ТАЗАШ АПАНЫҢ КӨЖЕСІ ТӘТТІ

0 233

наурыз коже

Қаңтар бойы қалың жауған қар ақпанның ақ түтегінде аз-маз аласармаса, тізеден төмендеген жоқ еді. Көктеммен ілесе жеткен жылымық оны лезде ерітті де, шашылған ақ мақтадай болып әр-әр жерден көрінді де қалды. Өлара түндерінде қара жер біршама қатқақтағанымен, ай көрініп, күн шуағын молынан төккенде қаһарлы қыстан әлгіндей де белгі, сыз қалмаған.

Ұлы Жібек жолының ізі қалған Саудакентті сағалай қонған кішкене ауылдың бұйығы тіршілігі бұл мезгілмен бір сілкінгендей. Көптен бері бас қоспаған қариялар ұзын көшенің бойындағы поштаның алдына жиналып, қауқылдасып қалыпты. Өкінішті, биыл бұлардың ортасында төбедей болып отыратын, мәжілістің салмағы мен сәніндей болған Орынбай ақсақал жоқ. «Әй, ертең әр шаңырақтан бір адам күрегі мен қайласын алып Тұңғышбайдың талына жиналсын. Ынталы каналынан егістікке су келетін арықты күл-қоқыстан арылтып тастайық» деп елді игі іске бастап отырушы еді, жарықтық. Енді қай атам Орекеңдей жол бастар екен?! Айтпақшы, әлгі алып каналды ұжымдастыру заманында ауыл азаматтары қолдан тұрғызғанын айтады көнекөздер. Содан бері айналасындағы алты ауылдың егістік алқабын сумен нәрлендіруге жарап-ақ тұр. Қайран, ағалардың ізі әлі талай ғасыр жасары анық. Өйткені, егін шаруашылығымен күнелткен елдің иігілігіне қызмет етуде канал.

Көктем шыққаннан шағын ауылдың әжелеріне де тыным жоқ. Етегіне сүрініп-қабынып жүріп, үй ішінің бәріне іс тауып береді-ау, шіркіндер! Әне, менің апам да киіз үйдің жабдықтарын бүтіндеп әлек. Бұл – басы, әлі әулеттің келіндерінің басын қосып, қыс бойы сарайда жатып шұрқ-шұрқ тесілген киіздерді жаңартады. Оның артынан міндетті түрде екі түсті текемет, сырмақтық ақ, қара киіз басады. О-о, ол кезде бір мереке ғой! Жеңгелерім сампылдап ши тоқиды, жыртыңдап өсек соғады, аңқылдап бар сырларын ақтарады. Арагідік «Әй, Еркебала, қауғамен су тарта сал», «Қаражігіт, арқанға қол жалғай ғой» деп жұмсайтындары бар. Қайындарының атын атамайтын алтын жеңгелер ғой…

Бір уақытта улап-шулап жүрген бүкіл қарасирақтар оралып жатқан киізді тебуге жиналады. Апамның екі құрбысының – Тұмаркүл мен Дәмеш әжелердің ою сала отырып, әндететіні тағы бар.

«Алма ағаштың гүліндей-ау,

Текеметтің түріндей-ау.

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ау…»

Әуелей қалықтаған үндерінде қарттықтың белгісі болғанымен, сазы құлаққа жағымды еді, әлдебір күйге бөлеп, баурап алатын. Әжелердің әніне елітіп, беймәлім ойға шома кететінбіз. Содан кейін келіндердің бастаңғысы басталады. Ол да бір думан! Онда да ән шырқалады.

«Бойында Арыстың,

Өзіңмен таныстым.

Жайнаған гүлдей құрбым сен,

Жағада тұрдың сен…»

Жеңгелер көбіне Шәмшінің әндерін айтады.

Бәрінен де киіз үй құруды айтсаңшы! Бұл кезде біздің үй жаққа көшедегі күллі еркек кіндікті келеді. Әне, аузы бір жабылмайтын Мұхтар әнеукүнгі көкпардың қызығы мен шыжығын майын тамызып айтуда. Керегенің жиегін байлап тұрған Талғат қосылды әңгімеге.

– Шубайдың Қарагерін Аманғали мінгенде ғой, серкені тақымынан босатпас еді, иә!

– Соны айтсаңшы, менің күреңім де бабында болмай, додадан үрки берді. Әйтпесе бар ғой, Жаңаталаптың жігіттерінің жанын шығарар едім… Бұл – мақтаншақ Манарбектің сөзі.

Расымен, наурыздың басында өткен Үсейдің асындағы көкпарда ауыл шабандоздары сан соғып қалып еді.  Шаңырақты бақанмен тіреп тұрған ұзынтұра Саят шақшасынан бір атым насыбайды ерніне салып, былш еткізіп бір түкірді де:

– Келесі жұма Саудакенттегі пірәсеншік Сәуір бәйге береді. Сонда есе қайтарамыз. Пішән анау жылы Әулиеатадағы бәйгеде бірінші келген сары айғырын суытып жүр ғой, – деді.

…Киіз үйдің түндігі жабылысымен апам наурыз көженің қамына кіріседі. Онда да өзінен бастап, сенделіп жүрген немерелеріне дейін жұмыс табылады. Алдымен, қара келі мен келсапты дайындайды. О-о, бұл көнерген құралдың көрмегені аз, тарихы тым тереңде. «Бұл келіні енемнің енесі ұстаған. Наурызбай аталарың емен ағашынан жоныпты, жарықтық. Өзегінің мықтылығы ғой, анау алағай да бұлағай заманда бір әулетті аштықтан алып қалған». Бұл – апамның әр жылы айтатын сөзі. Сондықтан болар, «қара келінің киесі бар» дейді. «Бабаларыңның көзі» дейді. «Сендер де көздеріңнің қарашықтарындай сақтаңдар» дейді. Сөйтеді де күзге салым ауыл сыртындағы қырманға ерінбей барып, іріктеп алған жүгерілерін үгітеді, жуады, кептіреді. Содан кейін бидайын әзірлеп береді. Ал, енді соқ келсапты! Көрші үйдің баласы – Әсембек, інім – Шоқан және мен, айналдыра түйгіштейміз.

Күн батып, қас қарайғанда жүгері де бітеді, біздің де діңкеміз құрып, сілеміз қатады. Тамағымызды ішер-ішпестен кеше ғана тігілген киіз үйдің төріндегі құрақ көрпені маңдайымызбен сүзе құлаймыз. Бір уақытта апам «Мына тұқымың өскірлер, төсек салмай жантая салыпты-ау» деп күбірлеп, үстімізге бірдеңе жауып жүреді.

Таңертең көзіңді ашып, ояна бергеніңде, алдымен мұрныңа сексеуілдің шоғы басылмаған самаурынның иісі келеді. Не деген жағымды, тәтті! Іле-шала үлкендердің әжің-күжің әңгімесін құлағың шалады. Іргесі түрілген кереге торынан тысқа көз салғанда, Таймас жатады. Енесі өріске кеткен қара ала бұзаудың мөңірегені, қара есектің ақырғаны, шұбар тайдың пысқырынғаны, шымшықтардың әлденеге таласып шиқылықтағаны естіледі. «Ертең – бейсенбі, – дейді апам, – әкелерің тойға үш күн қалғанда дүние салып еді. Әруағы бір аунап түссін, наурыз көже таратып, құран оқытайық». Жыл да осы, біздің үй наурыз көжені Ұлыстың ұлы күніне үш күн қалғанда, он тоғызыншы наурызда таратады. Осы күні атамыз мәңгілік сапарға аттанған.

Біздің ауылда апамның көжесін сағынбайтын жан кемде кем. Үлкеннің де, кішінің де «Тазаш апаның наурыз көжесінің тәттісін-ай» деп тамсанғанын талай көргенмін. Қағытпа Қалдыкүл де, керең Көрпеш те, үндемес Үміт те «Тазашқа айтып бар, түйілген жүгерісінен бес-алты келі дайындап қойсын. Жаман қатынның жүгерісінің көжесі дәмді болады» дейтін. «Жаман қатынның не қасиеті бар-ей, қолынан шыққан асы тіл үйіреді ғой?!» дегендерді де талай естігенмін.

Апамның «жаман қатын» деген ныспысын марқұм атам таңып кетіпті ғой. Өзінің айтуынша, өле-өлгенше кемпірінің атын атамай, «жаман қатын» депті. Соңғы деміндегі сөзінде де «Жаман қатын, балаларға ие бол» деген екен. Міне, осыдан кейін апамды замандастарының бәрі жаман қатын дейді. Оған шамданатын апам ба, күледі де қояды.

…Біздің үй наурыз көже тарататын күні апам мені таң сәріден оятады. «Айналайын, тұра ғой, жамағайынды көжеге шақыр. Болат молданы ұмытпа» дейді. Ұйқымды ашар-ашпастан зыта жөнелемін. Бұл уақытта ел малын өріске айдап тастап, таңғы шайларын сораптап отырады. Алдымен көрші Тұмаркүл әженің үйінен бастаймын. Есіктен басымды қылтитып, «Сағат он екіде біздікіне наурыз көжеге келіңіздер» деймін. Әже қолындағы оюлы кесесін үстелге қойып жатып, «Ә, атасының баласы ма, мә, ала ғой» деп, дастархандағы тәттіні уыстап қойныма төге салады. Содан кейін Мылтықбай атаның үйі, оның көршісі – Кәкіш аға, одан ары Дүйсен, Орынтай, Қажымдардың үйі…Олардың шаңырағында әжелері жоқ. Яғни, маған тәтті де жоқ.

Содан кейін жолдың қарама-қарсы бетіне шығып, Болат молданы, Кеңесбек көкені, Мұхтар, Орынбасар, Пернебай, үлкен ұлы менімен құрдас Түлкібайдың үйлерін шақырамын… Күн сәскеге тақағанда үйге жетемін ентігіп.

Көп ұзамай шақырған қонақтарымның алды келе бас­тайды. Алғашқы легі киіз үйге, сыймағандары үлкен үйдің дәлізіне жайғасады. Үлкендермен ілесіп, балалары, немерелері келеді. Олардың қолдарында, әдеттегідей, ыдыстары болады. Өйткені, көпшілікпен сыймайды. Сондықтан наурыз көжені құйып алып, өз үйлеріне барып ішеді.

Қонақтарға наурыз көже қазандай-қазандай қос шарамен жеткізіледі. Бірі – киіз үйге, бірі – үлкен үйге. Жеті түрлі тағамнан дайындалған дәмді төрдегі шалдармен бірге мен де сораптап отырамын. Әңгімелерін естісін дей ме, әлде, шаңырақтың иесі дей ме, апам мені үнемі үйге келген қариялардың қасына отырғызатын. Олар да баласынбайтын, бәлсінбейтін, әр нәрсені сұрап, үлкен кісілерше әңгімеге тартады. Кейде, ас келгенше Алпамыс батыр дастанын айтқызатын.

«Баяғы өткен заманда,

Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде,

Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты…»

деп сарнаймын келіп, сарнаймын келіп.

Қариялар қай тақырыпты қаузамайды дерсіз. Мылтықбай биыл қардың қалың болғанын сөз етті. «Егіс бітік шығады. Бір жарылқап қалатын болдық» дейді көріп келгенсіп. «Қыстың шілдесі шыдатпап еді, жазғы шілде алқапты күйдіріп тастамаса, игі» деген Тілеубай ата күдігін жасырмады. Марқұм Тоқсанбай құрдасының қызықтарын, Жұман шалдың мәрт қасиеттерін тілге тиек етті Құдайберген шал.

Әңгіме тойға дайындық барысына ауды. Бәйгеге кімнің қандай ат жаратып жатқанын, түйе палуанда кімнің жауырыны жерге тимейтінін, көкпарда қай ауылдың шабандоздары мықтылық танытатынын, арқан тартыста қай көшенің бағы жанатынын қариялар таласа болжады. Бәрінің сөзінің жаны бар, тек уақыт төреші, тойда көреміз…

«Біздің үйдегі жүгермек Астанаға кетем деп жүр. Икіспо дей ме, екіспе дей ме, бірдеңенің құрылысы басталатын көрінеді. Қайсыңның балаң барады-ей?» деген Жүзтай апаның даусы естіледі бір кезде дастарханның төменгі жағынан. Бұл тақырып, әрине, жалғассыз қалмайды. «ЭКСПО» көрмесінің дақпырты бұл ауылға да жеткен-ді. Үлкендер өмірлерінде көрмеген астаналарын тамсана сөз етті.

Наурыз көже ішілді, аяқ босады. Артынан шоғының қызуы басылмаған сары самаурын келді. Мұның соңынан тағы бірнеше самаурын кіріп-шықты.

Молда құран оқып, алақан жайдық. Аталарымыздың аттарын атап бола бергенде, апам «Сарынбек қайнағаны айт» деп саңқ ете қалды. Әруақтардың бәрін-дерлік риза қылып, бет сипадық.

Апамның Сарынбек қайнағасын ұмыттырмайтындай жөні бар, бізбен рулас, мұқым ауылға сыйлы болған Арынбек атамыз ол. «Бір қолтығына өгізді, бір қолтығына ботаны көтеріп, жүре беретін» деседі ел. Атқа мінгенде екі аяғы жерге сүйретілетін еңгезердей кісі болған ғой.

Қонақтарды шығарып салып көшеге шыққаным сол еді. Ойнап жүрген бес-алты бала жүгіріп келіп, қолымды алды. «Тазаш апаның көжесі биыл да тәтті болыпты» дейді танауларын тартып.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =