Театр маусымы Мәмбетов спектаклімен ашылады

0 155

10 қазан күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ХХІІ жаңа маусымын ашады. Алдымен «Режиссер тағылымы» атты дөңгелек үстел өтіп, соңынан көрермендер Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлығымен қойылған «Ғасырдан да ұзақ күн» атты қойылымды тамашалайды.

Қазақ театрына ерен еңбек сіңіріп, өзінің тұла бойындағы талантын еліне арнаған өнер иелерінің бірі – Әзірбайжан Мәмбетов. Дарынды режиссерімізді әлем халқы мойындауы жалынды жүрегімізде әсте мақтаныш сезімін тудыратыны хақ. Театр деп аталатын киелі де, қасиетті өнер ордасының қара шаңырағын аспандатқан Әзірбайжан Мәмбетовтің тарихтан алар орны ерекше. Тау тұлға, жігерлі өнерпаз, қайсар қайраткердің салып кеткен сара жолы қазіргі, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болары еш шүбәсіз.

Алаш жұртшылығына режиссерлік өнер кештеу, кенже келгені бәрімізге аян. Аталмыш мамандық үнемі ізденістерді, көрегендікті, ұшқыр ойды, толассыз толғаныстарды талап етеді. Сондай таланты мен талабы жарасқан, төл театрымыздың рухын көтеруге, қанатын қатайтуға атсалысқан атақты Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтер қашанда классик режиссерлер болып қала бермек. Бұлардың әрқайсысының өздеріне тән қайталанбас іздері бар. Әзірбайжан Мәмбетов – ел театрын өзге елге танытқан сахна суреткері.

Ә.Мәмбетов – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дараланып шыққан дарабоз. Саңлақ сахнагер көзі тірісінде көптеген көркем дүниелерді өмірге әкеліп, көрермен назарына ұсынған. Атап айтсақ: ≪Абай≫, ≪Қобыланды≫, ≪Ана – Жер – Ана≫, ≪Ақ кеме≫, ≪Боранды бекет≫, ≪Ғасырдан да ұзақ күн≫, ≪Ваня ағай≫, ≪Дон Жуанның думаны≫, ≪Ой, жігіттер-ай≫, т.б. шығармаларды қойып, жұрт қошеметіне бөленген. Әзірбайжан Мәдиұлының өшпес мұрасы қанша мол болса, өнердегі, өмірдегі достары да соншалықты көп болғаны көңіл қуантады. Танымал театр сыншысы Бағыбек

Құндақбаевтың шәкірті Жаңагүл Сердәліқызы бірде сабақ барысында: ≪Сендер сияқты студенттік кезім. Әзірбайжан Мәмбетовтің мерейтойына тобымызбен бардық. Әуезов театрының ішінде ине шаншар орын жоқ. Нағыз өнер иесіне сай құрмет осындай болуға тиіс шығар≫ деген еді.

Елбасы Н.Назарбаев 1999 жылы режиссерге Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрына қызмет атқаруға ұсыныс жасауы – тынымсыз еңбегінің жемісі. Әркімнің бағына бұйыра бермейтін ұсынысты Ә.Мәмбетов қабыл алып, еліміздің жүрегі – жас Астанамыздың театрына маңдай терін төгіп, ≪Махамбет≫, ≪Жоғалған дос≫, ≪Қан мен тер≫, ≪Қозы Көрпеш – Баян сұлу≫, ≪Қарагөз≫ сынды тамаша туындылармен өнер рухын өрлетті. Осы орайда талантты режиссер бас қаламызға келмей тұрып ≪Қан мен тер≫ қойылымын жоғары деңгейде қойғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына қол жеткізгені белгілі.

Биылғы елорда театрының шымылдығы аты мен тағы төрткүл дүниеге таныс Ә.Мәмбетовке 80 жыл толуына орай өзі сахналап кеткен спектакльдерінің бірі ≪Ғасырдан да ұзақ күн≫ атты қойылыммен ашылмақ. Алғашқы премьерасы 2003 жылы өткен. Ғажап өнер иесінің ғаламат әрбір туындысы ел есінде үнемі қалары күмәнсіз. Ұмытылмас ұлы тұлға мәңгі жадымызда сақталады.

Қуат ЕЖЕМБЕКОВ,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің ІІ курс

студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =