ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ

0 130

Биыл – еліміз үшін мерейлі жыл. Азаттықтың ширек ғасыр тойы. Осы айтулы мерекеге байланыс­ты мемлекеттік жетекші арналардың бірі – «Хабар» агенттігі бірқатар жобаларды қолға алып, тәуел­сіздікке тарту жасап отыр.

img_5969

Таяуда ғана «Хабар» телеарнасынан көрерменге «Пай-пай, 25» деп аталатын әлеуметтік ток-шоуы жол тартқанын жақсы білеміз. Атының өзі алыстан шақырып тұратын бағдар­лама­ның мазмұны әдеттегі қасаң қағи­дадан өзгешелеу. Ойнақы, әуезді, айшықты. Онда еліміздің ширек ғасыр аралы­ғындағы толайым табыстары сараланады. Жұртшылық жіті біле бермейтін мәлімет­тер, қызықты оқиғалар мен тағылымды әңгі­мелер айтылады.
«Хабар» агенттігі» АҚ бас­қарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаевтың айтуынша, бағдарламаның «Пай-пай, 25» деп аталуы да тегін емес екен. Бұл – тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарға таңғалдырып, тамсандыратын жоба. Азаттықтың тарлан тарихына шолу жасайды. Бағдарламада бірнеше жанр бірігіп, әдемі үйлесім тапқан. Жүргізушілер астарлы әзілмен әсерлі әңгіме өрбітеді. Сондай-ақ, сарапшылар да пікір білдіріп, өз ойларымен бөлісіп отырады. Ток-шоудың тізгінін Қымбат Досжан, Серікзат Дүйсенғазин, Айгүл Иманбаева, Нұрсұлтан Құрман және Дархан Әбдуахит се­кілді танымал адамдар жүр­гізеді.
Сонымен бірге, «Хабар» агенттігінің тікелей ұйытқы болуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Экспедиция-25» жобасы қолға алынды. Жоба аясында түрлі салада қызмет ететін 12 азамат еліміздің әр аймағындағы жиырма бес мәдени-тарихи орындар мен ірі кәсіпорындарды аралап, елге еңбегі сіңген тұлғаларды насихаттауға сапарға шыққан.
Олар республика аумағы көле­мінде 25 000 километр қашық­тықта жол жүреді. Жоба әлі жал­ға­суда. «Экспеди­ция-25» бағ­дарламасы 10 қыр­күйектен бас­­тап телеарнадан көрсетіліп келеді.
Былтырдан бері «Хабар» теле­арнасынан «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясын қызыға қарап жүрміз. Ол туралы жұртшылықтың да пікірі жоғары. Өте бір көпшіліктің көңілінен шыққан сәтті жоба деп айтуға болады. Қойылымда халқымыздың басынан өткен ау­малы-төкпелі кезеңдер дәл суреттегідей бейнеленген. Осы қазан айынан бастап азат­тық­тың ширек ғасыр то­йына арналған жобаның екінші мау­сымы жарыққа шықты. Телеэпопеяның алғашқы мау­сымында XIX ғасырда ғұмыр кешкен үш буынның өмірі бейнеленсе, екінші маусым параллель сюжеттік желіге құрылған. Ондағы оқиғалар өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан басталып, еліміз тәуелсіздік алған кезбен астасады. Аталған туындының режиссері Мұрат Бидосовтың айтуынша, фильмдегі кейбір оқиғалар Ерік Байжүнісов деген азаматтың «Әке мұраты» деген шығармасының желісі бойынша алынған. Оның қасындағы Арман, Барбос деген достарының да прототипі бар. Тарихи эпопея Жамбыл облысындағы Мерке ауданында, Шу өзені мен Ала­тау бөктерінде, қалалық сюжет­тер Алматыда түсірілген. Эпопеядағы костюм мен деко­рацияның ерекшелігі де тартымды. Екінші маусымдағы 20 бөлімнің барлығы да Абайдың қара сөздерімен түйінделіп отырады. Фильмнің сценариін Арман Сқабылұлы, Сержан Зәкерұлы және Мұрат Бидосов жаз­ған. Ал музыкасын әнші-сазгер Сейфуллин Жолбарыс әрлеген.
Жалпы, жыл соңына дейін телеарна ұжымы «Тәуелсіздік толғауы», «Код нации» атты деректі фильмдер мен азаттық тойына арналған мерекелік бейнебаяндар мен роликтер да­йындап, жұртшылыққа ұсынбақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =