ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

0 195

img16

Елорданың әсемдiгi тек сәндi ғимараттарымен, сәулеттi сарайларымен ғана өлшенбесе керек. Астананың ажары оның тазалығына да тiкелей байланысты. Өйткенi, тазалық – мәдениет-тiлiктiң басты белгiсi.

«Адам жанының тазалығы тәнiнiң тазалығынан бастау алатыны секiлдi қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда жатталып қалыпты. Елордалықтардың сүйiктi қаласына өз сезiмiн бiлдiрудiң бiр жолы – сенбілік өткізу екенін ескерген Иманғали Тасмағамбетов оның тәрбиелiк астарына үлкен мән беріп келеді.

Бұл ретте Астана өзге қалаларға үлгі көрсетуде. Кейінгі кезде көктем және күз айларында тазалық акциясын жариялау жылдағы қалыптасқан дәстүрге айналды. Биыл да Астанада санитарлық тазарту, қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында 7 сәуір мен 7 мамыр аралығында көктемгі экологиялық айлық жарияланды. Ал, сәуірдің 19-ы күні елордада жалпықалалық сенбілік өтеді. Оған шамамен 100 мыңға жуық адам, 8 500 кәсіпорын және ұйым, 170 оқу орны мен 360 ПИК қатысады деп жоспарлануда. Ең бастысы, биылғы сенбілікте 2 700 көшет отырғызылмақшы. Құптарлық іс.

Көктем шыға ауыл маңын ретке келтiрiп, үй-iшiн таза ұстау – ықылым замандардан келе жатқан халықтық үрдiсiмiз. Дегенмен, кейбіреулер әлі де болса үйiнiң ішкі жинақылығымен шектеліп, ауласындағы тазалыққа да өзінің жауапты екенiн сезiне бермейдi. Жолда кетіп бара жатып, автокөлiктерден қоқыс лақтыратындар да бар. Бұларды жүгендеу үшiн заң жүзiнде талапты күшейту керек.

Ауа ластануының адам ағзасына кері әсер ететінін біле тұра, айналамыздың мұнтаздай болуына мән бермей жататынымыз жасырын емес. Мәселен, адам ағзасына түскен көмір сутегі тотығы, күкіртті газ, кү-кірт сутегі, газ тәрізді қосындылардың бәрі дем алуды қиындатып, оны қолайсыз иістермен былғайды. Сөйтіп, жүйке жүйесіне, адам ағзасына кері әсер етіп, адамның дене еңбегі мен ақыл-ой қабілетін кемітеді. Ауа тозаңы көбіне тұрғындар жаққан отын заттарынан, күлден, түтіннен, күйеден, қарамайлы заттардан пайда болады. Шаң-тозаң – адамның жауы. Оның құрамында кремнийдың ұшып жүрген тотығы бар. Мұндай тозаңмен ұзақ уақыт дем алатындар силикоз ауруына шалдығады екен. Осыдан кейін тазалыққа мән бермей көр!..

Жалпы, ауаның шаң-тозаң, түтінмен, уран радиация сәулелерімен лас-тануы салдарынан бүгінде туабітті жамбас сүйегінің шығуы, қисық мойын, маймақ аяқ, шұңқыр кеуде, құс кеуде, қабырғасы төс сүйегіне жетпей, екі бұғана сүйегінің жоқ болып туылуы көбейіп, мылқау, соқыр, аяқ-қолдары жоқ, омыртқа бағанасы қисайған сәбилер қатары артуда. Ендеше, Мемлекет басшысы айтқандай, өз денсаулығымыз туралы ойланып, кейінгі ұрпағымыздың болашағына немқұрайлы қарамай, қаламызды, ортақ үйімізді түрлі өсімдіктермен, хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдыруды, жалпы тазалықты әркім өз отбасынан, табалдырығынан бастаса ғой. Астананың айналасы, үйлердiң алды, аулалар мұнтаздай жарқырап жатса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң бас шаһарға деген құрметi арта түсер еді. Қысқасы, бас қала ажарымен ғана емес, мұнтаздай тазалығымен де баурап тұрса дейміз.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 12 =