ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

0 103

Астананың күн өткен сайын көркем бір күйге еніп келе жатқанын көбіміз көріп жүрміз. Арқаның тұмса табиғатына малынған қала қазіргі уақытта қызылды-жасылды гүлдермен безендіріліп, биік-биік ағаштармен абаттандырылған. Елорданың болашақтағы болмысына күмәнмен қараудың өзі күнәлі болмаса да, кінәлі іс сияқтанады да тұрады.

Сөрелері табиғи таза тауарлармен сірескен неше түрлі маркеттер, табиғи газбен от алатын қоғамдық көліктер… автобустар, таксилер – барлығы бірдей Астананың алға қойған негізгі мақсаттарының қандай екенін айқындап тұр емес пе?! Оның үстіне, қаланың ішкі тазалығын қамтамасыз етуге жұмылдырылған сан алуан техникалардың, сондай-ақ жүздеген жұмысшылардың қара жерге қылтанақ қалдырмай тынымсыз еңбек етіп жатқанына да куәміз.

Кейбір сарапшы-мамандардың соңғы жылдары жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, әлемдегі ең таза қала Швеция астанасы Стокгольм болып саналады екен. Стокгольм – экологиялық таза, көгалдандырылған және тұрғындардың тұрмысына өте қолайлы қала. Бұл қалада қоқысты жинау мен өңдеу жақсы жолға қойылған және көшелерінде көлік кептелісі болмайтын көрінеді. Қаладағы жаңадан салынған «Хаммарбю Шёстад» секілді жаңа аудандарын шетелден барған туристер арнайы тамашалайды екен. Себебі, қала орталығына жақын маңда орналасқан аудан бұрынғы жылдары өндіріс аймағы болған деседі. Шведтер бұл жерден зауытты көшіру мен аймақты тазалауға 150 миллион крон шығарып, орнына ғаламат ғимараттардың құрылысын жүргізу арқылы ауданды адам сенбестей өзгерткен. Сонымен қатар,  шведтер болашақта көлікке бензиннің орнына біз секілді биогаз пайдалануды жоспарлап отырған көрінеді. Ал, ауасы ластанған, қоқысы уақытында тазаланбайтын, көлік қатынасы нашар, көгалдандыру жұмыстары жөнді жүргізілмейтін қалалар тізімінің көш басында Қытай астанасы Бейжің орналасқан.

Негізі, таза қалалардың қатарын анықтаған кезде ауаның ластану дәрежесі, канализациялық жүйенің ахуалы, қоқыс қалдықтарының болмауы, ауыз суының таза болуы сияқты факторлар жіті қадағаланады. Экологиялық ахуалы жақсы әрі таза қалаларда тұратын халықтың мәдениеттілігі, этикалық тәрбиесі, тұрмыс деңгейі де ескеріліп отырады.

«Тазалық – иманның жартысы» деп жатамыз. Осы ретте қаламыздағы тазалықтың деңгейі көтерілген сайын халықтың да таным-түсінігі мен мәдениетінің, бір сөзбен айтқанда, имандылығының арта түскенін білуге болады. «Сәуір болмай тәуір болмайдыға» сенген елдің осы айда қаланы қоқыстан тазалауға жаппай жұмылуы – жақсылықтың басы ғана. Енді осы үрдіс жыл бойы жалғасын табады деген сенімдеміз. Алған бағытынан таймаса, Астананың әлемдегі ең таза шаһарлардың алдыңғы санатына қосылуы үшін аз ғана мерзім қалды. Сондықтан тазалық сақтауда қала тұрғындарының да қолдауы ауадай қажет-ақ. Дені сау ұрпақ пен ұлт жолында аянып қалмауды азаматтық борышымыз деп білсек, игі.

Нұрислам Құспанғали

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =