«ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ»

0 1  045

Қасиеттi Құран Кәрiмде:
«Ол сондай Алла, әр нәрсенiң жара­ты­лысын көрiктi етiп әсемдедi», – дейдi (Сәжде сүресi, 7-аят).
Жоқтан бар болған әлем – өз жүйе­сiмен сұлу жаратылған Алла туын­дысы. Сосын, әр туынды табиғаттағы өзге жәндiктермен үйлесiмдi және белгiлi бiр мақсатпен жаралған. Құран Кәрiм жаратылыс сахнасы болған қоршаған ортаны, табиғатты Алла тағаланың сән-салтанатының көрiнiсi деп таниды. Құран кәрiм көптеген аяттарда адамзатты табиғатты тамаша­лап, ол туралы ойлануға шақырған. Қасиеттi аяттарда Алла тағала табиғи құбылыстарға, атап айтқанда аспанға, жерге, таңсәрiге, күннiң сәулесiне, ай­дың нұрына, күндiздiң жарығына, түн­нiң қараңғылығымен ант еткен. Сон­дай-ақ, Құранның кейбiр сүрелерi таби­ғи құбылыстар немесе жан-жән­дiктер­дiң атымен аталған да. Мысалы «Қа­мар» сүресi «ай» сүресi дегендi, «Шәмс» «күн», «Ләил» «түн», «Инсан» «адам», «Ғанкабут» «өрмекшi», «Нәхл» «бал ара­сы», «Бақара «сиыр» ма­ғы­на­сын бе­ре­тiн сүре, мұнан басқа тағы бар.
Құран аяттарында табиғат қыс маусымында ұйқыға батып, көктем мезгiлiнде қайтадан оянатыны сияқты өлген жанның қайта тiрiлетiнi туралы уағыздалады. «Ағраф» сүресiнiң 57-шi аятында:
«Алла өзiнiң рақымы (болған жаң­быр) келер алдында жел соқтырып, сүйiншi хабарын жiбередi. Жел ауыр бұлттарды көтерген кезде оны өлi (қуаң) жерлерге жөнелтемiз де, жаң­быр жаудырып, әртүрлi жемiс-жидек өндiремiз. Сол сияқты, өлiктердi де тiрiл­темiз. (Мұнан) әрине, ғибрат алар­сыңдар», делiнген.
Сондай-ақ, «Фатыр» сүресiнiң 9-шы аятында:
«Алла желдердi жiберiп, бұлтты қозғай­ды. Бiр бұлтты өлi жерге айдай­мыз. (Жаңбыр жауады) сол жаңбыр­мен жансыз қалған жердi қайта жандандырамыз. Өлiлердiң тiрiлуi де құдды осы тақылеттi», дейдi.
Құран аяттарында су нығметi теңiз, өзен, арық және жауын түрлерiнде ескерiлген. Құран кәрiм кiтабы әр жәндiктiң өмiрi суға тәуелдi екенiне сiлтеме жасап, көркем тiлмен жаңбыр­дың түсуi, соның берекесiмен өсiмдiк­тердiң шығуы жайында сөйлейдi.
«Алла сендерге егiндердi, зәйтүн, құрма, жүзiм және әртүрлi жемiстердi өндiрiп бередi. Ой жүгiртетiн қауым үшiн осыларда, әрине, (Алланың бар­лығына және құдiретiне) дәлелдер бар. Алла сендерге түн мен күндiздi, күн мен айды бағынышты еттi, жұл­дыз­дарда Алланың әмiрiмен бағынды­рылған. Түсiнетiн елге, әне, соларда толып жатқан дәлелдер бар. Алла жер жүзiнде жаратқан түрлi-түстi нәрсе­лердi (жануарлар мен өсiмдiктердi) де (сендер үшiн қызмет еттiрдi). Насихат алатын қауымдар үшiн әне соларда ғибрат бар. Сендер жас ет (балық) жесiн деп және тағынатын әсемдiк зейнет бұйымдарды (моншақтарды) шығарып алсын деп, Алла теңiздердi бойсұндырды. Алланың шапағатына қол жеткiзулерiң және оған шүкiр етулерiң үшiн, кемелердiң теңiзде толқын жара жүзiп бара жатқанын көресiңдер», дейдi («Нахыл» сүресi, 11,12,13,14-аяттарда). Қарап тұрсаңыз, жер бетi, көк аспан, теңiздер, күн, ай, өсiп-өнген егiндер мен талдардан бастап, жемiс-жидекке дейiн тек қана адам баласының игiлiгi үшiн берiлген.
Қасиеттi Құран жер бетiн адам тiршiлiгiнiң қойнауы деп бiлiп, ондағы артықшылықтар мен мүмкiндiктердi көп сөз етедi. Түрлi аяттарда табиғат Алланың туындысы екенi, Алланың жаратқан ғажайыптары екенi және құдiретiнiң белгiсi деп атап, олардың тәртiбi мен ұлылығын баяндап, Алла­ның рақымы және зор хикметiне Құ­ран оқырманының назарын аударады. Кейде Құран Кәрiм табиғат нығметте­рiнен мысал келтiре келе, адамның нәпсiсiн тәрбиелеуге және оның ғапыл­дықта қапы қалмауын насихат­тайды. Құран аяттарындағы назар аударарлық бiр жайт: осы аспаннан түскен Құран Кәрiм кiтабы адамдарды табиғатты дұрыс пайдалануға ынта­лан­дыруында. «Һуд» сүресiнiң 61-шi аятында былай дейдi:
«Ол, сендердi жерден таратып әрi онда өмiр сүргiздi».
Демек, бұл аятпен Алла тағала адам баласын жер жүзiнде бұзақылық iстеуден тыймақ. Табиғаттағы нығмет­тердi дұрыс қолданбау, оны игеруде шектен шығушылық немесе қоршаған ортаны ластау жер жүзiндегi бұзақы­лыққа жатады. Сондықтан адам табиғи нығметтердi парасаттылықпен игеруi керек. Өйткенi, табиғат алдында адамға бiрқатар мiндеттер жүктелген. Негi­зiн­де, адамның дiни мiндеттерi Алла тағаланың алдындағы, адамдар алдын­дағы, жануарлармен және қоршаған орта алдындағы қатынасы бойынша реттелген. Адамның Жаратқан Иесi­мен байланысы неғұрлым мықтырақ бол­са, өзгелердiң, сондай-ақ, табиғат­тың құқығын құрметтеуге көбiрек тал­пыныс жасамақ. Сондықтан Алла­ны бiлетiн және тақуа адам ешқашан өзгелерге зұлымдық етпейдi, табиғат­ты бүлдiрудi, әрi оған кесiрiн тигiзудi мақсат тұтпайды.
Айналадағы барлық нәрсе бiр мақсатпен тiзiлген. Күллi жаратылыс адамзатқа қызмет ету үшiн жаратыл­ған. Ол туралы қасиеттi Құранда:
«Ол өз тарапынан көктер мен жер бетiндегi барлық нәрсенi сендерге бойсұндырып бердi. Ой жүгiртетiн ел үшiн, осының өзiнде дәлелдер бар», – деген («Жасия» сүресi, 13-аят). Ендеше бiз мұсылмандар бұл берiлген сансыз нығметтерге шүкiршiлiк етiп, табиғат­тың әсем ғажайып сұлулықтарын неге аялап қорғамасқа?!
Сосын, табиғат әлемi адам баласына аманат ретiнде берiлген. Аманатқа қиянат жасамау да – мұсылманның бiр сипаты. Олай екен, табиғатты мұсыл­ман баласы жанындай қорғаштай бiлуi тиiс.  Бiр хадисте:
«Әңгiмелессе, өтiрiк айтады, уәде­лес­­се, уәдесiнде тұрмайды және ама­нат­қа қиянат жасайды», деп мұнафиқ яғни екi жүздi адамның үш сипатының қатарына аманатқа қиянат жасайты­нын да айтып өткен.
Дiн ислам мұсылмандарды таза­лық­қа шақыратыны айдай анық. Құ­ран­­да және Пайғамбарымыз саллал­лаһу аләйһи уәсәлләмның көптеген хадистерiнде тазалықтың маңыздылы­ғына арнайы тоқталған.
«Тазалық – иманның жартысы» де­ген хадис шәрiпте тазалық иманды­лығының айғағы екенiн көрсетiп тұр. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм адамдар жүретiн жолдың үс­тiне, тынығатын көлеңкелерде, әсiресе жемiстi ағаштардың түбiнде дәрет сындыруға болмайтындығы жөнiнде сахабаларға: «Екi түрлi қарғыс арқа­лау­дан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Әй, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген екен (Мүслим риуаяты).
Демек, бiз мұсылмандарға түскен мiндет – айналамыздағы қоршаған ор­та­ны таза ұстау. Ағаш отырғызып, табиғатты аялау. Негiзiнде мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қирату­шы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi. Өкiнiшке қарай, мұсылманшылықты бiлмегеннiң кесi­рi­­нен керiсiнше болып жатады. Мәсе­лен, көктем кездерiнде табиғат аясына сейiлдеуге шыққанда, қоқыс­тарды шашып, ағаштарды сындырып, теме­кi­нiң қалдықтарын қалдырып, тiптi оны өшiрместен тастап кеткеннiң кесiрiнен орман алқаптары өртенiп, осылайша табиғатқа керi әсерiн тигiзiп жата­тындар да кездеседi.
Бiзге қызмет ету үшiн берiлген табиғатқа қиянат жасау сорақылық емей немене? Өйткенi, әр нәрсенiң залалы өз басымызға келмесiне кiм ке­пiл? Сондай-ақ, қияметте бұл iсiмiзден сұралатын боламыз әрi жазасы өте ауыр болмақ. Алла тағала қасиеттi Құранда осы берiлген шексiз нығмет­тердiң о дүниеде сұрауы бар екенiн ескертедi. Онда:
«Ырыс-дәулеттерiңнен (берiлген нығметтерден) әлбетте сұраққа тарты­ла­сыңдар» деген («Тәкәсүр» сүресi, 8-аят). Ал даналарымыздың «судың да сұрауы бар» деуi осыған саяды.
Келесi бiр тұрғыдан қарағанда, жа­рат­қанның разылығы үшiн жаратқан­дарына сүйiспеншiлiкпен қарау да – құлдық мiндетiмiз. Бұл дүние нығмет­терiнде өзге де жаратылыстардың хақысы бар. Олардың хақысына қол сұғу қияметте ауыр есеп берудi керек етедi. Өкiнерлiк жағдай – адам баласы­ның пайдасы үшiн жаратылған бар­лық нәрсе адамдар тарапынан қыр­ғын­дыққа ұшырап жойылып жата­тын­дығында. Кеше ғана тұрған нәрсе бүгiн жоқ. Қазiргi таңда адамдар таби­ғатқа «байлық деп немесе табыс көзi» ретiнде қарауының нәтижесiнен осын­дай өкiнiштi жағдайлар туындап отыр.
Демек, бауырлар! Ислам дiнi тек мiнәжат етуден тұрмайды. Негiзiнде айналамыздағы табиғатқа мейiрiмдi­лiк­пен қарайтын болсақ, бұның өзi – Алла тағаланың құзырында құлшы­лық һәм үлкен сауап.
Алла тағала адамдардан өзiне тап­сырылған аманатты, яғни жердi абат­тандыруын сұрайды және оны әрқан­дай бүлiнушiлiктен қорғауға шақы­рады. Сол себептi дiн тағылымда­рын­да осы байлықтарды пайдалану­дың өзiнше ережелерi мен заңдары бар.
Құран тағылымдарындағы табиғат­ты пайдаланудың алғашқы және ең маңызды қағидасы ысырап етпеу және шектен шықпау болып табыла­ды. Алла тағала түрлi аяттарда iшiп-жеңдер, бiрақ ысырап етпеңдер деп тапсырады. Ысырапшылдық және табиғи байлықтарды зая кетiру жаратылысқа, үстем жүйеге қайшы келедi. Өйткенi, Алла бар нәрсенi өлшеп, белгiлi дәрежеде жаратқан. «Қамар» сүресiнiң 49-шы аятында:
«Шын мәнiнде әр нәрсенi бiр өл­шеумен жараттық» –  дейдi. Сон­дықтан табиғи байлықтарды шектен тыс пай­далану әлемдегi тәртiптi және ондағы тепе-теңдiктi бұзуы әбден мүмкiн. Қоршаған ортаға қатысты маңызды бiр қағида өзгенiң зиянына соқты­ратын iстi iстемеу болып табылады. Алла тағала жаратылыс жүйесi бойын­ша, адамзат­қа арнап жаратылғанын баса айтып, адамды осы жүйеде бұзақылық жасау­дан тияды. Өйткенi бұл iс табиғат нығ­меттерiн пайдала­нуға хақысы бар өзге кiсiлерге зияны тиюге себеп болмақ. Алла тағала құр­лық пен теңiздегi бұ­зық­тықты адам­дардың орынсыз iсте­рiнiң нәти­жесi деп бағалайды.
Дiн тағылымдарда табиғи байлық­тардың сарқылуына немесе оның бүлiнуiне әкелетiн кез келген әрекет­ке жол жоқ. Ислам дiнiнiң көзқарасы бойынша, табиғи нығметтердi игеруде әдiлеттi болу керек. Басқаша айтқанда, қоршаған ортаның құрып кетуiне не­месе ластануына әкелетiн және қазiргi шақта әрi келешекте адам өмiрiне қиындық туғызатын табиғатты пайда­лану жөнiндегi әрқандай әрекетке тыйым салынады. Ислам – қоршаған ор­таны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғат мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселе­лер­дiң өзi қарастырылмаған-тұғын.
Исламдық хадистер мен рауаяттарда қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi қуатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда қуатталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылды­рыл­ған. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi:
«Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, қиямет қайым басталып кеткенше қолындағы көшеттi егуге үлгiретiн шама болса, соны дереу отырғызып үлгерсiн»  – дейдi (Бухари риуаяты). Бұл жерден ағаш егудiң өте маңызды екенiне көз жеткiземiз. «Ардақты пайғамбарымыз үш нәрсе көздiң нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз қолымен құрма ағашын егiп, мұсылмандарды солай iстеуге шақырып: «Қандайда бiр мұсылман ағаш егiп немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, құрт-құмырсқа­лар мен құстар жеп азықта­натын болса-дағы, мiндеттi түрде өзiне сауап ретiнде керi қайта­ды», – деген. Байқа­ғаны­мыздай, Құран мен сүннетте жасыл желектi ағаштарға да баса назар аудар­ған.  Ағаштың және ормандар­дың тек қана адамдар үшiн емес, сонымен бiрге жан-жануарлар үшiн де пайдасы орасан зор. Өйткенi, жан-жануарлар­дың ба­сым көпшiлiгi­нiң паналайтын жерi – ағаштар мен ор­манды алқаптар.
Имам Ахмад Әбу Дардаъдан риуаят еткен хадисте: «Әбу Дардаъ бiрде Да­маск қаласында көшет отырғызып жат­са, оны бiр кiсi көрiп: «Пайғам­бардың сахабасы бола тұра бұл iстi iстегенiң қалай?» дейдi. (Яғни ол кезде сахаба­лардың көбi дүниеден өтiп, азшылығы ғана қалған, елдiң арасында сахаба­лардың абыройы патшалардай зор. Сондықтан сахаба деген абы­ройың бар, көшет егiп абыройыңды түсiрiп не қыласың? Абыройыңа нұқ­сан келедi ғой дейдi әлгi кiсi.) Оған Әбу Дардаъ: «Асықпа, сабыр ет: мен Пай­ғамбары­мыздың: «кiм бiр тал ексе, одан бiреу келiп жесе немесе саясында дем алса, сол себептi ол адамға садақа болып жетiп тұрады», дегенiн естiгем», дейдi.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз саллал­лаһу аләйһи уәсәлләм мұны тек ай­тып қана қоймай, iс жүзiнде де дәлел­дей бiлген. Оған тарихтан дәлел ретiн­де айтар болсақ, Алла елшiсi саллал­лаһу аләйһи уәсәлләм Меккеден Мәди­наға көшiп келген кезiнде Мәди­наның батпағын кептiру үшiн айнал­дыра ағаш еккiзгенi мәлiм. Жақсының жақсы­лы­ғын айт нұры тасысын дейдi халқымыз. Елбасымыз да Алматыдан Астанаға көшiп келген жылдары Аста­наны айна­лдыра ағаш отырғыздырмап па едi? Бұл амалын сүннеттi, пайғамбар iсiн жан­дан­дырыпты десек, артық емес шығар.
Мiне, осы секiлдi ағаш батпақты ғана кетiрiп қоймай, ауаны да тазарта­ды, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Күнде­лiктi қолданып жүрген материалда­ры­мыз­дың көбi осы ағаштан жасалады.
Табиғатты қорғау дегенiмiз – қа­зақтың ұғымындағы өзiнiң ұлттық дәстүрi бойынша «атаңнан мал қалған­ша, тал қалсын» деген нақылға сүйене отырып аялау, табиғатты қорғауға және оны тиiмдi пайдалануға үйрету, мейiрiм көзбен қарау. Қорыта айтқан­да, Алла тағаланың разылығы кейде үлкен нәрседе, кейде орташа нәрседе, ал кейде кiшкене нәрседе жасырынып тұрады. Ашуы да дәл солай. Олай бол­са, Алланың барша жаратқанда­рына мейiрiм-шапағатпен және сүйiс­пен­шiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiспiз. Ислам дiнi барша тiр­шiлiк иелерiне, яғни адамдарға, жан-жануар­ларға, тiптi өсiмдiктердiң өзiне рақым­дылық танытуға, сүйiс­пен­шi­лiк­пен мәмiле жасауға бұйырады.
Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләмның «Адамдардың ең жақсы­сы – басқаларға пайдасы тигенi» дегенiн де жадымыздан шығармаған дұрыс. Тағы бiр хадисте: «Бiр адам бiр ағаш отыр­ғызса, дәптерiне отырғызған аға­шы­­ның жемiсiндей сауап жазыла­ды» дейдi.
Тiптi, еккен ағашымыздан адамды қойып, жануар-жәндiктердiң өзi пайда­ла­нып жатса, оларға бiздiң берген садақамыз болатындығын Пайғамба­ры­мыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан. Онда:
«Бiр мұсылман бiр ағаш отырғызса немесе бiр нәрсе ексе және одан бiр құс, бiр адам немесе жануар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» деген (Бухари риуаяты). Пайғамба­рымыз (с.ғ.с.):
«Адам қайтыс болғанда үш түрлi амалынан басқасының бәрi тоқтайды: ел игiлiгiне жарайтын жария садақа, елге пайдалы iлiм, дұға жасайтын iзгi ұрпақ» дейдi. Дәл осы хадистегi өлген­нен кейiн де сауабы тоқтамайтын жария садақа ол – тал егу, бауырлар. Одан қапы қалмаңыздар!
Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау – өз қолымызда. Алла тағала әрбiр жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемiсiн екi дүниеде жеудi нәсiп етсiн. Әмин!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
С.Ғылмани мешiтiнiң Бас имамы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fifteen =