Тәуелсіздіктің мызғымас тірегі

0 145

Биыл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың берік тұтқасы, азаматтардың құқықтары мен бостандығының кепілі, қоғамдағы саяси тұрақтылықтың бірден-бір тірегі болып табылатын Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде танылып, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Мемлекеттің зайырлылық ұстанымының нәтижесінде этносаралық және конфессияаралық алауыздыққа жол бермей, тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Осы мәселелерге байланысты Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Жанбота ­ҚАРАШОЛАҚОВ өз пікірін білдірді.

– Алдымен азаматтық қоғамның дамуының жаңа сатысына аяқ басқан еліміздегі Конституцияның рөлі туралы айта кетсеңіз.
– Алдымен барша қазақстандықтарды келе жатқан ұлық мерекеміз – Конституция күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда уақыт талабы адамның жеке құқығы мен бостандығын және оны қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметін нақты айқындау мақсатында қолданыстағы Конституцияны одан әрі жетілдірудің қажеттілігі туындады.
Осыған орай, 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қазіргі Конституция қабылданды. Конституция – ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқының еркiндiк пен теңдiкке және татулыққа негізделген бейбiтшiл азаматтық қоғам құрып, бақытты өмір сүруінің кепілі және сан ғасырлар бойы аңсап қол жеткізген тәуелсіздіктің тірегі.
Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің түбегейлі принциптерінің бірі қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық екені белгілі. Ал қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму және қазақстандық патриотизм тәрізді принциптердің бәрі Конституцияда көрініс тапқан.
– Конституцияның дін саласындағы тұрақтылықты сақтау­дағы рөлі туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Конституцияның 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Яғни заңға қайшы әрекеттер жасамаса, қоғамның кез келген саласында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары шектелмейді.
Сонымен қатар, Конституцияның 22-бабына сәйкес әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Азаматтардың өзі қалаған дінді ұстануы немесе ешқандай діни ұстанымдарды қабылдамай, атеистік көзқараспен өмір сүруі оның конституциялық құқы болып табылады. Ешкімді нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасы мен нанымына байланысты кемсітуге жол берілмейді. Мемлекетіміздің зайырлылық сипатына сәйкес қоғам мүшелері өзге азаматтардың діни ұстанымдарына құрметпен қарайды. Толеранттылық қағидаттарына сай бүгінде елімізде 18 конфессияға жататын 3816 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары діни алауыздыққа жол бермей, бейбіт өмір сүруде. Осының бәрі діни тұрақтылықты сақтаудағы Конституцияның маңызды рөл атқаратынына дәлел болады.
– Қоғамда дін саласында кейбір мәселелер бойынша шектеу­лердің бар екені белгілі. Осы туралы не айтар едіңіз?
– Әрине, еліміздің азаматтары заң аясында құқықтарға ие болып қана қоймай, оларға белгілі бір міндеттер де жүктеледі. Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 34-бабының 1-тармағында әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті деп нақты көрсетілген. Азаматтар өздерінің бос­тандығы мен құқығын пайдалану барысында өзгелердің құқықтары мен бастандығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Егер олар заңға қайшы әрекеттерге жол беретін болса, шектеумен қатар, түрлі жауапкершілікке тарту шаралары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, жат идеология­ның таралуына тосқауыл қою мақсатында кез келген діни сипаттағы материалдар арнайы дінтану сараптамасынан өткізіледі. Тиісті сараптамадан өткен діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату арнайы рұқсат етілген орындарда ғана жүзеге асырылады.
Өзіңіз көріп отырғандай, аталған шектеулер азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келтірмейді, керісінше, олардың бостандығы мен құқығын қорғауға және дін саласындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
– Дін атын жамылған теріс ағымдар әрекеттерінің салдарынан кейбір азаматтардың санасы экстремизм идеологиясымен уланып, дәстүрлі құндылықтардан бас тартуда. Осындай жағдайлардың қоғамдағы діни тұрақтылыққа тигізетін теріс әсерін қалай бағалайсыз?
– Жалпы, қалыптасқан құқық­тық және моралдік нормаларға қарсы кез келген жүйелі әрекеттер қоғамға қауіп төндіреді. Ал егер ол әрекеттер ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтардан бас тартуға әкеліп соғатын болса және бұл әрекеттердің артында соқыр сенімге негізделген діни сипаттағы идеология тұрса, ол қоғамның тұрақтылығына орасан зор нұқсан келтіреді.
Теріс идеологиямен санасы уланған кейбір азаматтар экстремистік ұйымдардың қолшоқпарына айналып, елдегі тыныш өмірін тәрк етіп, Сирияға сапар шегіп, қақтығыс аймақтарында көз жұмды. Өкініштісі, діни сауаты төмен адамдардың күмәнді уағыз­шылардың айтқанын шынайы ақиқат ретінде қабылдап, солардың ар­бауына түсіп, олардың көздеген мақсатына жету жолындағы құралға айналғандарын түсінбейді.
Осыған орай, мемлекет тарапынан діни тұрақтылық мәселесінің өзектілігін ескере отырып, діни экстремизм қаупінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде.
– Өзіңіз басқарып отырған Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.
– Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы қызмет барысында жоғарыда аталған заңнамалық актілермен қоса, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын басшылыққа алады.
Осының негізінде орталық мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайыр­лы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытында қызмет атқарып келеді.
Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы білікті мамандардың, соның ішінде дінтанушылар мен теологтардың, психологтардың қатысуымен мақсатты топтар арасында ­экстремистік идеялардың таралуының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
COVID-19 пандемиясы кезінде жарияланған карантин режимінде орталық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын онлайн форматқа көшіріп, діни экстремизмнің алдын алу және халықтың антитеррористік санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғас­тырылды.
Атап айтқанда, жыл басынан бері 191 іс-шара өткізіліп, 25787 адам қамтылды. Соның ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында мақсатты аудитория­мен 69 кездесу өткізіліп, 3682 адам қамтылса, карантин кезінде 122 онлайн-дәріс өткізіліп, 22105 адам қамтылды.
Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қала қонақтарының дін саласындағы сұрақтарына жа­уап беру мақсатында «109 – сенім телефоны» ашылып, Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының әлеуетімен жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен жөн.
Орталықтың білікті мамандары, теологтар, дінтанушылар және психологтар дін саласындағы кез келген сұрақты жауапсыз қалдырмай, хабарласушының жағдайын барынша түсініп, тиісті кеңес беруде.
Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарынан бөлек әлеуметтік жобаларды да жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың сәуір айында орталық базасында медициналық бетперде тігетін цех іске қосылып, нәтижесінде әйел жамағаты тарапынан 10 адам жұмыспен қамтылды. Ал цехта әзірленген дайын өнімдер Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қайырымдылық көмек аясында тегін таратылды.

Әңгімелескен
Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 1 =