«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Театр күніндегі қуаныш

0 268

Елордада қазақ драма театрының құрылысы басталады. Ғимарат қазіргі заман талаптарына сай, жаңа технологияларды қолданумен бой көтеріп, онда ең заманауи құрал-жабдықтар орнатылады.


Nomad City Hall концерт залында Халықаралық театр күніне орай өткен салтанатты шарада қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов осылай деп сүйіншіледі. Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ әртіс пен театр қызметкерлеріне елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың Алғыс хатын тапсырды.
Бас қаладағы қазақ драма театры құрылысын қаржыландыру жақында Үкімет қаулысымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа жүктелді. Тиісті жер телімі де белгіленді. Театр А.Байтұрсынов және Ж.Нәжімеденов көшелерінің арасындағы жобалық атауы № 23-15 көшеде салынады.
«Тәуелсіздік жылдары елордамыз мәдениет пен өнер саласында жаңалықтар мен инновациялар жаршысына айналды. Өнер саласы үшін театрдың орны бөлек. Көрермен көңілін нұрға, жүрегін жырға бөлеп, қоғамның рухына дем беріп, ішкі жан дүниесіне ем болады. Қаламыздың бүгінгі мәдени өміріндегі жеткен жетістіктері ең алдымен өнердегі өздеріңіздей өнегелі жандардың еселі еңбектері мен жалынды жігерлерінің жемісі екені даусыз. Театрдың тұғырын нығайтып, беделін бекемдеудегі еңбектеріңіз ұшан-теңіз» деген Болат Мажағұлов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың, қала басшысының орынбасары Нұрлан Нұркеновтың және өз атынан Алғыс хаттарды тапсырды.
Марапатқа ие болғандардың қатарында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Айнұр Жетпіспаева, Ержан Нұрымбет, Инабат Әбенова, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актерлері Данил Хомко, Игорь Седин және балетмейстер Роза Белгібаева, «Жастар» театрынан Нұрлыбек Төлеген, Елдос Шайкенов және көрермендермен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Лязима Сайбанова, Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова, осы театр директоры Тоғжан Хасанғалиева, «Наз» би театрынан Жұлдыз Бегманова және Әлия Әбілқасымова, Комедия театрынан Ернияз Бірімқұлов, Әли Бидахметов пен Альбина Валиева болды.
Жалпы қызыл кілеммен жүріп өтуден басталған мерекелік кеште елорда әкімдігіне қарасты алты театр ұжымдары құрмет-қошаметке бөленді. Өз өнерлерін де ортаға салып, көрермендердің көңілін көтерді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды