Тәуелсіздік жолы – Елбасы жолы

1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні

0 63

Жуырда елордада Мәжілістің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі» атты халықаралық конференция өтті. Биыл бейнеконференция форматында өткен форумға Вьетнам, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Еуропалық Парламент, ТүркПА парламенттерінің басшылары мен депутаттары қатысты.

Конференцияны ашып, сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды және оның парламентаризмін қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне тоқталды. Нұрлан Нығматулин Елбасымыз елімізді барлық қиындықтардан аман алып шығып, ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жүзеге асырғанын атап өтті. Спикер Тұңғыш Президент таңдаған, елімізді бүкіл әлемге танытқан тәуелсіздік жолы – Елбасы таңдаған жол екеніне тоқталды. Тәуелсіздіктің тарихында елдің дамуына зор үлес қосып келе жатқан қос палаталы Парламенттің қызметін атап көрсеткен Мәжіліс төрағасы: «Бүгінде біздің кәсіби Парламент қоғамдық пікірлер мен ашық сая­саттың мінбері болумен қатар, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, жоғары заң шығарушы органға айналды. Өзіне жүктелген әрбір міндетті абыроймен атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды қадамдарын, саяси, экономикалық, әлеуметтік бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етіп келеді» деді. Сондай-ақ спикер Қазақстан Парламентінің өркениетті елдердің заңнамалық органдарымен тең дәрежеде қызмет етіп, Елбасымыз айтқандай, нағыз демократия мектебіне айналғанын жеткізді. Ол Елбасының өзі негізін қалаған ашықтық, жауапкершілік, демократиялық процестерді одан әрі дамыту – бұл өзгермейтін парламенттік құндылықтар болып қалатынын қадап айтты.
Конференцияда сөз сөйлеген Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру, оның саяси жүйесін жетілдіру және тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегіне тоқталды. «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер болумен қатар, қытай халқының тілеулес досы ретінде ұзақ уақыттан бері екі ел арасындағы тату көршілік және достық ынтымақтастықты нығайтып, Қытайда жоғары беделге ие болып келеді» деді ол.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси даналығы, бай өмірлік және ел басқарушылық тәжірибесі Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамыту ісінде, халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуда, Еуразиялық кеңістікте көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде ұзақ жылдар бойы сұранысқа ие болатынын тілге тиек етті. «Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл өмірін өз еліне және халқына қызмет етуге арнаған тұлға» деп сөзін түйіндеді В.Володин. Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көзқарасы мен бастамалары бүкіл әлем үшін зор маңызға ие деп санайды. «Қазақстанның үдемелі дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияны, адам құқықтарын және заңның үстемдігін дамыту жолында қолға алған қадамдары маңызды орын алатыны сөзсіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың жолы – халқына дұрыс жол нұсқайтын, даналыққа толы жол» деді сарапшы. Халықаралық ұйымдар тек белгілі бір елдердің мүддесіне емес, барша адам баласының пайдасына қызмет етуі керектігін жеткізген М.Шентоп: «Елбасы, құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың да парламенттік дипломатияға осы тұрғыдан қарайтынын, осындай пікірде екенін білу біздің парламенттік дипломатияның нығая түсетініне деген сенімімізді арттырады. Қазақстан Парламентінің екі палатасының өкілдерімен әрі оңаша кездесулерімізде әрі халықаралық жиындарда жиі кездесіп, дос және бауырлас екі елдің ортақ мүдде мен бір мақсаттағы ынтымақтастығын жүргізіп отырмыз» деді ол.
Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бұл мерекені Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің беріктігі мен тиімділігін бағалаудың тамаша мүмкіндігі деп атады. Нурдинжон Исмоилов Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған көрнек­ті тұлға екенін айта келе: «Оның стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Тұңғыш Президент күнін мерекелеу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік тамырын тереңдете түседі» деген ойын жеткізді.
Сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының мүдделері үшін ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті. «Екі ел арасындағы стратегиялық өзара байланыс пандемияға қарамастан жоғары деңгейде қарқынды дамып келеді. Біз, екі елдің Парламенті өкілдері, мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз және өз құзыретіміз шеңберінде оны кеңейтуге үлес қосамыз» деп сөзін аяқтады Нурдинжон Исмоилов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eight =