Театр маусымы несімен есте қалды?

0 33

«Астана Опера» сегізінші театр маусымын Дж.Вердидің ауқымды «Аида» операсымен тәмамдады. Бұл маусым жаңа кездесулер мен жаңалықтарға толы, сонымен қатар межелеген мақсаттарға қол жеткізудің мазмұнды да жемісті кезеңі болды.Пандемияның күрделі кезеңіне қарамастан, маусым ішінде бірнеше премьера қойылды. Оларды қазақстандық қауымдастық, музыка сыншылары мен әлеуметтік желідегі блоггерлер жоғары бағалады. Осылайша, Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» мен «Махаббат сусыны» опералары 2020 жылдың соңында театр репертуарына сән берген комедиялық опералардың керемет стилін паш етті. Әлбетте, классика «Астана Опера» афишасының негізін құрайды, дегенмен театрдың көркемдік кеңесі жаңа, эксперименттік формалардан да бас тартпайды, себебі онсыз театр өмірі толыққанды болмас. Осындай көзқарастың арқасында тағы бір маңызды премьера – қазақстандық композиторлардың музыкасына «Дала үні» ұлттық заманауи балеті дүниеге келді.
Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев пен биыл барша музыкалық әлемде мерейтойын атап өтіп жатқан балет группасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова маусым бойы өнерсүйер қауымды қызықты да сан алуан авторлық жобаларымен қуантты. Аты аңызға айналған балерина жұртшылық назарына гала-балеттер сериясын ұсынды, сол арқылы жас әрі болашағы жарқын әртістерге мүмкіндік берді. Әлемнің көптеген елдеріне әйгілі маэстро Алан Бөрібаев «Опералық классикаға саяхат», «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе француз комедиясының негізін салушылар» атты естен кетпес концерттердің премьерасын, сонымен қатар Р.Вагнердің «Нибелунг жүзігі» діни тетралогиясының негізінде жасалған бағдарламаны және т.б. ұсынды. Сегізінші маусымда жаңа Astana Percussion соқпалы аспаптар ансамблінің тұсауы кесілді, олар осы аралықта елордалық қауымның көңілінен шығып үлгерді.
Биыл еліміз атақты композиторлар, М.Әуезовтің либреттосы бойынша «Абай» операсының авторлары Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығын атап өтуде. Композиторлардың туған күніне орай «Астана Опера» сахнасында Камералық залдағы концерттер, сонымен қатар үлкен залда ұлы «Абай» операсы бірнеше рет ұсынылды. Камералық залда көрнекті композитор, дирижер, ұстаз, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусиннің 100 жылдық мерейтойына орай бірегей тартымды концерт өтті, оған сазгердің жақын туыстары қонақ ретінде қатысты. Күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер, ұстаз, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығы
театрдың камералық залында жарқын концерттік бағдарламамен атап өтілді. «Астана Опера» әртістерінің күшімен және «Қазақ әуендері» АҚ қолдауымен 8-ші театр маусымында 2021 жылғы 26 ақпанда қазақстандық өнердің ұлы қайраткері Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ауқымды концерт өткізілді.
Театрдың жаңа маусымы дәстүр бойынша қыркүйек айында ашылады деп жоспарлануда. Барша өнер жанкүйерлерінің назарына Иржи Килианның «Алты би» (Sechs Tänze), Дьюла Харангозоның хорео­графиясындағы Тибор Кочактың музыкасына «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттері, Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық батырлық операсы, Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» операсы және т.б. премьералар ұсынылмақ.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =