Тәжвирусты тынысыңнан табады

0 73

Астана медицина университетінің дәрігер-интерні, жас ғалым Бақтияр Әжкен коронавирусты тыныс арқылы анықтайтын тест-жүйесін жасап шығарған авторлардың бірі ретінде танылды. Жасанды интеллект негізінде вирусты 99% нақтылықпен анықтайтын тест бүгінде сынақтан өткізілуде. Жанды жадыратқан жаңашылдық туралы автордың өзінен толығырақ сұрап білдік.– Бақтияр, жаңа тест-жүйе­сін жасау жобасындағы сіздің басты үлесіңіз неде?

– Жаңа құрылғыны Нобель комитетінің мүшесі, швейцариялық профессор Ристо Орава командасының құрамындағы ғалымдар тобы Хельсинкидегі зертханада жасап шығарды. Сол топтағы жас ғалымдардың бірі ретінде менің үлесім – жасанды интеллектке медициналық білімді үйрету болды. Мәселен, жасанды интеллект бұл қажет пе немесе қажет емес пе деп сұрайды. Оны үнемі үйретіп отыру керек және оның сол білімді қалай игергенін тексеру қажет. Одан әрі біртіндеп сұрақтары күрделене түседі, соңында ол көзді ашып-жұмғанша «сыртқары» көрсеткіштерді әрбір цикл сайын алып тастай отырып берілген параметрлер бойынша деректерді тексере алатындай дәрежеге жетеді. Мысалы, қазір сандық диагнос­тикада тыныс алу талдауын жасамас бұрын адамның не жеп, не ішкені маңызды емес, себебі жасанды интеллект мұны ажырата біледі және ол өзіне қажет көрсеткіштерді ғана алады. Химиялық сынақ­тарда мұндай «ақылды» талдау мүмкіндігі жоқ.

– Құрылғы қашан пайдалануға беріледі?

– Қазір жаңа құрылғыға ҚР Денсаулық сақтау минис­трі Алексей Цой мырзаның рұқсатымен және жеке қолдауымен калибрлеу жұмыс­­тары жүргізілуде. Министр практик ретінде денсаулық сақтау саласының міндеттерін жақсы біледі, сондықтан технологияның жаңа буынын барлық ережелерге сәйкес қолдануды дұрыс деп санады. Бұл құрылғы адамдардан коронавирус инфекциясын анықтауда тезірек, дәлірек және арзан диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Егер калибр жұмыстарын екінші рет жүргізу қажеттілігі туындамаса, бұл тестінің кішігірім сынақ партиясын қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда. Диагностика кезінде адам құрылғыға дем шығарады. Вирусты анықтау­ға сол жеткілікті.

– Бұл ғылыми табысқа қалай қол жеткізгеніңді баян­дап берсеңіз…

– Әрине, басты еңбек – сол Ристо Ораваның еншісінде. Әлем үшін жаһандық маңызы бар жобаға қатысуға қабілетті ғалымдар бар екенін көрсетіп, қазақстандық жас ғалым ретінде осы әзірлемеге қатысуға мүмкіндік алғаным – мен үшін зор мәртебе.

– Жоба құрамына Қазақстаннан тек сізді таңдады ма?

– Иә, бастапқыда елімізден тек мені таңдады. Жалпы жобада 15 елдің ғалымдары болды. Мен бар уақытым мен күшімді осыған аямай жұмсадым. Нәтижесінде маған бірнеше ғылыми тапсырмаларды орындау үшін қазақстандық жас медицина ғалымдарының тобын құруға ұсыныс түсті. Қазіргі таңда біздің командада қазақстандық 18 адам бар. Біз сияқты командалар Швейцария, Финляндия, АҚШ, Нидерланды және Африка елдерінде жұмыс істеуде.

– Әрі қарай не жоспар бар?

– Калибрлеу жұмыстары аяқталған соң біздің топ қыр­күйек айында құрылғының сынақтық топтамасын қолданысқа енгізу және дәрігерлерді дигитальды диагностиканың жаңа әдістерімен жұмыс істеу­ге үйрету мәселелерімен айналысады. Келесі кезеңде лицензия бойынша құрылғының еліміздегі өндірісін қолға алып, оның құнын қолжетімді етуді, сол арқылы неғұрлым көбірек отандастарымызды диагностикалауды жоспарлап отырмыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − one =