ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛНАМАСЫ

0 198

erm_3325

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астана әкімдігі мен «National Geographic Қазақстан» журналының ұйымдастыруымен азаттық алғаннан бергі тарихи оқиғаларды баяндаған  «Тәуелсіздік жылнамасы – 25» атты фотокөрмесі ашылды.

Айтулы көрмеге егемен еліміздің қалыптасу кезеңінен бастап, елеулі оқиғалар мен атаулы күндерді жанардан бір сәт қағыс қалдырмаған отандық және шетелдік фото­мамандардың 80-нен астам еңбегі ұсынылды. Фото­тіл­шілер өз туындылары арқылы туған жеріміздің бай тарихы мен мәдени мұрасы және даму келбетін көпшілікке кеңірек көрсетуді мақсат еткен. Ай­талық, көрмеден 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында Елбасының Тұңғыш Президент болып сайланған сәті, 1992 жылы 29-30 қыр­күйекте Алматыда өткен Дү­ниежүзі қазақтарының құрыл­тайы, елімізге алғашқылардың бірі болып келген Түркия президенті, марқұм Тұрғыт Өзалдың ресми сапары секілді бүгінде тарихқа айналған жылдарды есімізге түсірдік. Әрбір фотодан тәуелсіздіктің сабақты оқиғаларының шуақты сәттерін көресіз.
«Еліміз егемендік алған кезде мектеп оқушысы едім. Ол кезде Тәуелсіздік дегенді онша түсіне қойған жоқпын. Ал мына фотодан сол кездегі оқиға­ларды көріп, мемлекетіміз қандай үлкен даму жолынан өткенін түсіндім. Көрме маған қатты ұнады. Барлық туындылардан фототіл­шілердің кәсіби шеберлігі байқалып тұр» дейді көрмені тама­шалап жүрген Айгүл Арыстанқызы.
Сөз арасында айта кетейік, көрмені өткізуге ұйытқы болған «National Geographic» – әлемдегі ең беделді қоғамдық ұжымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған брендтің меншігіне бірқатар телеарналар, журналдар, баспа үйлері кіреді. «National Geographic-тің» бүгінде әлем бойынша 700 миллион аудиториясы бар. Басылым әлемнің 38 тілінде 80-нен астам елге тарайды. Журналдың мақсаты ғаламшарды аялауды насихаттап, оны қорғауға үндейді, жер шарының қайталанбас та­биғатының әдемілігін сақтауға шақырады.Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойына арналған көрме жыл со­ңына дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − two =