ТАЗА ҰРЫСТЫҢ ТАРЛАНЫ

0 105

Былғары қолғап шеберлерінің де түр-түрі бар. Бір боксшылар өзгеге де аямай соққы береді, өзі де алуындай алады, соңында жаңбырша жаудырған сол соққыларының көптігімен жеңіске жетеді. Тағы бір саңлақтар жойқын күшіне сеніп, қарсыласының талма тұсын тапжылмай аңдып жүреді, ақыры сол бір зарпының зілімен мерейін сол мақсатына жетіп тынады. Тағы бір тарландар болады, ұрыстың басынан бастап тізгінді өз қолына алады да, жекпе-жектің шегіне жеткенше, бәсекелесін «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап, оны ешкім шүбә келтірмейтіндей етіп өте таза ұтып шығады. Бұлар әріптесінен ылғи бір сүйем болса да алда жүріп, өз бойына пәлендей қатты соққы дарыта қоймайды. Бізге тап осы соңғы лектегі сайыпқырандар ұнайды.

Қай кезде де бокста мұндай хас шеберлер тым көп болған емес. Біз сол шоқтай шоғырдың қатарынан Олимпиялық ойындардың, әлемнің чемпионы, Азия ойындары мен Азияның екі дүркін чемпионы, әлемнің күміс жүлдегері, еліміздің үш дүркін чемпионы Данияр Елеусіновті де көрер едік. Бұл жағынан оны кезінде ринг төріндегі ғаламат сұлу ойынымен талайды тамсандырған Серік Қонақбаевқа, бергідегі Ермахан Ибрайымов пен Бекзат Саттархановқа ұқсатамыз. Шынында, Данияр өзіміз білетін шайқастарының бәрінде кімді жеңсе де, өзіне бір артық соққы жібертпей, өте бір таза, күмәнсіз қалыпта ұтып шығады. Сом алтыннан құйғандай дара тұлға сондай таланты арқасында бүгінгі таңда Астана спортшылары арасындағы ең даңқтысы болып отыр.
Қазір бір басында осыншалықты атағы бар боксшымыз әлі де жас. Ол биыл ғана 26 жасқа толды. Ал спорттағы жолын бұдан 17 жыл бұрын Оралда бастады. Кіндік қаны 1991 жылы 13 наурызда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Березовка (қазір – Қайыңды) ауылында тамған оғлан отбасы облыс орталығына көшіп келгеннен кейін секция табалдырығынан аттады. Бұл кезде әкесі Марат бұдан 5 жас үлкен ағасы Дәуренді жаттықтырып жүр еді. Сосын 2000 жылы жасы 9-ға толған кіші ұлын да сол топқа қосып жіберді.
Данияр көпшіліктің алдына алғаш шыға бастаған кезден өзінің шаршы алаң үшін туған шандоз екенін танытты. Жанкүйер қауым оны алғаш рет 2006 жылғы 3-13 тамыз күндері Ыстамбұл қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында көрді. Сол жолы 46 килоға дейінгі салмақта сынға түскен 15 жасар бағланымыз жолында кездескен украин Дмитро Булды, әзербайжан Бахтияр Надировты, белорус Евгений Петуховты, орыс Александр Кузнецовты түгел нокаутпен ұтты. Осыдан кейін, бір жыл өткесін, Марат Елеусінов ұлдарына жаттығуға жақсы жағдай жасау үшін Астана қаласына көшіп келді.
Міне, сол 2007 жылдан бері Данияр жарыстардың бәріне елорданың атынан қатысып келеді. Ол мұнда өзінің ересектер арасындағы бірінші чемпионатында да өте жақсы қырынан танылды. 2010 жылы қаңтар айында Есілдің бойындағы қалада жалау көтерген сол біріншілікте біздің боксшы 5 ұрыс өткізіп, бәрінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сонда 18-ден жаңа асқан бозбала боксшыға қарсылық көрсете алмағандар қатарында Айдар Шәрібаев, Әділет Егізеков секілді спортшылар болды. Келесі жылы Алматыда жалау көтерген ел чемпионатында Данияр 4 бәсекелесін айбыны аса жүріп ұтып шықты. Ал 2012 жылы елордада керуен керген рес­публикалық сайыста тағы бес қарсыласын бет қаратпай жеңді. Бұлардың арасында Сағадат Рахманқұлов, Мәдияр Әшкеев, Манат Өмірзақов және Бақытжан Қожабеков сынды танымал қарсыластары бар еді.
Осы жылы Данияр тұңғыш рет Олимпиялық ойындарға қатысып, Лондонның төрінде өнер көрсетті. Бұған ол сәуір айында Астанада өткен квалификациялық турнирде 4 талапкерді жеңіп, жолдама алу арқылы қол жеткізді. Альбион жерінде біздің саңлақ әуелі екі қарсыласы – америкалық Ямал Херринг (19:9) пен ирандық Мехди Толоутиді (19:10) тізе бүктіріп, үшіншісінде итальян Винченцо Мангикапреге тартысты талас үстінде жол беріп қойды – 12:16. Негізі, бұл шайқаста кімнің айқын ұтқаны белгісіз болып қалды.
Данияр осыдан кейін ірі халықаралық жарыстарда бір-ақ рет қана қарсыласына жол берді. Ол алдымен жаңағы итальян боксшысынан 2013 жылы қазан айында Алматыда өткен әлем чемпионатының ширек финалында әдемілеп есе қайырды. Осы чемпионатта ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен, жаңа санақ бойынша 3:0 есебімен ұтып шықты. Ал жалғыз жеңілісіне де осындай әлем чемпионатында тап болды. Сайыс 2015 жылғы қазанда Катардың астанасы – Доха қаласында өтті. Жолай үш бәсекелесін 3:0 етіп, қиналмай сүріндірген Данияр финалда марокколық Мохамед Рабииге есе жіберіп алды.
Таза ұрыстың тарланы бұдан басқа жекпе-жектерінің бәрінде де қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Бұл жағдай 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоуында, 2014 жылы Кореяның Инчхонында қанат жайған Азия ойындарында да, 2013 жылы Иорданияның Амманы мен 2015 жылы Таи­ландтың Банкгогында өріс алған Азия чемпионатында да қайталанды. Ал өміріндегі ең ірі жеңіске Данияр былтыр, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жалау желбіреткен Олимпиа­дада жетті. Ол соңғы бес ойындардан бері Қазақстанның меншігі сияқты болып келген 69 килоға дейінгі салмақта топ жарып шықты.
Риодан кейін Данияр өзінің бағын кәсіпқой бокста сынап көрмекші болған. Сөйтіп, қазір сол салада жүрген ағасы Дәуреннің жолын қумақшы еді. Сол мақсатта ол биылғы ақпан айында АҚШ-қа да аттанған. Сонда Top Rank проу­мотерлік компаниясымен контракт жасасып, отбасымен мұхиттың арғы жағына жол тартқан. Бірақ жақында ғана Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Даниярдың еліміз таңдаулылары қатарына қайтып оралғанын мәлімдеді. «Иә, Данияр құрамаға қайтып оралуға тілек білдірді, – деді ол. – Біз қарсы болмадық. Мен кетер кезінде-ақ оған біздің есігіміздің өзі үшін қашанда ашық екенін айтқан болатынмын».
Осыдан кейін біз Даниярдың өзімен де хабарласқан едік. Ол бас бапкердің айтқанын растады. Бірақ әзір жаттығуға кірісе қоймапты.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 3 =