ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТЕТІН ҰЙЫМДЫ ӨЗІҢІЗ ТАҢДАЙСЫЗ

0 211

Қайрат ЖАҚЫПОВ, Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының директоры:

Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы 2011 жылы құрылған болатын. Сол уақыттан бері орталыққа хабарласқан 5 337 адамның 2 393-і жұмысқа орналасыпты. Сейсенбі күні елордалық оқырмандармен өткен тікелей тілдесу барысында Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Әсетұлы Жақыпов осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

– Колледждің студентімін. Сабақтан бос уақытымда қосымша табыс тапқым келеді. Сіздің орталық арқылы жұ­мысқа орналасуыма бола ма? Ол үшін қандай құжаттар қажет?
– Оқитын жастар Астана қа­ла­сының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масына барса, оларға ақылы қо­ғамдық жұмыстар ұсы­нылады. Жұмысқа орналасу үшін жеке куә­лігіңіз бен студенттік биле­тіңіз өзі­ңізбен бірге болуы керек.

– Қазіргі уақытта жұ­мыс­сызбын, газэлектр­дәне­кер­­­­леуші мамандығын оқып, құрылыста жұмыс істе­гім келеді. Жұмыспен қамту ор­та­лығы ар­қылы осы маман­дық бойынша оқи аламын ба?
– Иә, сіз «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы негі­зінде газ­электрдәнекерлеуші маман­дығы бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру курсынан өте аласыз. Курстың оқу мерзімі – 3 ай, оқу барысында сізге 12 188 теңге көлемінде материалдық көмек көр­сетіледі. Оқуды аяқтаған соң, мемлекеттік үлгідегі сертификат пен «газэлектрдәнекерлеуші» бі­лік­тілігі беріледі. Сонымен қатар, Жұмыспен қамту орталығы сізге мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналасуға көмектеседі.

– Немеремнің тұңғышы биыл мектеп бітіретін еді. Қай­да оқитынын өзі де анықтай алмай жүр. Оқуды бітіріп алып, жұмыссыз жүрген жастар көп қой. Сондықтан, әуелі бі­ліп алайық деп едік, бүгінгі таңда қаламызда қандай маман­дық­тарға сұраныс көп?
– Немереңіздің болашағына алаңдайтыныңыз көрініп-ақ тұр. Қазіргі уақытта Астанаға тех­ни­калық мамандар қажет. Сон­дық­тан, жастардың осындай маман­дықтарға оқуына кеңес береміз.

– Құрылыста тас қалаушы болып жұмыс істеймін, бірақ қолымда ешқандай қа­ғазым жоқ. Жұмыстан қол үз­бей, маман­ды­ғым бойынша бі­лік­тілік алуы­ма бола ма?
– Әрине, болады. Биылдан бас­тап «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасына сіз сияқты аза­маттарға ішінара жұмыспен қам­тылған қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарын оқу қосылған. Ол үшін сіз жұмыс істеп жатқан ұйым Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-не бекітілген үлгіде өті­­ніш жазуы тиіс. Содан кейін сіз қажетті құжат­тармен біздің орталыққа келіп, бағдарламаға қатысу үшін өтініш жазасыз. Орталық сізді курсқа жібереді, оқуды аяқтаған соң мем­лекеттік үлгідегі сертификат беріледі.

– Жасым 48-де, үшінші топтағы мүгедекпін. Жұ­мысқа орналаса алмай жүрмін. Маған қандай көмек көрсете аласыздар?
– Біз сізге 52 000 теңге минималды еңбекақысы бар әлеуметтік жұмыс орындарын ұсына аламыз. Ол үшін сіздің қандай жұмыстар атқара алатыныңызды білуіміз керек. Жалпы, мүгедек жандар жыл сайынғы республикалық және жергілікті әкімдіктердің қау­лы­сымен бекітілетін нысаналы топ­­тар қа­тарына кіреді. Нысаналы топтар үшін уақытша жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік жұ­мыс орындары құрылады. Мүм­кін­дігі шектеулі жандар үшін бұл – еңбектік оңалтудың бірден-бір жолы. Бұл жұмыс орын­дары­ның ерекшелігі – уәкілетті орган ай сайын жұмыс берушінің ұсын­ған мәліметтері негізінде жұмыс беру­шінің жұ­мысқа орна­ласқан аза­мат­тарға еңбекақы тө­леу­ге жұм­­саған шығындарын өтеу­ге арналған со­маны жұмыс берушінің есеп айы­рысу шотына аударып отырады.

– «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек еткім келеді. Естуімше, онда алты ай ғана жұмыс істейді екенмін. Одан кейін жұмыста қалдырмаса қайтемін?
– «Жастар тәжірибесі» бағ­дарламасы уақытша алты ай мер­зімге дейін жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты – жоғары немесе орта кәсіптік білімі бар жас мамандардың мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алуына жәрдемдесу. Тәжірибе өткен жерде тұрақты жұмысқа орналаса алмасаңыз, Жұ­мыспен қамту орталығына ха­бар­ласуыңызға болады. Қабі­ле­тіңіз бен жұмысқа деген ынтаңыз болса, жұмыссыз қалмайсыз деп ойлаймын.

– «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бо­йынша жұ­мыссыз азаматтарға несие алуға болады екен. Соның шарттары қандай?
– Астана қаласында Жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағыты бойынша жұмыс істе­мейтін азаматтарға несие беріл­мейді.

– Осыдан екі жыл бұрын университет бітірген болатынмын, мамандығым – заңгер. Бірақ, қазір басқа салада жұмыс істеп жүрмін. Таңдаған маман­дығым бойынша қызметке ор­наласқым келеді. Қандай көмек көрсете аласыздар?
– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде жастар тәжірибесінен өтуіңізге болады. Бұл жерде сіз 24700 теңге жал­а­қымен алты айға дейін жұмыс істей аласыз. Тәжірибеден өте­тін ұйымды өз қалауыңызбен таң­дауыңызға болады.

– Жұмыспен қамту орта­лығына тіркелу үшін өзіммен бірге қандай құжаттар болу
керек?
– Біздің орталық арқылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасына қатысушылардың құра­мына ену үшін сізге жеке басы­ңызды куәландыратын құжат­тың, тұрғылықты жеріңіз бойын­ша тіркелгеніңізді растайтын құ­жат­­тың, еңбек кітапшасы мен біліміңіз туралы құжаттың және ден­саулық жағдайы туралы анық­таманың көшірмелері қажет.

– Арақ ішпеймін, шылым тартпаймын, бірақ тұрақты жұмысым жоқ. Жұмыс іздеп талай табалдырықты тоздырдым, барған жердегілер соттал­ғанымды естігеннен кейін, сырт айналып шыға келеді. Сонда мен қайда барам?
– Сіз сияқты азаматтар нысаналы топтар қатарына жатады. Жұмыспен қамту орталығы сізге жұмыс берушінің еңбекақысына төлейтін шығындарын өтеумен ерекшеленетін әлеуметтік жұмыс орындарын ұсына алады.
Уақытша жұмыс істеп, өзіңізді жақсы жағыңыздан көрсете біл­сеңіз, жұмыс беруші еңбек шарты­ның уақыты аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа қалдыру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

– Ет-сүт өнімдері бойын­ша технолог маманмын. Ма­мандығым бойынша жұ­мысқа орналаса алмай-ақ қой­дым. Сіз­дің орталықта маған лайықты жұмыс жоқ па?
– Сіз ең алдымен Астана қа­ласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масына барып, жұмыссыз ретінде тіркеліңіз. Содан кейін біздің ор­та­лыққа келіп, өзіңізге ыңғайлы жұмыс іздей аласыз.

– Бұрын есепші болып жұмыс істегенмін, бала күті­міндегі демалыста отыр­ғаныма үш жылдай уақыт бо­лып қалды. Кішкентайым қазір балабақшаға барып жүр. Әріп­­тестерімнің айтуынша, бұрынғы істеген жерім жабылып қалыпты, басқа жұмысқа шығайын десем, жү­рексінемін. Қайта даярлықтан өткенім дұрыс па?
– Қазір жұмыссыз болсаңыз, онда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде есепші мамандығы бойынша біліктікті
арттыру курсынан өтуіңізге болады. Курсты оқу мерзімі – екі
жарым ай және осы уақыт ара­лы­ғында сіз біздің орталықтан
12 188 теңге көлемінде мате­риал­дық көмек аласыз.
Оқуды ойдағыдай аяқтағаннан кейін сізге мемлекеттік үлгідегі сертификат және «1С Бухгалтер» біліктілігі беріледі. Сонымен қа­тар, Жұмыспен қамту орталығы сізге оқыған мамандығыңыз бо­йынша жұмысқа орналасуға кө­мектеседі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + eighteen =