ТАЗАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ

0 242

Таза қаланың тынысы кең. Үйреншікті үрдіске айналған сенбілік елорданың көркеюіне көп үлес қосуда. Бірлігі бекем тұрғындар бұл іске келгенде жұдырықтай жұмылып, білек сыбана кіріседі. Дағдылы игі іс жалғасын тауып, сенбі күні қала тазалығы үшін деген тілек екі қолға бір күрек ұстатты.

«Біз таза қала үшін!» экологиялық айлығы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке 100 мыңға жуық адам шықты. Ауқымды шараға 4300 кәсіпорын және ұйым, 47 жоғары және арнайы орта оқу орындары, 86 орта мектеп, 131 мемлекеттік мекеме мен ұлттық компания атсалысты.  Атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Еуразия гуманитарлық институтының, Медициналық және Сауда-экономикалық колледжінің студенттері, «Астана Орманы» АҚ, «Астана Энергия» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКК, «Астана Теплотранзит» АҚ, «Астанателеком» ҚТО қызметкерлері және ішкі әскерлерінің әскери қызметкерлері белсене қатысты. Барлығын аудандық әкімдіктер күрек, тырнауыш, қолғап, қоқыс салатын қап, жалпы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Сенбілік кезінде жиналған қоқысты шығару үшін 460 техника, соның ішінде 280 жүк көлігі, 180 жүк тиегіш жұмысқа тартылды.

Көпке үлгі болып көшті өзі бас­тап жүретін шаһар басшысы бұл шаруадан да шет қалмады. Келе сала қолғап киіп, қолына күрек алып ағаш отырғызуға кірісіп кетті. «Жалпықалалық сенбілік – дәстүрге айналған шара. Арайлы Астанамызды таза ұстауымыз керек. Әрбір адам өзінің отбасы үшін, еткен еңбегі үшін, тұрған тұрағы үшін жауапты. Осындай сенбіліктерге белсенді атсалысу бұл қалада өмір сүріп жатқан тұрғындардың жауапкершілікті сезінгені деп ойлаймын. «Мен – астаналықпын!» деген мақтаныш сезімі ұялауы үшін қалада ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге шығып, бір-екі сағат еңбектеніп, ағаш отырғызсақ, одан шаршамаймыз, керісінше сергектік сыйлайды. Осылайша, әрқайсымыз «мен де осы Астананың көркеюіне бір септігім тиді» деген көңілмен жұмыс істесек, бұл, әрине, үлкен қуаныш» дейді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Алматы ауданында сенбілікке 1979 кәсіпорын мен ұйымдардан 43 мың 470 адам қатысып, 175 жүк көлігі және 85 жүк тиегіш техника жұмылдырылды. Жалпы,  бақтар мен шағын бақтарды қосқанда ­­­­­­2 900 000 шаршы аумақ қоқыстардан тазартылды.

Аудан аумағына 4 362, оның ішінде тұрғын үйлердің алдына – 1050, Есіл өзенінің жағалауындағы саябақта – 500, Ақжол көшесінің бойында 1458 түп көшет отырғызылды.

Ал, Сарыарқа ауданы бойынша 2 мың ұйым және мекемеден 30 мыңнан аса адам қатысты. Жұмыс күшіне 159 техника тартылды, оның 114-і – жүк автокөлігі және 45-і – жүк тиегіш техника. Бұл ауданда тазарту жұмыстарының нәтижесінде 853 тонна қоқыс (132 рейс) шығарылды. Агротехникалық университеттің студенттері Тілендиев  даңғылының бойын қоқыстан арылтты. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Президентінің мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Кегок» АҚ, ҚР Орталық сайлау комиссиясы, ҚР Қаржы министрлігі қызметкерлерінің көмегімен Солтүстік айналма тас жолы, Алаш, Көкшетау тас жолдары тазаланды.

 Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесі, №10 қалалық емхана және «Жас Отан» жастар қанаты өкілдерінің күшімен 150 түп ағаш отырғызылды.

№70 мектептің тәрбие ісі орынбасары Назым Базылбекқызы: «Біздің мектептен бұл сенбілікке 630 адам қатысты. Алпысы – мұғалім, қалғаны – оқушылар. Айналаны тазартып, 30 түп ағаш отырғыздық. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстың маңызын ұғындыру мақсатында «Біз таза қаланы қолдаймыз», «Біз таза қала үшін ат салысамыз» атты тәрбиелік сағаттар өткіздік» дейді.

Өскен өңірдің өрендері – қаланың келешегі ғана емес, келбеті. Сенбілікке келген көпшіліктің басым бөлігі – жастар. Басқару колледжінің 2-курс студенті Зарина Серік: «Қалада өткен сенбіліктің бәріне жыл сайын қалмай қатысамыз. Жалпы, жастар – қоғамда қозғаушы күш. Осындай күшке ие біздер мұндай шаралардан тыс қалсақ, қаламыздың дамуының қарқыны бәсең болатыны сөзсіз. Сондықтан, өзімізбен қатар өсіп келе жатқан қаланы таза ұстауға тырысамыз» дейді.

Иә, бәрін өзіміз үшін деп істейміз. Кіршіксіз қалада күн кешу кімге болсын жайлылық сыйлайды. Яғни, мұндай «өзімшілдік» көпшілікке қызмет етеді. Тұрғындар өзі өмір сүретін ауданын, оқушылар, студенттер оқу ордасының ауласын, жұмысшылар қызмет орнының аумағын таза ұстаса – бұл қоғамның тазалығын қалыптастырады. Әкім бір сөзінде сенбіліктерге ескірген үрдіс ретінде қарау үшін қала тұрғындары кез келген жерге қоқыс тастамай, әркім өз үйіндей қарап, ара-тұра болса да тазалық жұмыстарын жасап тұру қажеттігін айтқан. Себебі, еуропалық стандарттар бойынша сенбіліктерден арылу үшін қазақстандықтардың мәдениеті соған сәйкес болуы тиіс. Қоғам барда сенбіліктер маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды.

Сенбілік кезінде қаланы тазартумен қатар, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары көптеп жүргізілуде. Қаламыздың көркеюі үшін көгалдандыру жұмысының маңызы зор. Бұл қаланың ажарын ғана ашпайды, шудан, күннен, шаңнан қорғайды. Ғылыми деректер бойынша, белгілі бір аймақтың 15 пайызы көгалдандырылса, шаң-тозаңның мөлшері 20 пайызға кемиді, 35 пайызға өсімдік өсірілсе, шаң 50 пайызға азаяды, ал 65 пайызға өсірілсе, шаң 95 пайызға кемиді. Бір гектар жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 кг көмір қышқыл газын бойына сіңіреді. Ендеше, жаңа қаланың жасыл қалаға айналуына үлесімізді қосайық. Бұл – тазалықпен бірге денсаулықтың кепілі.

 Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 12 =