Таяу Шығыс: Жаңа соғыстың қаупі қандай?

0 72

Иран Ислам Республикасының (ИИР) көрнекті қайраткері, генерал Қасым Сулейманидің тікелей АҚШ президенті Д.Трамптың тапсырмасымен өлтірілуі Таяу Шығыстағы ахуалды одан әрі шиеленістіріп жіберді. 3 қаңтарда Бағдатта америкалық ұшақтың әуедегі соққысынан опат болған генерал ИИР-дың әскери көшбасшысы және соғыстың сәулетшісі іспетті үлкен тұлға болатын. Біз төменде Қасым Сулеймани өлімінің салдары аймақтағы ахуалға қалай әсер ететініне талдау жасап көрдік.

Кек туын көтерді

Иран Ислам Республикасының жоғары көшбасшысы ­Аятолла Әли Хаменеи генералдың өлімі үшін АҚШ-тан кек қайтаратынын ашық айтып, елде үш күндік аза тұту күнін жариялады. Аятолла Хаменеи Ирандағы аса ықпалды тұлға болған Сулейманидің орынбасары Ысмаил Кааниді «Әл-Құдыс» арнайы әскери бөлімшесіне жаңа басшы етіп тағайындады. Бір анығы, көптеген ирандықтар АҚШ-тың бұл жолғы шабуылын өз еліне жасалған терроризм деп айыптады. Ресми Тегеран да Вашингтонның әбден шектен шығып, басынғанын ашық айтып, қылмыскерлерді қанды кек күтіп тұрғанын жеткізді.

АҚШ солдаттары соғысқа дайын

Америкалықтар Сулейманиді өлтіру арқылы Иранның жүрек тұсына қанжар сұқтық деп масайрады. Қос тарап бір-бірімен соғысуға дайын екенін алдын ала мәлімдеп үлгерді. Иранның Әбухамзе деген генералы ­Сулейманидің кегін қайтару үшін АҚШ-тың парсы шығанағындағы 35 нысанын нысанаға алып отырғанын хабарлады. Ал Дональд Трамп Твиттердегі парақшасында АҚШ-тың Иранның аса маңыз­ды 52 стратегия­лық нысандарына шабуылдауға дайын екенін жазды. Тіпті, ИИР-дан қаймыққан Ақ үй қару-жараққа 2 трлн АҚШ долларын жұмсады.
Онымен қоймай, жуырда Ақ үй әкімшілігі Таяу Шығысқа ­қосымша 3,5 мың солдаты аттанатынын хабарлады. Америкалық сарбаздар Иранның тарапынан жасалатын шабуылдарға сақадай сай тұрмақшы. Сонымен қатар, Ирактағы соғыс туралы құпия мәліметтер оқыстан жария болды. Осы құжаттарда АҚШ-тың сонау 2006 жылы Сулейманиді өлтірмек болып, жоспар құрғаны жазылған.

Сауд Арабиясы: «Біз де соққы беруге дайынбыз!»

Өткен жылы Тегеранның Сауд Арабиясы корольдігінің мұнай танкерлеріне бірнеше рет соққы бергені мәлім. Іле-шала ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар Сауд Арабиясының мұнай нысандарын тағы бомбалады. Бұдан елдің мұнай өндіретін қуатының жартысына жуығы істен шықты. Йемендік хуситтер: «Бұл біздің жасаған ісіміз» деп мойындағанымен көптеген саудиялық сарапшылар соққыларды Тегеран жасады деп айыптады. Алайда, Сауд Арабиясы жауап соққысын жасаған жоқ. Оның одақтасы Вашингтон да үнсіз қалды. Демек, саудиялықтар да кеткен есесінің орнын толтыратын оңтайлы сәтті күтуде.

Израиль соғысқа дайын

Сулейманидің өлімі туралы хабар-ошар алған күні Израиль үкіметі әскер және арнайы қызмет басшыларымен жедел жиын өткізді. Барлау қызметі мен әскери күштер толық әскери дайындық қалпына көшірілді. Иран аймақтағы алғашқы соққыны АҚШ-тың ең сенімді одақтасы – Израильге жасайды деп болжады саяси жауырыншылар. Айтпақшы, 3 қаңтар күні Хермон тауындағы тау шаңғысы шипажайы, Голан тауы демалыс орны жабылды.

Ирактағы ахуал одан әрі шиеленісуде

Ирандықтармен бірге қазір ирактықтар да аза тұтуда. Өйткені америкалықтардың әуе шабуылынан Қасым ­Сулейманимен бірге Ирактың беделді әскери қолбасшысы Әбу Махди Мухандис де жер жастанды. Мухандистің өлімі онсыз да соғыс­тан көз ашпаған Бағдаттағы ахуалды одан әрі шиеленістіруде. Әскери қолбасшылардың өлімі туралы қаралы хабар естісімен Ирактағы бірнеше әскери топ жетекшілері АҚШ-тан кек қайтаратынын айтып, ант берді. Мұндай жағдай Ирак аумағындағы америкалық әскери базаларға төнетін қауіп бұлтын қоюландыра түсті. Ол базаларда қазір 5 мыңға жуық америкалық солдат бар. Тек ирактық шейіттердің рухани көсемі Аятолла Әли ­Систани ғана барлық тараптарды асықпай шешім шығаруға үндеді. Себебі Ирактағы ахуал онсыз да мәз емес.

Генералдың кегін қайтару

5 қаңтарда Иран үкіметі ядролық келісімдер жөніндегі шектеулерден бас тартатынын жариялады. Бұл келісімге 2015 жылы 7 мемлекет қол қойған еді. «Иран ядролық келісімдер бойынша шектеулерден түпкілікті бас тартады. Біз ядролық бағдарламамызды ешқандай да қысқартпаймыз! Алайда бізге салынған экономикалық санкциялар шегеріліп, еліміздің мүддесі ескерілген жағдайда ғана МАГАТЭ-мен ынтымақтас­тық қарым-қатынасымызды жалғастырамыз» делінген хабарламада.
8 қаңтарда Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын атқылады. Атап айтқанда, «Ислам төңкерісі күзетшілерінің корпусы» атты Иран әскерінің элиталық бөлімшесінің 10-нан аса зымырандары Ирактың батысындағы Эйн-әл-Асад әуе­базасы мен солтүстіктегі Эрбил аэродромына бағытталды. ­Зымырандық шабуылдан бірнеше истребительдер қирап, адам шығыны (бірақ саны белгісіз) болған. Ирандық әскерлер бұл операцияны марқұм генерал ­Қ.Сулейманидің құрметіне «Азапталушы Сулеймани» деп атады.
АҚШ президенті Д.Трамп бұл шабуылға «бәрі жақсы» деген ишарат жасады. Өзінің Твиттердегі парақшасында ол шабуылдан болған зардаптар мен құрбандар анықталып жатқанын жазды. «Қазір біздің әскери қуатымыз әлемдегі ең бірінші орында!» деп күпінген Трамп ресми мәлімдеме жасайтынын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 6 =