогпен жүздесіп, театр әлемі мен бүгінгі режиссура туралы ой өрбіткен едік.

КӨРЕРМЕНДІ ЖЫЛАТУДАН КҮЛДІРУ ҚИЫН

– Бекболат аға, жақында Жастар театрында белгілі қаламгер Баянғали Әлімжановтың «Қарыз бен қаспақ» деген комедиялық спектаклін қойдыңыз. Жаңа туындыны көрермендер қалай қабылдады?
– Қойылымның премьерасы қазіргі талапқа сай аншлагпен өтті.
Бұл туынды қолыма көктемде тиіп, бірден оқып шықтым. Автордың айтам деген ойы маған ұнады. Бүгінгі қоғамның ашы шындығын бүкпесіз бейнелеген. Сосын актерлермен жиналып, шығарманы тағы оқыдық. Олардың да көңілінен шықты. Кейбір актерлер жазылған дүниедегі кейіпкерлерге «анау-сен, мынау-мен» деп қызыға бастады. Сөйтіп, автор Баянғали Әлімжанов­пен хабарласып, ол кісіні театрға шақырдым. Баяекең мұны біраз жыл бұрын жазып, кітабына кіргізіпті. Бірақ сахнада қойылмаған. Содан ол кісі жастармен еркін әңгімелесіп, шығарманың қалай жазылғаны жайында айтып берді. Бір жағынан, бұл кездесудің актерлерге да көмегі тиді. Көрерменді жылатудан күлдіру қиын. Содан комедияны қоюдың өз қиындығы бар. Оны сахналау үшін режиссер де, актер да туындының астарын түсініп, драмасын іздеу керек. Режиссер ретінде бұған сәтті форма табуға біраз күш салдым. Қанша дегенмен сахнаның әлемі бөлек. Қысқасы, екі дос арқылы олардың айналасында оқиғаны шешудің жолын тапқандай болдым. Автордың тілі өткір, қылыштай қиып түседі. Сондықтан спектакльдің формасын барынша жеңілдеттім. Өйткені биыл өте ауыр жыл болды, көрермендерге бір жайдарлы көңіл-күй сыйласам дедім. Комедияны жұртшылық жылы қабылдады. Көрген адамдар оқиға «бізге ой салды» деп айтып жатты. Егер қойылым көрерменді ойландырса, мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.
– Сіз сахналаған спектакльдер саны онша көп емес, өте сирек қоясыз…
– Иә, ол рас. Өйткені көп ізденем. Әрі драмалық шығармалар да көңілімнен шыға бермейді. Содан ба оң жамбасыма келетінді күтіп жүріп аламын. Әйтеуір, сахнада біреу болса да бірегей қойсам деймін. Сол арқылы көрерменге ой салып, оның жүрегін мейірімге, ізгілікке нұрландыра білсем, одан асқан абырой жоқ. Кейде қолыма жап-жақсы дүниелер де түсіп қалады. Мәселен, Сая Қасымбектің «Лифт» драмасы солай келді. Автор менің ойымды тап басыпты. Қазір қоғамда балалар үйі ғана емес, қарттар үйі де көбейді. Соны осы спектакль арқылы астарлап жеткізуді ойладым. Мақсатым орындалды. Көрермендер жақсы қабылдады. Қырғыз қаламгерінің «Жасауыл» деген драмасын сахналадым. Автор мұнда өз елінде болған қазіргі оқиғаны шынайы зерделеген. Өте қатпарлы шығарма. Оны да көрген азаматтар ризашылығын білдірді.
– Елімізде театр көбейді. Бұған өте қуанамыз. Алайда осы өнер ордаларының бір-бірімен байланысы бар ма, әлде, әркім өз қазанында қайнап жатыр ма?
– Орынды сұрақ қойып отырсың. Шынында, қазір театр саны біразға барды. Бірақ солардың бір-бірімен араласы анау айтқандай жақын дей алмаймын. Әр театр өз қазанында қайнап әлек. Бұған кеңірек қараған дұрыс. Бүгінде облыстық, қалалық театрлар жергілікті әкімдікке қарайды. Мәдениет және спорт министрлігіне мемлекеттік мәртебе алған алты-жеті театр бағынады. Бұрын кеңес дәуірінде бәрі басқаша болды. Әрине, мен оны аңсап отырған жоқпын. Бірақ сол заманда республиканың барлық театры Мәдениет министрлігіне қарады. Онда театр бөлімі болды, оны белгілі тұлғалар басқарды. Сонымен бірге репертуарлық бөлім жұмыс істеді. Жазылған драмалық шығарма осы бөлімге түсіп, көркемдік кеңестің сүзгісінен өтті. Авторларға жоғары қаламақы төленді. Қазір театрларда тоқырау бар екендігін жасырмаймын. Өйткені жүйе­сіздік белең алды. Театр – тірі организм, оның өсуі де, өшуі де жылдам. Меніңше, барлық театр Мәдениет және спорт министрлігіне қарау керек. Сонда сахна өнерінің шығармашылығы мен бағыт-бағдарын зерделейміз. Әйтпесе, театр өнері өспейді. Бәріміз біріксек, берекеміз кіреді.
Айталық, театрлар Мәдениет министрлігіне қарағанда әр аймақтағы өнер ордасына театр сыншылары тапсырмамен барып, олардың жоқ дегенде бір жылдық репертуарының төрт-бес қойылымын көріп, театрдың бағыты қандай, режиссура қай деңгейде, актерлік мектеп мәселесін талдап, зерттейтін. Содан барып жауапты мамандар «Ана театрдың жағдайы шынымен нашар, оған Мәскеуде не болмаса Алматыда режиссерлікті бітірген талапты жасты жіберейік» деп шешім жасайтын.Осы бағытпен Есмұқан Обаев – Семейге, Маман Байсеркенов – Қызылордаға, Жанат Хаджиев Арқалыққа барып, аймақтағы театрларды биікке көтерді. Қазір мұндай жұмыс жүре ме, жүрмей ме білмеймін.
– Айталық, сіздер қалалық әкімшілікке қарайсыздар, жағдайларыңыз қалай?
– Өте жақсы. Жастар театрын елорда әкімдігі алақанына салып отыр. Астанаға қандай басшы келсе де бізге деген ниеті ақ, көңілі дұрыс. Бұл жерде өнер ордасының көркемдік жетекшісі, талантты режиссер Нұрқанат Жақыпбай пен жалпы ұжымның еңбегі де бар. Әкімдік әртістердің барлық жағдайын жасады. Техникалық базамызды жақсартуға қолдау көрсетті. Алайда барлық өңірде осындай дей алмаймын. Көбінесе аймақтағы өнер ордасын қаражат мәселесі қинайды. Қаржы болмағаннан кейін талантты жастар тұрақтамайды. Бұл сол жерді басқарған азаматтарға да сын. Егер облыс әкімі өнерді жақсы көрсе сол өңірдің өнері алға басады.ЖАС РЕЖИССЕРЛЕР ФОРМАҒА КӨП КӨҢІЛ БӨЛЕДІ

– Театрдың дамуы режиссерге де байланысты, қазіргі режиссура туралы не айтасыз?
– Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында жүргенде біраз режиссермен жұмыс істедім. Актер неғұрлым көп режиссермен жұмыс істесе, оның кәсіби деңгейі тез өседі. Өйткені әр режиссердің өз қолтаңбасы бар. Режиссер дегенде қазақ режиссурасының реформаторы Әзірбайжан Мәмбетовке тоқталмай өте алмаймыз. Ол кісі қазақ театрын Кеңес одағына емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге танытты. Мәселен, атақты жазушы Шыңғыс Айтматов повесінің желісімен қойылған «Ана – Жер-ананы» Иранға апарды. Көрнекті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» Прагада қойды. Мәскеу төрінде қаншама спектакльдері сахналанды. Қойылым соңына ол кісі сахнаға шыққанда мәскеуліктер орнынан тұрып кететін. Әзекеңнің қойған шығармасын Кирилл Лавров, Олег Ефремов, Михаил Ульянов, Галина Волчек, Олег Табаков секілді тұлғалар жоғары бағалады.
Біз осы қойылымдарды көріп өстік. Алматыда актерлікте оқып жүргенде театрдан шықпау үшін жарық беруші болдым. Сонда «Ана – Жер -ана» драмасы қойылғанда жарық түсіріп, жылап отырушы едім. Кейін Әзекең астанаға келіп, Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі болғанда өзіне көмекшілікке шақырды. Ептеп науқастанып жүрген кезі еді.
Сөйтіп, ұлы режиссердің елордада «Қан мен тер», «Ана – Жер-ана», «Ваня ағайын» көрерменге қайта ұсындық. Мен ол кісінің концепциясын өзгерткен жоқпын. Жалпы, ол кісінің режиссерлік масштабы өте кең. Мәселен, «Ана – Жер-ана» драмасы соғыс туралы болса да онда мылтық дауысы бір рет ғана естіледі, қалғаны кейіпкерлердің психологиясымен өрбиді. Ал «Қан мен тер»-де аумалы-төкпелі кезеңнің көрінісі көркем берілген.
Қазақтың зиялысы Тәңірбергеннің тағдырын көріп толғанасыз. Еламанның күрескерлігі арқылы оның қателігін ашады. Мәмбетов актердің жан дүниесіне кіріп, өзінің ойын сол арқылы жеткізеді. Осындай образды рөлдер актерді өсіреді. Әзірбайжан аға өмірден өткенше қасында жүрдім. Талантты суреткердің төрт-бес спектаклін қайта қойып, ол кісіден он жыл оқығандай сабақ алып, тәжірибе жинадым.
Қазір жастардың арасында талантты режиссерлер бар, жоқ деп айтуға болмайды. Олардың дені жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін облыстық театрларға барып, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, жап-жақсы қойылымдарымен көрерменге танылған Фархат Молдағалиев пен Фархат Қанапинді айтар едім. Мұхтар Әуезов театрында Жұлдызбек Жұманбай жүр. Атырау театрында дарынды Дина деген қызымыз бар. Шымкент театрында Алмас деген жас режиссер өсіп келеді. Бізден тәп-тәуір пьеса қойып үлгерген Дәурен Серғазинді айтсам болады.
– Осы жас режиссерлерге көңіліңіз тола ма?
– Толады. Бірақ көбінесе олар формаға көп көңіл бөледі. Формада режиссер көрінеді де, оның ішіндегі өмір көрінбейді. Меніңше, негізі фонға өмірді шығару қажет. Форма режиссердікі болғанмен, актерді тұмшаламау керек. Сахнада ұлы мәртебелі актер өмір сүреді. Кейде жарқ-жұрқ шоуы бар, музыкасы да әсем спектакльдер қойылады, бірақ оның ішінде өмір жоқ, өмір болмағасын кейіпкерді таба алмайсыз. Теледидардан блокбастер туралы трейлерді көргенде, оны бір сағаттан соң ұмытып қаласыз ғой, бұл да сондай әсер қалдырады. Театрдың киелі сахнасын шоуға айналдырмау керек. Сондықтан жас режиссерлер мұндайға құштар болмаса деймін. Сосын образды сөзді қысқартуға құмар. Бұған да абай болған жөн. Жас режиссерлер үлкен театрға барып, атақты өнер тарландарымен жұмыс істеуге қаймығады. Одан қорықпай бір сағаттық емес, бір жарым, екі сағаттық драмаларды сахналасын. Алматыдағы әкем театрында «Қобыланды» үш сағаттан аса қойылғанда халық соны тапжылмай көрді. Спектакль қандай формада ұсынылса да оның негізінде ұлттық бояу, мазмұн болсын. Қалай дегенде де ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмауымыз қажет.
– Бүгінгі театр сыны қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Өнер сынсыз өспейді. Қазақ театр сынының дамуына бірқатар ағаларымыз үлес қосты. Белгілі сыншы Бағыбек Құндақбаев осы
саланы біраз дамытты. «Уақыт және театр», «Заман және театр» деген жинақтары жарық көрді. Одан кейін көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай ағамыз болды. Әшекең ер мінезді тұлға еді. Ол кісі актерлікте оқыған, сондықтан ол сахнадағы өнер адамының жан-күйзелісін терең түсінеді. Шығарманы шебер талдайды. Әшекеңнің маңдайдан сипап тұрып, желкеңнен беріп жіберетіні бар. Әшірбек аға театр сыны, актерлердің шеберлік жайын­да қаншама кітап жазды. Ол кісінің орны үңірейіп тұр. Біз осындай сыннан өтіп, қолымыз бір биікке жетті. Қазірде Бақыт Нұрпейіс, Сәния Қабдиева, Амангелді Мұқан, Анар Еркебай секілді сыншыларымыз сахна өнерінің дамуына бір кісідей үлестерін қосып жүр. Кейінгі буынның арасынан өткір мінезді жастар шыға бастады. Талантты жас сыншысы Айзат Қыдыралиеваның өзі неге тұрады?! Тілді, отты қыз. Шындықты батырып айтады. Бірақ бүгін сынды қабылдайтын театр азайды.

ТЕАТР ТІЛДІҢ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАЙДЫ

– «Культура» арнасынан жазушы Василий Шукшиннің әңгімелеріндегі кейіпкерлерінен сахналанған бір қойылымды көрдім. Маған ұнады. Сол кезде менің көз алдыма Биғаңның кейіпкерлері келді. Қазақ әдебиеті өте бай. Әріге бармай-ақ өткен ғасырдың алпысыншы жылдан бастап, қаншама шұрайлы шығармалар жазылды. Соларды неге сахналамасқа?
– Шәкірттеріме Бейімбет Майлинді міндетті түрде оқытамын. Жазушы шығармаларын жиырмасыншы ғасырдың басында жазса да біз әлі ол мінезден алыс кеткен жоқпыз. Біз Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесімен өстік. Жастар театрында аталған туындының желісімен Н.Жақыпбайдың «Бала ғашық» спектаклі қойылып жүр. Осыны көрген сайын көз алдыма балалық шағым келеді. Оны жастар да ұнатады. Өйткені режиссер сахнаға тазалықты, сап-сары сағынышты шынайы алып шыққан. Қазақ әдебиеті өте бай екені шындық. Бірде Әшірбек аға жолығып қалғанда: «Оқыған, тоқығаның бар, инсценировка жасамайсың ба?» деп айтып еді. Алайда осы іске талай оқталсам да, батылым бармады. Қаламгердің ойы мен шығармасының әрін кетіріп алам ба деп жасқанам. Осы ретте Нұрқанат Жақыпбай сәтті инсценировка жасап жүр. Бұл менің ойымда бар. Қабырғалы суреткер Оралхан Бөкейдің шығармашылығын жоғары бағалаймын. Ағамызды көзім көрді, біраз қасында жүрдім. Сондықтан өмірден ерте өткен талантты тұлғаның әңгімелерінен инсценировка жасап, бір парасатты дүние қойсам деймін.
– Кейбір қойылымдарда актерлердің сөзі анық емес, алыстан талып естілгендей болады. Театрдағы тіл тазалығы туралы не айтасыз?
– Бүгінгі ана тіліміздің жағдайы театрдың ғана емес, ұлтымыздың өзекті мәселесіне айналды. Шын мәнінде театр тілдің тазалығын сақтайды. Тілді таза білу, толық меңгеру отбасынан басталады. Актерлікке оқуға түскен жастың тілін төрт жылда тазалау мүмкін емес. Қазіргі жастар онша кітапқа үңілмейді. Біз кітаппен өстік, содан болар, тілге қиналған жоқпыз. Тілдің тазалығын үйрену адамның өзіне байланысты. Мен де түрлі жолдан өттім. Әуелі политехникалық институтқа түстім, оны бір жыл оқып, музыка училищеге бардым. Азаматтық борышымды өтеуге аттанып, әскери ансамбльдің бишісі болып, Еуропаны аралап, концерт қойдық. Одан кейін балет театрында жұмыс істедім. Әуезов театрына келгенде менің тілім орысшаланып қалды. Сонда марқұм ­Раушан Әуезбаева деген үлкен актриса: «Көкем, бері келші» деп шақырып алып, «Сенің тіліңнің түбі таза екен, тек орысшаланған» деп, күніне жарты сағат уақытын бөліп, менімен жұмыс істеді. Сосын «Қазақ фильмнің дубляжына бар» деп жіберді. Осылай бір жылдың ішінде тілімнің қазақы иірімдері орнына түсті. Қазір ондай мүмкіндік аз. Шамам келгенше, режиссер-педагог ретінде жастардың тілін тазалауға мән беремін. Шынын айтқанда, жастардың тілі өте нашар, қазір «Ң» жоғалып барады, «Ғ» мен «Г»-ны ажырата алмайды. Қазақ тілінің әуезді бояуын түсінбейді. Актердің тілі таза, анық болған жөн. Сахнадағы бір ауыз сөз көрер­менге жету керек.
– Қазір бізде театр басшылары жиі ауысады. Осының өнерге зияны жоқ па?
– Театрдағы басшы­лықтың жиі ауысы бір деңгейде өнерге зиян тигізуі мүмкін. Алайда өнер ордасына заманның тынысын сезінетін креативті жастар басшы болып келсе, сөз басқа. Мұны мен қолдаймын. Директор деген – театрдың қызметшісі. Режиссерге, актерге не керек, соның бәрін ол істейді. Ал көркемдік жетекшінің орны бөлек. Оған ұжымды біріктіретін, актерлік шеберлігімен танылған, ой-пікірімен көпшілікті мойындатқан беделді тұлғаны қойған дұрыс болады. Көркемдік жетекші көркемдік кеңеске билігін жүргізеді. Сахналайтын спектакльдерді саралайды, режиссерлердің деңгейін бағалайды. Жас буынға аға буынның тәжірибесін үйретеді. Жасы келген актерлердің жағдайын ойлайды. Осы қыруар шаруаға көркемдік жетекші жауап береді. Кейде біз жастардың бойынан болашақ тұлғаның бейнесін көрмейміз. «Қызғаныштың қызыл иті» оған ерік бермейді. Өзім жастарға сенім артамын.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − five =