ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТУ ЕТКЕН ТУЫНДЫ

0 227

Мәңгілік елТағдырдың жазуымен жат жұртта дүниеге келсе де, туған жері – Моңғолияда 40 жыл бойы басшылық қызметтерді атқарып, Еңбек сіңірген байланысшы, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі атанған Үзбен Құрманбайұлы 2011 жылы атажұртына қоныс аударып, елорданы мекен етуде.

Үзбен аға 1989 жылдан бері Қазақстанның басылымдарына 40-қа жуық мақала жазды. Шет мемлекеттерде де елімізді насихаттады. Соның арқасында жақында «Профи Медиа» бас­пасынан «Мәңгілік ел» атты тарихи-публицистикалық кітабы жарық көріп, Ұлттық академиялық кітапханада тұсаукесер рәсімі өтті.

Бұл алғашқы туындысы емес, осыдан тоғыз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арнап «Оралған бақыт, орындалған арман» кітабын шығарды.

Жаңа кітап туралы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, жазушы Әлібек Асқаров былай дейді: «Қазақ елі егемендігін алып, дербес мемлекет болуын ертеден армандаған қандастарымыздың бірі Үзбен Құрманбайұлы Қазақстан бұл дүниеде «Мәңгілік ел» болып өтсе екен деген ақжүрек, адал ниетімен қазақтың елдігіне, Елбасының ерлігіне арнап «Мәңгілік ел» кітабын жазып, барша қауымға ұсынды. Қазақ елінің егемендігін нығайтып, тәуелсіздігін жаңғырта, елімізді мәңгілік ел етудегі Елбасының ойлары, сындарлы саясаты, тынымсыз еңбегімен ұштасқан автордың ой-пікірі баршамызды, соның ішінде еліміздің ертеңгі тұтқасы болатын жас ұрпақты да бейжай қалдырмасы анық».

Кітаптың алғысөзін жазған қоғам қайраткері, ақын, композитор Әкім Ысқақ: «Автор «Мәңгілік ел» кітабында жалпы қазақ халқының бастан кешкен ауыр азаптары мен оның себептері, тәуелсіз мемлекеттің жеңісі мен жетістіктері, оның жасампаз басшылары жайында, өзінің көрген, білген, көңілге түйгендері жайында сыр шерте келіп, Қазақстан мәңгілік салтанат құратын мүмкіндікке қол жеткізді, ғасырлар бойы армандаған осы жетістікті баянды етіп, мәңгілік ел болу үшін енді не қажет, не істеуге тиіспіз деген көкейтесті мәселелер жөнінде ой-пікірлерін ортаға салып отыр. Кітапта оралғандар мен орала алмай жүр­ген қандастарымыздың да нені қалап, тілеп отырғаны жөнінде  бүкпесіз мәселе көтерілген. Кітап сөзі ұлттық тәуелсіздікті түпкілікті орнықтыруға тарыдай болса да үлес қосады, ұлтжанды оқырманның қалауына татитынына сенеміз» деген пікірін қалдырған.

Автордың өзі туындысы жайлы: «Кітап өз тарихымызды жан-жақты білейін, егемендігімізді баянды етіп, Мәңгілік Ел болып жасай берейік деп армандайтын қандастарымыздың қажетіне жарар деген үміттемін. Ұлт бірлігін нығайтуға қосылған үлес болса екен деген ынтызарлықпен жазылған осы кітап барша қауымның игілігіне жарасын!» дейді.

Айта кетейік, кітап «Тарих және тағылым: кешкен азап – келешекке сабақ», «Еңсесі биік егеменді ел», «Мәңгілік ел» атты үш бөлімнен тұрады. Сондай-ақ, «Бақыт пен байлық бағдарламалары», «Қазақстанның адам капиталы», «Астана медицинасы – алғы шепте», «Ұлы да ұлағатты Елбасы», «Тәуелсіздік көктен түсіп келген құндылық емес», «Ұлт бірлігі – ұрпақ тілегі», «Тіл билігі», «Зия-лылар ел тірегі, мақтанышы», «Мен» және халық», «Қанағат», «Жанұя жарастығы», «Өзімен- өзі өсіп жетілуі – Қазақтың аңсаған арманы» тарауларына бөлінген.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − ten =