ТАЯНЫШСЫЗ ПАНДУС, ТАР ОРЫН

0 160

ERA_1635

«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы депутаттармен және мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бірқатар нысандарды тексерді.

Қоғамдық мекемелердің инфрақұрылымы мүгедектерге қаншалықты бейімделгенін көруді жоспарлаған тексеруші топ алдымен №65 мектепке барды.  Бұл – инклюзивті білім беретін қаладағы үш мектептің бірі. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер сау балалармен қатар оқиды.

«Біз жүргізген мониторингтің қорытындысына сүйенсек, инклюзивті білім беру мүгедек балалардың ортаға тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді.
Ал дені сау балалар оларға қамқорлық жасау арқылы адамгершілік пен мейі­рімділікті сезіне түсті. Демек, мұндай білім ошақ­тары бізге қажет» дейді
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов.

№65 мектептің мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған жағдайын депутаттар көңіл көншітерлік деп бағалады.  Тек бір кемшілігі, мүгедек арбасы көтерілетін пандустарда таяныштар тек бір жағында ғана орнатылған.  Әсілінде, ол қос қапталында да болуы керек. Сондай-ақ, арба бұрылатын алаңдар тегіс болу керектігі де ескертілді.

Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы бастаған топ теміржол вокзалына келді.

 Вокзалда мүгедектер көлігін қоюға арналған үш орын белгіленіпті.  Бірақ, бұл орындар талапқа сай болмай шықты. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау және лицензия­лау департаментінің директоры Қайрат Бейсенбаевтың айтуынша, мүгедектердің кедергісіз түсіп-шығуы үшін әр орынның ені 3,5 метрден кем болмауы керек. Департамент директоры өзі басқаратын мекеме салынып жатқан нысандардың жобаға сәйкестігін тексеретінін айта келіп, егер құрылыс жобасында мүгедектерге арналған пандустар қарастырылып, ол нысанда іс жүзінде болмай шықса, онда ғимаратты мемлекеттік комиссия қабылдамайтынын жеткізді. Ал, ертеректе іргесі қаланған қоғамдық ғимараттар мүгедектерге жағдай жасау  үшін қайта жаңғыртылмақ.

«Нұр Отан» фракциясының Парламент мәжілісіндегі өкілі, партияның партиялық бақылау комитетінің мүшесі Ирина Аронованың сөзіне қарағанда, бүгінде 700-ге жуық нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделіп қайта жасалған екен. Соның ішінде 30 нысан Астана қаласында орналасқан.

Енді «Нұр Отан» жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкімет және жергілікті атқарушы органдарға жолданатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =